Кеңескен істе кемдік жоқ

1191

0

Әлемді жайлаған жұқпалы індеттің өршуі кейінгі күндері елімізде  күрделі сипат алып тұр. Күні кеше облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы шықты. Бірқатар салаларда сақтық шаралары қайта пысықталды.

Карантин мерзімінде кґсіпкерлер ісі қалай жүргізілді, олар шектеу шаралары кезінде қандай қолдауларға ие болды? Жалпы қазіргі жағдайдағы кәсіпкерлік қызметке байланысты  маңызды деген сұрақтар бойынша облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовпен тілдескен едік.

– Бүгінгі жағдайда кәсіпкерлер үшін қандай мәселелер көбірек қиындық тудырып отыр? 

– Кәсіпкерлер үшін аса үлкен мәселелердің бірі ғимаратты жалға алу ақысы болды. Карантин жағдайында жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған кәсіпкерлердің басым бөлігі жалдау ақысын төлеуге келгенде қауқарсыз екені байқалды. Кәсіпті дамыту үшін деп алған несиелері, 2 айға жуық уақыт жұмыссыз отыру айтарлықтай қаржылық қиындықтарға алып келді.

Жергілікті атқарушы органмен бірге ғимараттарын жалға беріп отырған кәсіпкерлермен келіссөздер жүргіздік. Бұл азаматтарды да түсінуге болады. Ғимаратты ұстап тұру, қызметкерлердің жалақысы, коммуналдық төлем сынды шығындары бар. Дегенмен, жағдайды әріптестеріміз де жақсы түсініп отыр. Кәсіпкерлер палатасына төтенше жағдай кезінде 85 кәсіпкерден жалға алу құнына қатысты көмек көрсетуді сұраған өтініштер түсті. Келіссөздер барысында облыс бойынша көлемі 2000 шаршы метрден асатын ғимараты бар  отыздан астам кәсіпкер жалға алушы 1823 бизнес өкіліне жеңілдік жасайтынын жеткізді. Келіссөздердің басы-қасында болған жергілікті атқарушы органдарға да, ғимарат иелеріне де айтар алғысымыз шексіз.

Атап айтқанда, 9 сауда нысаны 267 жалға алушыға 100 процент, 2 сауда үйі 127 кәсіпкерге 50%, 1 сауда үйі 57 кәсіп иесіне 30%, 12 сауда нысаны 1372 бизнес өкіліне 20% жалдау ақысына жеңілдік жасады.

Кәсіпкерлерді төтенше жағдай кезін­де 100% жалдау ақысынан босатқан әріп­тестерімді атап айтқым келеді. Олар: Жаңа­қорған ауданында «Нұр» базары, «Нұр-Асыл», «Аркен» сауда үйлері, Қазалы ауданында «Мусаев», «Орын-Ай», «Ару-Илия» базарлары мен «Береке», «Бәйтерек» сауда үйлері, Қызылорда қаласында «Сәулет» базары иелері. Бұл да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетеді.

– Еліміздегі төтенше жағдай мен карантин режимінде мемлекет отан­дық тауарөндірушілерді қолдау мақсатында мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін енгізгені белгілі. Мем­ле­кеттік сатып алудың арнайы тәр­тібі кәсіпкерлерге қашанға дейін қолданылады?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қам­тамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комис­сияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде отандық тауар өндірушілерді қол­дауға бағытталған мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібі осы жылдың тамыз айына дейін жалғасатындығын жеткізген болатын.

Елімізде енгізілген төтенше жағ­дайдан кейін мемлекеттік сатып алу­дың нормативтік құжаттарына да, атап айтқанда, осы жылдың 20 нау­ры­зында Үкіметтің №127 Қаулысымен тө­тенше жағдай кезеңінде әрекет ететін Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібіне өзгерістер енгізілді.

Қаулыдағы кәсіпкерлер үшін маңызды бөлігіне тоқталсақ.

– Әлеуетті өнім беруші міндеттемесін толық орындаған жағдайда төлем 5 күн ішінде жүзеге асырылады.

