Оразбек Батырханов: «Ветеринария ауыл өндірісінің өзекті саласына айналды»

1802

0

Оразбек Батырханов – облыстық ауыл шаруашылығы саласының материалдық-техникалық жабдықтау, кейін зейнетке шыққанға дейін ветеринария саласына басшылық жасаған білікті де, білімді мамандардың бірі. Ұзақ жыл басшылық қызметте отырудың жүгі әрдайым салмақты болатыны заңдылық. Әсіресе, қоғамдық формацияның екі бірдей кезеңінде осындай ауыр жүкті абыроймен атқарудың жауапкершілігі мүлдем бөлек екенін және атап өткіміз келеді. Соңғы жылдары денсаулық күтімімен жүрген белгілі азаматтың үйіне арнайы барып, сұхбат құрудағы мақсатымыз – бүгінде ауыл өндірісінің түйткілді деген мәселелерін талқы өзегіне салу болатын.

Ж.А: – Оразбек Әмірәліұлы, Қазақстан Президенті кейін­гі Жолдауында ауыл шаруа­шы­лығын дамытпай, бәсеке­ге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін, елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнім­дерін өндіру үшін 7 ірі эко­жүйе қалыптас­тыруға бола­ты­нын атап көрсетті. Ауыл ша­р­уашылығында еңбек өнімділігін екі есе арттыру, оның экспортын еселеу туралы да осы Жолдауда  мәлімдеді. Байқайсыз ба, міндет өте күр­делі. Екі есе дегеніміз, ауыл өндірісінде қыруар жұмыс ат­қаруды меңзейді. Бұл үлкен қажыр-қайрат, сонымен бірге қыруар қаржы талап етеді. Қалай ойлайсыз, бұл межелі міндетке қысқа уақытта жету мүмкін бе?

О.Б: – Иә, міндет ауқымы күрделі. Біз несін жасырамыз, ырғалып-жырғалып жүріп уа­қыттың қандай жылдам екенін сезбей қалдық. Ұзақ уақыт мұнайға үміт артып келдік. Ал заман жаңа талаптарды алға тартуда. Қазір талап мүлдем өзгерді. Әлемде бәсекелестік өте күшті. Сол әлемдік сарап­шылар ендігі жерде мұнай­дың қажеттілігі барынша азая­тынын мәлімдеуде. Тіпті мұ­най бағасы алдағы уақытта 100 долларға жетуі екіталай деген де айтылып жатыр.

Демек, біз енді қалыптасқан жағдайға қарай әрекет етуге дағдылануымыз қажет. Өмір бізді осыған мәжбүрлейтін бо­лады. Біршама уақыт бұрын Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті біздің ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы әлеуеті­міз­­дің орасан зор екенін атап айт­қан болатын. Бұл орайда мал өнімдерін экспортқа шығару мүмкіндіктері кеңінен ай­тыл­ды. Алғашқы жылдың өзін­де сыртқа 60 мың тоннаға дейін ет сату туралы атап көрсетілді. Қойылған міндетке сәйкес ауыл шаруашылығы саласының құрылымдары бірнеше мәр­те өзгерді. Ең қажетті деген сала – ветеринария өз алдына шаңырақ құрып, бөлек шық­ты. 2011 жылы құрылған инс­пекция бастығының бірін­ші орынбасары болып тағайын­далдым. Міне, сол сәттен бас­тап бірнеше жыл бойы мал басын арттыру бойынша мем­лекеттік саясаттың өзекті буын­­дарында қызмет жасадым.

Ж.А: – Сөзіңізді бөлейін, есіңізде болса, сонау 1995 жы­лы сол кездегі Қазақстан Пре­мьері Әкежан Қажыгелдин етті өндіру үшін Қазақстанда тер төгіп бейнет жасаудың қажеті жоқ. Қойды, ірі қараны Австралия, Аргентина, Уругвай дейсіз бе, солардан сатып алуға болады. Өзіндік құны арзан десті. Мен егер жаңылыспасам, шетелдік өнім  осыдан бір-екі жыл бұрын өзіміздің «SMALL» сияқты супермаркетінде сатыла бастады. Шамасы, Аргенти­на­дан жеткізген болуы керек…

О.Б: – Ондай әңгіменің бол­­ғаны рас. Кәсіпкерлер әдет­те жылдам келеді ғой, әлде­біреулердің мүддесі болды ма, кім білсін, сауда сөрелерінде мұхит асып әкелінген өнім­дер сатыла бастады. Егер Қа­зақстан халқының 40 про­цен­тінен астамы ауылда тұ­­ра­тынын ескерсек, аталған мә­­селе саясатты меңзейді. Біз ешқашан елді тіршіліксіз қал­ды­рып, ондай жобаларға бар­мау қа­жет­тігін көп ұзамай түсіндік.

