Шиелі: ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда

377

0

Биыл Шиелі ауданында шаруашылық құрылымдары 29 мың гектар жерге егін екті. Сондай-ақ, ауыл шаруашылық дақылдарының дәстүрлі сорттарынан бөлек, жаңа түрлері сұранысқа ие. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы мәлімдеді.
«Тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие «Ақмая» шаруа қожалығы 332 гектар жерге бидайдың элиталық «Стекловидный» сортын егіп, егістің әр гектарынан 30 центнерден өнім өндірді. Сонымен қатар, «Төңкеріс-К» ШҚ 200 гектар жерге мақсарының элиталық «Мөлдір-2008» сортын екті. Оның әр гектарынан 15 центнерден өнім жиналды»,- деді Әшім Оразбекұлы.
Ал «Алтын дән» шаруа қожалығы мен Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш өсіру ғылыми зерттеу институтымен бірігіп, картоптың гибридтік «Ақсор», «Жанайсан», «Үшқоңыр» сорттары және мал азықтық асқабақ дақылының гибридтік «Афродита», «Карина», «Мозолеевская-10» сорттарын еккен.
Баспасөз концеренциясында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы тамшылатып суару және плёнка қолдану әдісін пайдалана отырып, көкөніс дақылдарынан жақсы өнім жиналғанын айтты. Және егіс үшін суды үнемді жұмсауға ерекше көңіл бөлінетіндігінде сөз етті. Сондай-ақ, бүгінде тамшылатып суару әдісімен 50 гектар алма бағы өсірілуде, оның 15 гектары биыл егілді.
Мұнан өзге, Шиелі кентінің шығыс аймағынан жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Бүгінде 2 гектар жерге 8 жылыжай салынып, алғашқы өнімдері жиналуда. Сонымен қатар, соңғы жылдары ауыл шаруашылығында экспорт әлеуеті артқан. Биыл 280 тонна көкөніс, 335 тонна бақша өнімдері Ресей Федерациясына экспорттаған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<