Тіршіліктің алтын арқауы

311

0

 Бала – өмірдің базары. «Бір сәби дүниеге келсе, қырық періште жерге түседі» деген әдемі нақыл бар халқымызда. Сәбидің жарық дүниеге келуі кез келген ата-ана, отбасы үшін үлкен қуаныш. 
Әйелдің аман-есен босануына көмектесіп, нәрестенің жарық дүниеге келуіне атсалысатын аналарды ертеде «Ақ қол ана» немесе «Алтын қолды ана» деп атап, оларға құрметпен қараған. Бүгінде олардың орнын ақ желеңді абзал жандар басты. К.Ли, М.Әбенова, Я.Аппазова, Л.Погодаева, Р.Кәрібаева, А.Төрешева, Г.Сайфулина, Қ.Қараева, М.Зайнуллина, Р.Қамысбаева, С.Базарбаев, А.Нысанов, Р.Ким секілді сала ардагерлері бүгінде көпшілік аузын­да «ақ қол ана» атанып жүрген бұрынғы акушерлік-гинекологиялық қыз­метті ұйымдастыру саласының, қазір құрыл­ғанына 80 жыл толып отырған облыстық перинаталдық орталықтың мамандары. 
Осыдан 80 жыл бұрын, яғни, 1939 жылы Қызылорда қаласы орталығында акушерлік-гинекологиялық бөлімше ретінде өлкелік аурухананың ішінен 15 төсектік перзентхана болып ашылған. Облыстағы жалғыз перзентханада мыңдаған сәби дүниеге келді. Сонымен бірге кадрлар ұстаханасына, оқу-әдістемелік орталығына айналды. Заман көшінің алдыңғы легінде жүріп, жыл өткен сайын жаңалануда.  Дәуір дүбірінде дамып келе жатқан орталық бүгінде 350 төсек-орынға арнал­ған. Мұнда жылына 11 мыңға жуық ана босанады. Орталықта 700-ден астам қыз­меткер еңбек етеді. 
Аймақта дүниеге келе­тін барлық сәбидің 60 проценті осында өмірге келеді. Заман талабына бейімделген орталықта тиімді технологиялардың барлық түрі бар. Медициналық-генетикалық орталы­ғында биохимиялық, перинаталдық, неона­талдық, УДЗ скрининг жүргізіледі. Шала туған нәрестелердегі ретинопатияны уақы­тылы анықтау үшін ретиналды камерамен офтальмодиагностика жүргізіледі. Емдеу шаралары қолданылады. Телеком­муникациялық, мұрағаттық жүйемен жаб­дықталған операциялық бөлмеде лапа­роскопиялық операциялар, гистероскопия енгізілген. Перзентхана, қол жуу залы, жаңа туған нәрестенің алғашқы реанимациясы бейнепроекторлермен жабдықталған. Шұғыл көмек көрсету және рөлдік ойындарды өткізу үшін қажетті жабдықтар, сондай-ақ, экрандар мен проекторлар алын­ған. 
Жалпы орталықта заманауи технологиялар енгізіліп, көрсетіле­тін медициналық қызметтердің сапасын жақсарту үшін ауқымды жұмыс жүргізілуде. Медициналық жабдықтармен жарақтандыру – 92,3 про­центті құрайды. Нәтижесінде перина­тал­дық өлім-жітім көрсеткіштерін төмендетуде оң нәтижелерге қол жетті.  
Айталық, экстремальды аз салмақтағы (500-1000,0) жаңа туған нәрестелер ара­сындағы өміршеңдік 27 проценттен 54-60 процентке дейін жақсарды. Соңғы жылдары неонаталдық өлім-жітім 50-60 процентке төмендеді. Ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында көп жыл халықаралық ұйым­дармен бірлесіп жұмыс жасалды. Осы жұмыстың нәтижесінде перзентхана екі рет ДДСҰ мен ЮНИСЕФ тарапынан «Бұл дәрігерлік мекеме сәбиге тек жақсылық тілейтін, ана сүтімен қоректендірудің он түрлі принциптерін іс жүзіне асырған аурухана екені мойындалған» деген үлкен мәртебеге ие болды.
Денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді ұсыну үшін телекоммуникация мен компьютерлік технологиялар енгізілді. Былтыр телемедицина аппараты арқылы Астана, Алматы қалаларының жетекші ғылыми институттарымен және аудандармен телемедициналық консультациялар өткізілді. Сонымен қатар санитарлық авиация желісі арқылы кураторлық жұмыс жүргізіліп келеді. Жасалған еңбек пен тынымсыз ізденістер ескерусіз қалып жатқан жоқ. Республиканың ірі кәсіпорындары арасында статистикалық саралау, салық және шаруашылық қызмет нәтижелерін, қаржы-экономикалық көрсеткіштерді негізге алған Тәуелсіз ұлттық бизнес рейтинг нәтижелері бойынша перинаталдық орталық жыл са­йын жоғары санаттан көрінуде. Мәселен, мемлекеттік мекемелер арасында «Жылдың мемлекеттік кәсіпорны-2014» дәрежесіне көтерілсе, «Жылдың көшбасшысы-2017» және «Жылдың көшбасшысы-2018» сертификаттары да орталық қызметіне сай берілді. Былтыр ақпан айында облыстық пери­на­талдық орталық базасында акушерлік, неонатологиядағы шұғыл көмек және тиімді перинаталдық технологияларды үздіксіз оқыту бойынша оқу орталығы ашылды. 
Семинар-тренингтер өт­кізу үшін дәрігерлер мен орта буын қыз­меткерлер арасында жаттықтырушылар тағайындалды. Мұнда медицина қызмет­керлері үздіксіз сабақтар, рөлдік ойындар өткізеді. Осы жұмыстардың барлығына жетекшілік етіп жүрген орталық бас дәрігері Гүлнар Жұмашева екені белгілі. 
– Біз қызметкерлеріміздің білімін арт­тыруға үлкен көңіл бөлеміз. Көрсеті­летін медициналық қызметтердің деңгейіне байланысты дәрігерлер білімін жетілдіруі тиіс, оның үстіне бүгінгі күні ешнәрсе орнында тұрмайды, технологиялар белсенді дамып келеді. Біз уақыттан қалмауымыз керек. Дәрігерлер таяу және алыс шетелдерде біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Соның ішінде Корея, Австралия, Германия, Нидерланды, Польша, Латвия, Израиль және тағы басқа елдерге тәжірибе алмасу мақсатымен оқуға баруда, – дейді ол.  
Иә, 80 жыл бойы әйелдер мен жаңа өмір есігін ашқан сәбилерге тек жайлылық пен қауіпсіздік қамтамасыз ете отырып, адал еңбек еткен алтын қолды мамандар қай кезде де құрметке лайық. Осы киелі шаңырақта дүниеге келген сәби қазір 80 жаста деген сөз. Жарық дүние сыйлар орталықтың мерейлі мерекесі осы елдегі қаншама азаматқа ортақ деуге болады. 
Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<