Білесіз бе, Кеңес Одағы ке­зінде Қазақстанда 50 млн қой өсіру туралы әңгіме болды. Цифр көтеріңкі болуы мүмкін, бірақ біз қой санын 30 млн басқа жеткізгеніміз анық. Сол сияқты бізге қазір белгілі бір мақсат, меже қажет. Бағдар болған жерде межеге жетуге болады. Жаңа өзіңіз айтқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткен 7 экожүйенің ішінде 5-і ті­келей мал өнімдерін өндіруге қатысты. Нақты айтсақ, аталған ет, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдері бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі бірінсіз бі­рінің күні жоқ, бидай – әрі астық, әрі мал азығы, майлы дақылдар тағы мал азығы дегендей. Қазақстанның орасан жер көлемі осындай экожүйелерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қаншама бағ­дарламалар қабылданып жатыр. Субсидиялаудың мүм­кін­дігі мүлдем кеңейді. Прези­дент стратегиялық жоспар­лау агент­тігін не үшін құрды? Жос­парсыз экономика болмайды. Біз кешегі кеңес жүйесінің жос­парлау жүйесіне ішінара еніп жатқан жағдайымыз бар. Бірақ ол бұрынғы уақыттың сипатын білдірмейді. Біз жоспарлы жү­йе­нің қажетті дегендерін ға­на алып отырмыз.

Ж.А: – Қазір ветеринария­ның проблемалары туралы көп айтылатын болды. Мемлекет ке­­шегі кеңес үкіметі тарағаннан ке­йін құлдыраған саланы қайта қал­пына келтіруде. Көпшілік бұл қолдауға ризашылығын біл­­дірсе, кей тұстары тіпті бю­ро­кра­тиядан арыла алмай жатқан жағдайымыз бар. Соны­мен про­б­ле­маның басты түйт­кілі неде деп ойлайсыз?

О.Б: – Жаңа айттым ғой, мемлекет мал өнімдерін өнді­руге үлкен мән бере баста­ды. Бірақ халықаралық ұйым­дар­дың өздерінің құқықтары бар. Кез келген өнім ветеринарлық талаптарға сай болуы керек. Бү­кіләлемдік сауда ұйымы деген бар. Талап күшті. Оның үдесінен шығу үшін үлкен жа­уапкершілікті талап етеді. Ай­талық, әр облыстың мал және құстарына тән тиісті ауру ті­зімдері жасалған. Осы ауруға қатысты мемлекет тегін дәрі-дәрмек бөледі. Шаруа қожа­лықтары, жеке мал иелері бол­сын оларды тегін пайда­лана­ды. Проблема басқада. Әлгі дәрі­лерді, яғни вакцинаны алу үшін тендер өткізеді. Бар түйткіл бүгінге дейін оны өткізу, яғни талап ережесіне қатысты болып отыр. Тендерге түскендер арзан дәрі-дәрмек алып келеді. Оларға тендерден ұтып шықса болды. Ал малға қаншалықты әсері болады, ол жағын ешкім ойламайды. Малдан сұрай ал­майсыз. Дәрінің тиімділігін тілі жоқ мал сізге айта алмайды. Міне, бұл проблема көтерілгелі біраз болды. Маман ретінде менің пікірімше, дәріге қатыс­ты тендер мүмкіндігінше тиім­ді вакцинамен қамтамасыз еті­луге байланысты өткізілуі ке­рек. Оның басқаша жолын ойлап табуға болады.

Тағы бір маңызды мәселе туралы айтқым келеді. Қазір мал дәрігеріне деген сұраныс жоғары. Олардың бірқатары ай­лығы тәуір болған соң шаруа қожалықтарына кетіп жатыр. Мемлекеттік қызметте жалақы төмен. Міне, бұл да ойланатын мәселе.

