Осыдан 6 жыл бұрын шығар, дәлірек айтайық, 2014 жылы облыстық «Ұстаз үні» газетіне хабарландыру берілді. Ондағы ақпаратта «Орта білім беретін үздік ұйым» конкурсы туралы айтылған. Бұл Білім және ғылым министрлігінің «Орта білім беретін үздік ұйым» грантының мөлшерін және оны беру тәртібін белгілей отырып, оны беруге арналған конкурсты өткізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес қолға алынған жоба болатын. Конкурстың негізгі мақсаты – қатысушы мектептің орта білім беруде педагогикалық және басқару тәжiрибесiн анықтау. Сондай-ақ мектептегі педагогтар мен басшыларының кәсiби және жеке тұлғалық өсуiн ынталандыру, елдегі орта бiлiм беру жүйесiнiң даму үрдiсiн анықтау. Ал үздік мектепті анықтау үшін арнайы сала мамандарынан комиссия құрылатыны тағы белгілі.
Ал осы «Орта бiлiм беретiн үздiк ұйым» грантын алған мектеп 17 млн теңгені иеленеді. Аз қаражат емес. Жыл сайын өтетін конкурсқа бұл қаржы облыстық бюджеттен қаралады. Қаржыны ұтып алған білім мекемесі қажетіне, мысалы, мектептің материалдық-техникалық жарақтандырылуын жақсартуға жұмсайды.
Оқырман есіне салсақ, алғаш 2014 жылы байқау жариялана салысымен қатысуға 10 мектептің құжаты тапсырылып, нәтижесінде облыстық комиссияның шешімімен №10 облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты жеңімпаз атанды. Келесі жылы 9 білім ұжымы бақ сынап, нәтижесінде оның ішінде №9 облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты биіктен көрініпті.
Әрі қарай жыл бойынша санамаласақ, 2016 жылы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, 2017 жылы қаладағы №3 мектеп-лицейі, 2018 жылы №2 «Мұрагер» мектебі осы конкурстың грантын иеленген.
Былтыр байқауға қатысуға 5 мектеп тіркеліп, құжаты тиянақталған соң, облыстық комиссия шешімімен Қармақшы ауданындағы №277 мектеп-лицейі осы қомақты қаржыны ұтып алды. Ал биыл Қазалы ауданының мектебі бұл грант жүлдесіне лайық деп танылған. Грант ұтқан Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінің директоры Батырбек Тәңірбергеновпен телефон арқылы тілдесіп, құттықтадық.
– Соңғы үш жылда ұстаздар мен оқушылардың жеткен жетістіктерін комиссияға ұсындық. Осылайша, ұстаздар мен оқушылардың білімі сарапқа салынып, арнайы комиссия шешімімен грант иегері атандық. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Енді – қаржымызбен өз мектебімізді қажетті жабдықтармен жасақтайтын боламыз. Мысалы, жаңа ақпараттық-технологиялық құрылғылар алынып, 500 орындық мәжіліс залына LED экран құру жоспарда бар. Бұдан өзге іс-шараларға қажетті музыкалық аппараттың барлық жабдықтарын аламыз. Қалған қаржыға ұстаздар мен балалар пайдаланатын ноутбуктер сатып аламыз. Әрине, бұл мектеп жанындағы қамқоршылық кеңестің және облыстық білім басқармасының келісімімен жүзеге асатын болады. Барлық қажетті заттар арнайы заң жүзінде, тендермен, мемлекеттік сатып алу арқылы келеді, – дейді мектеп директоры.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<