– Әлеуетті өнім берушілерге төтенше жағдайды енгізу салдарынан туындаған жағдайлар бойынша (шартқа қол қоюдан жалтару, сондай-ақ оны орындамау не тиісінше орындамау) жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу жөніндегі айыппұл санкциялары мен шаралар қолданылмайды.

– Төтенше жағдай кезеңінде барлық тауарлар бірінші кезекте отандық та­уар өндірушілер арасында арнайы тәртіп шеңберінде 3 күнге дейін қысқартылған мерзімде баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алынады. Бұл сатып алуда шетелдік өндіріс тауарларын жеткізуге жол берілмейді.

– Мұндай тауарларды жеткізу кезінде тауар өндірушілер СТ-КZ сертификаттарын ұсынуға міндетті.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, бұл кезеңде отандық тауарөндірушілерден алу талабы бірінші орында.

Осыған сәйкес отандық тауарөн­діру­шілердің тізбесін Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қалыптастырып, www.goszakup.gov.kz веб-порталына орналастырды.

Бұл ретте, егер мемлекеттік сатып алуға тауарөндірушілер қатыспаған болса, онда одан әрі жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Арнайы тәртіп шеңберінде бір көзден алу тәсілі мемлекеттік сатып алу мәсе­лелері жөніндегі ведомстволық комиссия айқындаған тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша ғана қолданылады. Яғни, бүгінгі күні мемлекетке қажетті медициналық өнімдер, азық-түлік өнім­дерінің тізбесі веб-порталда орналастырылған.

Арнайы конкурс жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасымен көзделген жұмыстар мен көрсе­тілетін қызметтерді және жедел, кідіріссіз және маусымдық сипаттағы жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу кезінде қолданылады.

Бұл тәсілде конкурстық құжаттама жобасын алдын ала талқылау, камералдық бақылау шеңберінде алдын ала рұқсат беру және шағымдану рәсімдері болмайды. Соған сәйкес конкурсты өткізу мерзімі 7 жұмыс күнін құрайды (бұрын 40-60 күн аралығында болған).

Талап бойынша сомасы 20 мың айлық есепті көрсеткіштен асқан келісімшарттарда өтінімді, сатып алу туралы шарттың орындалуын, аванс сомаларын енгізу талаптары қолданылмайды.

– Осыдан біршама уақыт бұрын Кә­сіпкерлер палатасы алаңында facebook әлеуметтік желісіндегі өзіңіз қатысқан тікелей байланыста кәсіпкерлер сауалына жауап берген Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов қызылордалық кәсіпкерлерге 6,5 млрд теңге шамасында жеңілдік берілгенін айтты. Осыны нақтылай түсесіз бе?

– Төтенше жағдай кезінде бизнеске қолдау көрсету мақсатында қабылданған Үкіметтік қаулылар негізге алына отырып, облыс көлемінде салықтар мен төлемдер бойынша бизнес-субъектілеріне 6,5 млрд теңге шамасында жеңілдік берілді.

Айтылған мәселе, осы жылдың 20 нау­рызынан бастап 31 желтоқсанға дейін өңірде алаңы 2000 шаршы метрден кем емес 29 ірі сауда нысаны, 3 ойын-сауық орталығы, 2 театр, 2 көрме залы, 8 спорт құрылыс жайлары мүлікке салынатын салыққа «0» коэффициент мөл­шерін қолданады. Сондай-ақ, 37 ауыл­шаруа­шылық өнімін өндірушілер жер салығынан босатылғаны туралы хабарланды.

Осы жылдың 1 сәуірінен 1 қазанға дейін аймақтағы әуежай терминалы, 20 жеке практикамен айналысатын тұлға, 201 қоғамдық тамақтандырумен, 43 қонақ үй қызметімен айналысатын кәсіпкерлер мүлік салығынан босатылып отыр.

Бұл, әрине, кәсіпкерлерлік субъектілері еңбекақыдан ұсталатын салықтан, әлеу­меттік төлемдерден  миллиондаған қаржы­сын үнемдейді деген сөз. Ал, кәсіпкерлік нысандарында сақтық шараларын сақтау жөнінде тұрақты ескеріліп отыр.

Әңгімелескен

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<