Ақайлық Айгүлдің шеберханасында

1247

0

Ақайлық кәсіпкер Айгүл Медетова – он саусағынан өнер тамған ісмер. Табиғат сый еткен шеберлікті кәсібіне айналдырып, отбасының нәпақасын тауып отыр. Осыдан екі жыл бұрын хоббиін кґсіпке айналдыра бастағанда дәл мұндай өркен жайған шеберхана боларын ешкім ойлаған жоқ. Қазақтың «өнерін сатып, мал тапқан» дегені осы шығар?!

Әйел заты әдемілікті сүйеді. Қазақ «қыздың жиған жүгіндей» деп осы әсемдік пен үйлесімділікті мысалға алған шығар?! Қолына ине мен жіпті ұстап, іс тігетін әйелдер көп-ақ. Бірақ елден ерек бұйым дайындап, тұтынушымен жұмыс істеуге көбі бара бермейді. Ал Айгүлдің ісі – бұл тұрғыдан алғанда жаңа бастама көтеруден қорықпағандық.

– Тігін цехы 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, содан несібе терген жанның бірі – мен. «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы екі бірдей қайтарымсыз қаржыны иелендім. Ал бұл өнер маған анамнан және әжемнен дарыған. Олар бұл өнерде алғы шепте жүретін. Киіз басудан алдына жан салмайтын. Енді мен олардың ізбасарымын, – дейді төл өнерді қолданысқа енгізіп жүрген кәсіпкер.

Шебердің қайсыбір туындысын алып қарасаңыз да нәзіктік пен сұлулықтың үйлесім тапқанын аңғаруға болады. Көрпе, көрпеше, жастық тәрізді еңбектерінде ерекше ою-өрнектер кездеседі. Әрі оюдың көрген көздің жауын алатындай әсем орналастырылғаны келушіні тарта түседі. Сонымен қатар қазақы қамзол, кішкентай балақайлардың тұсау кесуіне арналған жабдықтар кешені, бәрі шеберхана төрінен өз орнын тапқан. Ал дайын бұйымдардың тұтынушы талғамына сай қойылуы да ұқыптылық пен тиянақтылықты көрсетеді.

– Тапсырыс берушінің қандай болса да тапсырысын қабылдап, көңілінен шығардай етіп уақытылы дайындауға тырысамыз. Егер ол тұтынушы көңілінен шықса – еңбегіміздің ақталғаны. Өз қолыңнан шыққан әрбір бұйым қастерлі, ыстық болады екен. Тоғыз ай көтерген перзентің тәрізді. Өйткені, бар ынтамыз бен шынайы сүйіспеншілігімізден жасалады, – дейді ол.

Шеберханада киімді тарылту, қысқарту, тапсырыспен киім тігу секілді қосымша қызметтер де қолға алынған. Соңғы уақытта қыз жасауына да мол тапсырыс келіп жүр. Өзі үнемі ізденісте жүретін жан үшін тұтынушы тапсырысын көңілден шығатындай орындау түк емес. Ақайлық тұрғындар жиі алғысын айтып келетін көрінеді әрі тағы да тапсырыс беруге тырысады. Ал қолында өнері бар өзі секілді жандарға кәсіп ашып, мемлекет қолдауын көруге шақырады.

– Кәсіп ашамын дегеннің алдында даңғыл жол бар. Бастысы – ниет. Шағын және орта бизнесті дамытуда елдегі бағдарламалар мен жобалар біз секілді қарапайым халықтың кәсіп ашуына арналған. Балаларымды да кәсіпкер болуға баулып жүрмін. Өйткені, қазір – кәсіпкердің дәурені. Өткен жылы кіші ұлым «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша грант иеленді. Енді жүн түту цехын ашпақ ниетте. Баламның бұл бастамасын қолдаймын. Ал өзім бұл цехтағы жұмыс ауқымын арттырмақпын, – дейді А.Медетова.

Алдына мақсат қойған жанның қандай биікті еңсерері де белгілі. Демек, мақсатпен қолға алған бастаманың болашағы жарқын болары анық. Ақайлық Айгүлдің қолынан шыққан оюлы жастықта шынтақтай жатып, айналаға көз тастадым. Шіркін, айнала қазақы нақыштағы бұйымға толы. Қазақтың әрбір шаңырағы осындай болсайшы!

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

Суретті түсірген Қазбек ТАЙБАҒАРОВ

Қармақшы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<