Мүмкіндікте шектеу болмайды

947

0

Айгүл Айтпаева – көпбалалы ана. Өкінішке қарай, үлкен қызы дүниеден өткенде көзінің көру қабілеті нашарлап кетті. Дегенмен, ол басқа түскен ауырлыққа сабырмен қарап, талпынысын тежеген жоқ. Қазір шағын кәсіптің шырайын шығарып отыр. Қалай дейсіз бе?

Бес баланың анасы журналист мамандығын алған еді. Денсаулығына байланысты үйде отырғандықтан, өзін дамыту үшін көп ізденді.

– Үлкен қызымның дүние­ден өтуі маған қатты ауыр тиді. Көзімнің көру қабілеті нашарлап мүгедектікке өттім.  Мен үшін «мүмкіндігі шектеулі» деген сөз оңай болған жоқ. Соның салдарынан күйзеліске түстім. Бірақ одан шығу жолын іздедім. Желі арқылы бизнес-тренингтерге қатыса бастадым. Бір күні мұндай жобалардың бізде де барын естіп «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бизнес-Бастау» жобасын оқып, кәсіп ашудың қыр-сырын меңгердім. Сол алған білімім қазіргі сәтте кәсібімді бастауыма жол ашты, – дейді Айгүл Бақбергенқызы.

Бір қызығы, Айгүл кәсіптік білім алғанымен, оны қандай істен бастарын білмей біраз бас қатырады. Бірде ойдан ой туып,  жан-жағынан өзінің нені жақсы дайындай алатынын сұрайды. Көпшілігі оның тамақты жақсы әзірлейтінін айтқанда, ойланбастан жартылай дайын өнім жасауды қолға алады. Алдымен тапсырысты ағайындардан қабылдаған ол кейін желіге жарнама беру арқылы табыс таба бастады. Сенімділік нығайып, белсенділігі арта берді. Осылайша, көпбалалы кәсіпкер ана өз жобасын жасап, мемлекеттен 505 мың теңге грант ұтады.

–  Грант ұту маған қиын болған жоқ. Бұрын мұндай дүниелер мүмкін емес деп ойлайтынмын. Қазір көзім жетті, мүмкін емес нәрсе жоқ. Тек ынтаңыз бен жігеріңіз болса, жеткілікті, – дейді ендігі сөзінде ол.

Кәсіп иесі қолға тиген қаржыға ас үй комбайны, газ плита, мұздатқыш  секілді дүниелерді алған. Бүгінде клиенттің тапсырысына қарай «Айгөлек» сауда белгісімен  түрлі өнімдер жасап отыр. Алдағы уақытта шаруасын кеңейту жоспары да жоқ емес.

– Бұл – менің шағын ғана отбасылық бизнесім. Әзірге өзім ғана  жұмыс жасаймын.  Алдағы уақытта сұраныс болып жатса, жұмыс орнымды үлкейтіп, қосымша адамдар алу ойда бар. Сондай-ақ, «Халал» сертификатын алып, мемлекеттік тапсырыстарға қатысуды да ойлап жүрмін. Барлығы уақыт еншісінде. Ең бастысы, бізге жағдай жасап, осындай мүмкіндік беріп отырған мемлекет қолдауына қуанамын. Ал өзім секілді көпбалалы аналарға кәсіп ашудан еш қорықпау қажет дегім келеді. Мүмкіндікті пайдалана білген жөн. Тәуекелдің табысы ортаймайтынын білемін, – дейді көпбалалы ана.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<