Сағаттағы сұлулық

1320

0

Асылында, бәріміз пендеміз. Алланың жаратқандарының ішіндегі ең абзалы – адам. Күн де, ауа да, су да, табиғат та біздің иігілігіміз үшін. Алайда, бізден асатын айлакер, бізден мықты ештеңе жоқ секілді. Себебі, көктегі құсты торға түсіретін, жердегі аңды орға жығатын әдісіміз бар. Сол әдісіміз әділдік емес, әбестік, яки болмаса әлімжеттік екеніне мән берер біреу жоқ. Тек қара бастың қамы, құлқынның қажетін өтеу ойлайтынымыз. Ащы да болса ақиқаты осы.

Адам не нәрсені болсын басынан өткізбей түсінбейді. Осындайда «Түйесі жоғалмағанның бәрі ақылды» деген мақал еске түседі. Мәселен, көшеде қайыр тілеп отырған адамды көрсек табалауға әзір тұрамыз. Ажырасқан жас жұбай туралы естісек, сыртынан ғайбаттауға бейімбіз. «Тесік ауыз тек тұрмас» байыбына бармай байбалам саламыз. Қазір тіптен технология дамыған мына заманда әлеуметтік желіде отырып, әлеуметтің ішіне іріткі салатындар күн санап көбеймесе, азаймай отыр. Мұның барлығы не үшін, кім үшін керек?

Біреуді жазғырмас бұрын ішкі жан дүниесіне үңіліп көрдік пе? Не себеп? Неліктен мұндай халге душар болдық. Сұрақ көп, жауап жоқ. Әйтеуір естідік, көрдік, болды. Одан арғысына ешкім дендемейді. Сауабы мен зауалын Жаратқанның құзіретіне қалдырдық.

Менің қаузамақ тақырыбым сұлулық жайында. Енді осыған ойысайын. Иә, кәдімгі сұлулық. Бірақ, сіз ойлаған сыртқы көркем келбет емес. Ішкі рухани сұлулық. Менің Ж. есімді танысым бар. Үнемі өзін күтіп, жинақы жүреді. Айтар ойын ашық жеткізеді. Мінезі салмақты, сөзі орнықты. Тапқан табысын әуелі бала-шағасына, содан соң киіміне жаратады. Құрдастары «Әйелі емес, осының өзі киім алғыш» деп әзілге айналдырса да анығы сол. Әдетке айналған. Естуімше, жас кезінен соған дағдыланған.

«Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген рас дерсің тегі. Сенесіз бе, сол кісі бір күні қолына алтын сағат тағып жүргенін көзім шалды. Содан бағасын сұрауға ыңғайсыз көріп, уақыт сұрадым. «Жәке, алтын сағатыңыз нешенің шамасын көрсетіп тұр?» десем, жауабын қараңыз. «Осы сағаттың бұзылып қалғанына көп болды. Барып жөндетуге уақыт таппай жүрмін. Жәй, сәндікке тағамын. Оның бұзылып қалғанын кім біледі?» деп қарап тұр. Күлесіз бе, жылайсыз ба? Ештеңе демедім. Ойланып қалдым.

Содан бері сұлулық жайлы, біреу туралы әңгіме айтарда көзім жетпесе көңіл таразысына салып қоя саламын. Бізде анық бір жағдай бар. Адамның киіміне, түріне қарап өмірдерегін өлшей саламыз. Ол анығында сіз ойлағаннан да мүлдем басқа шығар. Ешкім бас қатырмайды. Мысалы, көшеде жарқырап киініп жүрген адам көрсеңіз, астындағы қымбат көлігі мен үстіндегі киіміне қарап, уайымы жоқ деп ойлауыңыз бек мүмкін.

Анығында оның сана сезімі, білім парасаты сіздің деңгейіңізден әлдеқайда төмен болуы ықтимал. Ал, керсінше жұпынылау не ескілеу киіммен жүрген түрі қарапайым кісінің рухани жан дүниесі ұлудың ішіндегі маржандай жарқырап тұрмасына кім кепіл?! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, көзің жетпеген нәрсеге тіліңнің тікенін қадауға болмайды. Көз – қазы, көңіл – таразы. Жазушы Әкім Тарази айтпақндай, төбеңде бір бақылаушы барын ұмытпа!

Т.БЕКМЫРЗА,

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<