Түркістан облысында тұтас бір ауыл ішімдіктен бас тартты

227

0

Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде арақ-шарап сатып алу мүмкін емес. Бұл туралы Stan.kz тілшісі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Ішімдіктен бас тартуға Жетісай ауданы Алмалы ауылында ақсақалдар ұсынған екен. Бірақ бұдан тойымыз азайып, көңіліміз кеміп қалған жайымыз жоқ дейді тұрғындар.
Алмалы ауылында алкогольді сусындарды табу – қиынның қиыны. Жергілікті дүкен иелері ішімдікті сатудан осыдан 10 жыл бұрын бас тартқан көрінеді. 160 үй түтінін түтетіп отырған ауылда осы уақыт ішінде «ұрттап тұратындардың» да саны азайып, қылмыс пен құқық бұзушылықтар дерегі де кеміген.
Алмалы тұрғыны Таңат Әмірхановтың айтуынша, алькогольді сатудан бас тартуға жерлесі Елеусін ата ұсынған.
«Барлығымыз бір ауыздан ол кісінің ұсынысын қолдай түстік. Енді біздің ауылда барлық жастар іспен айналысады. Қылмыс та азайды. Тұрғындардың көбі мүлдем ішпейді», – дейді ол.
Бұл ауылда көп жылдан бері Ақсақалдар алқасы қызмет атқарып келеді. Жергілікті қариялар тұрмыстық ұрыс-керістерді, тұрғындар арасындағы кикілжіңдерді шешіп, тіпті ажырасуға бел буған отбасыларын қайта табыстырып жатады екен.
«Көп мәселелерді ақсақалдар шешіп жатады. Біз үлкендерді сыйлаймыз, олардың айтқанына құлақ түреміз. Сондықтан барлық ұрыс-керістер бейбіт жолмен шешіледі. Үлкендердің шешімі талқыланбайды» , – дейді басқа алмалық Қайрат Қалдарбеков.
Жергілікті Ақсақалдар алқасы арагідік жиындар өткізіп, күн тәртібінде тұрған мәселелерді ортаға салады екен. Оның мүшесі Елеусін Жастаевтың айтуынша, ауыл ұлттымыздың сау, мықты болғанын қалайды.
«Пәленің көбі ішімдіктен болатыны белгілі. Біз бастама жасап едік, ауыл тұрғындары қолдады. Ауылда өмір тыныш, ұрлық-қылмыс жоқ, жастардың дәм-тұзы жарасып тұр», – дейді ол.
Ақсақалдар алқасы мұрындық болған ауыл бастамасына жергілікті билік те оң баға беруде. Мақталы ауылдық округінің әкімі қызметін атқарушы Мейрамбек Әбдімәжитов Алмалының басқа көршілес ауылдарға да үлгі болып отырғанын тілге тиек етті. Қариялардың өзі жастарды зиянды әдеттерден арда етіп, салауатты өмір салтын ұстануға себепші болсақ дейді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<