Алматыдағы ұшақ апаты: қайғылы оқиға қатаң тексеріледі

335

0

Амал қанша, желтоқсанның 27 жұлдызы жайсыз жаңалықтан басталды. Алматыда әуе кемесі апатқа ұшырады. Таң ертеден әлеуметтік желі арқылы жедел тарап кеткен жайсыз хабар тұтас қазақ елінің қабырғасын қайыстырды.

Кеше «Ақорда» резиденциясында Премьер-Министрдің, Президент Әкімшілігі басшылығының, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының, Бас прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Денсаулық сақтау министрлерінің қатысуымен Алматы әуежайы маңындағы жолаушылар ұшағының апатына байланысты шұғыл кеңес өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан халқының және жеке өзі­нің атынан қаза болған аза­мат­тардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Жиынға қатысушылар қайтыс болғандарды бір минут үн­сіздікпен еске алды.

Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Ма­миннің, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың және Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртановтың есептерін тыңдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Алматы қаласы мен Алматы облысы әкім­діктерімен бірлесіп қаза болған азаматтардың отбасыларына 4 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетуді тапсырды. Қайтыс болғандардың жақындарына жан-жақты психологиялық және медициналық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек беріледі.

28 желтоқсанды жалпы­ұлт­тық аза тұту күні деп жариялаған Президент еліміз­дегі мемлекеттік туларды төмен түсіруге және барлық ойын-сауық шараларын тоқтатуға тапсырма берді.

Мемлекет басшысы кеңес барысында:

–  Ұшақ апатына соқтырған себеп­терді сапалы әрі объективті түрде тексеруге;

– «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» акционерлік қо­ғамын білікті мамандармен қамту жұмыс­тарын толық аяқтау шараларын қабылдауға;

– Қауіпсіздік талаптарына сәйкес­тендіру үшін барлық әуе компа­нияларының жұмыстары мен авиациялық инфрақұрылым нысандарын тексеруге тапсырма берді.

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қозғалған қылмыстық іс аясында ұшақ апатына соқтырған себептерді анықтау, кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту, сондай-ақ, Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңды­лығын зерттеу жөнінде шара қабылдауды тапсырды.

***

Айта кетейік, оқыс оқиғадан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңында жолаушылар ұшағы апатынан қаза болған азаматтардың жақындары мен туыстарына көңіл айтқан болатын.      

Президент зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін, апаттың себебін анықтау үшін Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен арнайы үкіметтік комиссия құрылғанын атап көрсетті. Сонымен қатар кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлім етті.

***

Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.

«Алматы әуежайынан ұшып шыққан «Bek Air» әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жайлы хабарды күйзеліспен қабылдадым.

Қайғыға ортақтаса отырып, қаза болғандардың туыстары мен жақын­дарына көңіл айтамын. Барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін», – делінген жеделхатта.

***

«Fokker 100» ұшақтарын пайдалануға уақытша тыйым салынды.

Алматы қаласы маңында ұшақ апатына байланысты «Fokker 100» ұшақтарын пайда­лануға уақытша тыйым салынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Әлібек Әбділов айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«27 желтоқсан сағат 07.22-де «Бек Эйр» әуе компаниясының «Алматы-Нұр-Сұлтан» бағытындағы нөмірі 2100 рейсін орындаған «Fokker 100»  ұшағы Талғар ауданындағы тұрғын үй алабына құлады. Аталған ұшақ бетон қоршауды бұзып, 2 қабатты нысанға соғылған. Жедел түрде құтқару жұмыстары басталды. Өрт шыққан жоқ. Жолаушылар мен экипаж мүшелерін эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Ұшақта 95 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Алдын ала мәліметтер бойынша қаза болғандар саны қазіргі уақытта 12 адам. ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Премьер-Министр басқаратын комиссия құрылды. Комиссия құрамында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Комиссия оқиға орнына ұшып кетті. Оқиғаның мән-жайы анықталғанша бұл типтегі ұшақ­тардың қолданылуы уақытша тоқтатылды», – деді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<