Зейнетақы қоры: Біз өз мүмкіндігімізді қаншалықты білеміз?

1129

0

Әлеуметтік желі шулап жатыр. Әңгіме кешегі Жолдауда Президент айтқан зейнетақы қорында жинақталған қаржының бір бөлігін пайдалану туралы болып отыр. Иә, пікірталас көп, олар әлбетте, сан-алуандығымен ерекшеленеді. Бірақ байқағаным, біз әлі көп нәрсенің байыбына жетпеген сыңайлымыз.

Қазір Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,1 трлн теңгеден астам зейнетақы жинағы қалыптасты. Айталық, бір жылдағы зейнетақы жинақтарының сомасы 1,9 трлн теңгеге пара-пар немесе 19 процентке өсіпті.

Ненің, кімнің есебінен? Салымшылар саны артты ма, әлде инвестициялық табыс өсті ме? Оны білу үшін ұзақ талдау жұмыстарын жүргізу қажет.

Әрине, зейнетақы жинақ­тарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасатыны белгілі, бүгінде оның мөлшері 11,8 трлн теңгені құрайды. Бұл – 2019 жылғы республика бюджетінен жоғары қаржы. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 287,8 млрд теңгені, ерікті зейнетақы жарналары 2,1 млрд теңгені құрайды. 2020 жылдың басынан бастап 1 тамыздағы жағдай бойынша қор салымшыларының шот­тары­на 752,98 млрд теңге таза инвестициялық табыс есептелді, бұл 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 389,77 млрд теңгеге артық.

Түсінген адамға бұл – жақ­сылықтың нышаны. Аз да болса табыс, демек, бос жат­қан ақша табыс тауып жатыр.

Жуырда Үкімет отыры­сында алдағы 3 жылда Ұлт­тық қордан бөлінетін ке­піл­дендірілген трансферттің әлеу­меттік міндеттемелерді қар­жыландыруға бағыттала­ты­нын жеткізген Қаржы ми­нистрі Ерұлан Жамаубаев жыл сайынғы индекстеуге және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентін ұл­ғайтуға келесі жылға қосым­ша 265 млрд теңге қарасты­рылғанын айтқан болатын.

Яғни, Үкімет қолдау көр­сету мүмкіндігін арттырып отыр. Әрине, осының барлығы дағдарыс жағдайында өте-мөте маңызды. Бұл көмектің зейнетақы салымын ұлғайтуға қатысы бар екенін атап өткім келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл­ғы Жол­дауында осы зейнет­ақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мәселесіне тағы да тоқталды. Тура бір жыл бұрын Президент алғашқы Жолдауында жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнетақы жинағын зейнетке шыққанға дейін де пайдаланғысы келе­тінін, сондықтан жұмыс іс­тейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бө­лігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл со­ңына дейін пысықтауды Үкі­метке тапсырған болатын.

Алайда арада бір жыл өтті. Бұл мәселеде мемлекеттік ор­талық органдар мен қоғам­дық сарапшылар ортақ тоқ­тамға келе алмады. Бұл мә­селеге байланысты арнайы сөз ал­ған сарапшылар зейнет­ақы жинағының белгілі бір бө­лігін пайдалануға көпте­ген салымшының қолы жет­пей­тінін, ал жинағы қор­даланып қалған азаматтардың тұрғын үйге мұқтаж емесін алға тартты.

Мемлекет басшысы биыл­ғы Жолдауында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең ал­дымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты екенін еске салып, нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асатынын жеткізді.

Президенттің айтуынша, бұл ре­форма еңбек қатынас­тарын ашық әрі заңды жүр­гізіп, зейнетақы жүйесіне қа­­тысуға ынталандыратын пәр­­менді құралға айнала­ды. Шын мәнінде, қа­зір көп­теген кәсіпорын еңбеккер­ле­рінің айлығы төмендетіліп көрсетіледі. Ал біз Қазақстан­да келісім-шартсыз ауызша келісіммен жұмыс істеп жат­қан мыңдаған адамдармен не істейміз? Олар туралы заң жоқ, көлеңкелі эко­номиканың айналымын өсіріп жатыр.

Осы орайда кеше Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қор­ғау министрі Біржан Нұ­рымбетов 2021 жылы кім­дердің өз зейнетақы жина­ғы­ның белгілі бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделу ақысын төлеуге немесе қар­жылық компаниялардың бас­қаруына беруге мүмкіндігі бо­латынын айтты.

Мемлекет басшысы жыл соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық акті­лер­ді қабылдауды және зей­нетақы салымдарының бө­лігін мақсатты жұмсауға да­йындық жұмыстарын жүр­гізуді тапсырды. Мамандар жүргізген есептеу бойынша қазір 721 мың адам аталған мақсаттарға зейнетақы жи­нағының бір бөлігін пайдалана алады. Бұл шамамен 1,4 трлн теңгені құрайды. Жұрттың әлеуметтік желіде шулап жатқанындай, бұл инфляция тудыратындай ақша емес.

Үкімет отырысында сөйле­ген сөзінде Б.Нұрымбетов 530 мың жұмыс істейтін азаматтың зейнетақы жинағы «жеткілікті шектен» асатынын, сондай-ақ зейнетақы жинағы бар 178 мың зейнеткер және 13 мың адамның сақтандыру компанияларымен аннуи­тетті зейнетақы келісімі бар еке­нін атап өтті. Министрдің ай­туынша, зей­неткерлерге қол­дағы жинағының 50 проценттен аспайтын бөлігін алуына бо­лады.

Жыл басында 30 жасқа толған ер-азаматқа жеткілікті шек 6,7 млн теңгені, ал әйел­дерге 9,6 млн теңгені құрады. Алайда министр сол кезде жеткілікті шектің көлемін қай­та қарауға уәде берген болатын. Себебі мұндай сома жинағандар Қазақстанда өте аз. Былтыр Президент тап­сыр­масынан соң Үкімет бе­кіткен талаптарға сәйкес, 200 мың адамның зейнетақы жи­нағының бір бөлігін пайдалана алатыны айтылған еді. Алай­да Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бұл орай­да ал­ғашқы қадам жасал­ғанын ай­тып, жарнаны пайдала­ну­­­шылардың ауқымы арта­тынын жеткізді.

Бірақ мәселе әлі күр­делі, Президент сөзінен кейін бір­қатар азаматтар жинақ­тау­шы зейнетақы қорындағы қар­жының алдағы жылдары ин­фляциядан кейінгі құнын қаншалықты сақтап қалатыны туралы ойланатын болды. Бұл енді Үкіметтің ақша-несие саясатын қаншалықты дәйекті жүргізуіне байланысты мәсе­ле. Зейнетке шығу жасын төмендету әзірге шындығын айтуымыз керек, бірқатар қи­ындықтарға байланысты орындалуы күмәнді. Ол зей­нет жасындағы адамдар мен жастар санының арасындағы айырмашылыққа байланысты болады. Қазір көптеген ел­дерді халықтың қартаю үде­рісі алаңдатады. Ресейде соң­ғы дерек бо­йынша барлық 85 аймақтың 15-де ғана туудан өлім төмен болған. Қазақстанда мұндай проблема туындамағанымен, алдағы жыл­дары халықтың қартаю үдерісі әсіресе, солтүстік облыстарда біршама жылдамдауы мүм­кін. Ал екеуінің арасында үйлесімді қатынас орнықпай, зейнетке шығу жасы тө­мендемейді.

Дегенмен жүйе жаңғыр­тылып жа­тыр. Өзгеріске деген талпыныс бар, бұл – әрине, жақ­сылықтың нышаны.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<