Ж.А: – Ореке, қазақ кездес­кен жақынына: «үй ішің, мал-жаның аман ба?» деген сауал қояды. Өмірлік тыныс-тір­ші­лігі малмен етене жақын болған соң осылай айтатын шығар. Осыдан біршама жыл бұрын Қызылорда облысы мал саны жөнінен 1991 жылдың деңгейіне жетті деген цифрлар көлбеңдеп алдымыздан шық­қан болатын. Қазір көпші­лік арасында оның саны аталған деңгейден жоғары деген ой ай­тылуда. Қоғамдық пікірді теріске шығара алмаймыз. Бұл жоғарыда айтқан мемлекеттік стратегия үшін маңызды. Де­мек, мал санын дәл айқын­дау қажеттігі туындап отыр. Осы орайда малдарды сырғалау, таң­балау алдыңғы кезекке шы­ға­тыны даусыз. Қазіргі жұмыс барысы туралы не айтасыз?

О.Б: – Бұл – маңызды мәселе. Сырғалаудан қашқалақтап жүр­ген жағдайымыз болды. Бая­ғы­­дан орнығып қалған малым көбейіп кетіп бір пәлеге душар болмаймын ба деген қор­қыныштан туған сақтық. Қазір шаруа қожалықтарына мемлекет көп жеңілдік жасап жатыр. Мал санына салық төлемейді. Бірақ қазір ел сырғалаудың, таң­ба­лау­дың қажет екенін түсіне бас­тады. Бұрынғыдай емес, ынта жоғары. Бізде қой, ірі қара және түйеге сырға тағылып, жылқыға таңба салынады. Әрбір сырғада әр ауданның коды жа­зылады. Сырғаланған малға ве­теринарлық кітапша беріліп, мал дәрігерлерінің есебіне алынады. Сырғалау малдың ұрлығы болған жағдайда оны іздестірудің оң­тайлы тәсілі болып табылады. Ұры-қарыға да жан керек,  сақ­танады. Қазір жылқы малына чип аппаратын салу қолға алына бастады.  Малшы үйінде отырып, сол чип арқылы келген белгімен малының қайда жүргенін біле алады. Бұл дегеніңіз сақтық үшін және керек.

Қорыта айтқанда, таңбалау мемлекетке де, мал иесіне де пай­далы. Бүгінгі күнге өмір өзі­нің осындай тиімді тәсілдерін енгізуде.

Ж.А: – Әлі есімде, сіз осы­дан 40 жыл бұрын облыстық ма­териалдық-техникалық базаның жап-жас директоры болдыңыз. Кабинетіңізге кірудің өзі көп адамға оңай соқпайтын. Кезекке тұрған аудан хатшыларын, біл­дей мекеме директорларын көре­тінбіз. Сізді жұрт бағалайтын. Асы­лып-төгіліп жатпайтын сыр мінезділігіңіз үшін шығар бәл­кім…

О.Б: – Жас кезімде бұл мен үшін үлкен сынақ мектебі болды. Алдымен келешегімді ойладым. Елмен тіл табысып, көпшіліктің көңілінен шықсам деген арман­нан туған еді. Облыстың 92 сов­хозын техникалық жағынан қамтамасыз ету, одақтың түкпір-түкпіріне тапсырыс беру, «К-700» алып тракторынан бастап ұсақ-түйек қосалқы бөлшектерге дейін жеткізу қыруар есептен тұрады. Өзің білесің, жоспарлы экономиканың жетілмеген тұс­тары жеткілікті еді ғой. Егін орағынан келесі көктемгі егіске дейін, қой қырқымы дейсіз бе, жауапкершілік барлығына ортақ. Жоспарлы экономикада ине-жіпке дейін есепке алынады. Бізге айтылатын сын көп. Бірақ бар кемшілік сол жүйенің өз ішінде жатқанын барлығына түсіндіріп айту  қиын еді. Тынымсыз жұмыс істейтінбіз.

Кейде жанашыр дегендердің өзі соншама байлықтың ішінде отырып кейінгі тағдырыңды ойламағансын ба деген пікірлерін сездіріп қалады. Ойларын түсі­немін. Бұл жүйе менің басшы кезімде жекешелендірілді. Көп нәрсені иеленіп қалуға болатын еді. Өйткені мемлекеттің өзі мүмкіндік берді. Саналы түрде бармадым. Адам болмысы қызық қой, барлығына ұмтыла бергісі келеді. Менің ойымша, ниет тазалығына ештеңе жетпейтін сыңайлы. Ертеде бір данышпан: «ниетіңе орай жаза аласың, өлшеміңе қарай үлес аласың» депті. Сол айтпақшы, өмірден бұйырған несібемді алған адамға ұқсаймын. Ұл-қыздан немере бар, құда-жекжатпен, жора-жол­даспен сыйластыққа не жетсін?! Бар тапқаным осы, ал осыдан артық бақыт бар ма?…

                             Әңгімелескен

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<