«Көлдей дүниені көп адам оқи бермейді»

2676

0

Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты қалалық жастар театры жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының «Отырардың жасыны» тарихи драмасын сахналады. Премьераға автордың қатысқанын пайдаланып, өзімен уақыт тауып әңгімелестік.

– Премьера қалай болды, аға?

– Жалпы, қойылым жаман шықпаған деп ойлаймын. Әрине, «әттеген-айы» болады ғой. Бірақ бірінші рет сахналануына байланысты премьераға қатты сын айтыла бермеуі керек. Актерлардың образға толық енуі үшін аз-кем уақыт өтуі керек. Сосын бұл тақырып өте күрделі әрі қиын. Әбу Насыр әл Фарабидің өмір жолынан пьеса жазуға ат басындай жүрек керек болса, оны сахналауға да сондай ер мінезділік қажет. Бұл ретте Қызылорда қалалық жастар театрының ұжымы, оның көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмаханов батыл шаруаға қадам жасап отыр.

– Пьесаның өзегі не?

– «Отырардың жасыны» – әл Фара­бидің балалық, жастық шағы туралы қазақ әдебиетіндегі алғашқы пьеса. Әбу Насырдың әкесі, бір жерде Мұхаммед, бір жерде Махмуд делініп жүр, қолбасшы болған. Ұлының өзі сияқты сарбаз болуын қалаған. Ат үстінде тәрбиелеген. Бірақ баласының білімге құштарлығы басым түсіп, әке арманы орындалмаған. Кейбір деректе Әбу Насырдың жасы 20-дан асқанда Жібек жолы көшімен Бағдатқа барғаны айтылады. Енді бір жерде «25-30 аралығы» деп көрсетіледі. Бағдаттағы білімпаздар орталығында араб тілін насихаттау­ға, ғылымын көтеруге үлес қосқан. 70 тіл білген, 200-ге тарта трактат жазған. Трактаттарының төрттен бірі ғана табылған. Көрнекті ойшылды тірілткен, қазақ елімен қауыштырған – Ақжан Машани. Одан бөлек, Әнуар Әлімжанов­тың «Ұстаздың оралуы» романын, Дүкенбай Досжанның «Фараби» повесін, Жүсіп Қыдырдың «Фараби тригонометриясы» поэмасын айтамыз.

– Тарихи тұлғалар туралы көркем дүние жазуда тарихи шындыққа қанша­лықты сүйенесіз?

– Тарихи кезеңнен, оқиғадан ауыт­қымауы керек десек те, тарихи туындының өз критерийі бар. Мысалы, «Отырардың жасынында» әл Фарабидің достары ретінде Тайманәлі, Қаптағайларды ойдан қостым. Бұлар – жиынтық образ. Өйткені кім-кімнің де сенімді серігі болатыны анық. Бас­ты кейіпкердің шешесі туралы дерек еш жерде кездеспейді. Бірақ мен оны шартты түрде Мейірбан деп алдым. Тарихи шындық ғылыми жазба, еңбек, зерттеулерге тән. Ал көркем шығармада жазушының, драматургтің қиялына мейлінше еркіндік беріледі.

– Тарихи тақырыпта қалам тербеу екінің бірінің қолынан келмейді. Оған қызығушылық неден басталды?

– Әуелі балалар жазушысы болдым. Тарихқа қызығушылығым Қызыл­ордада жүргенде басталды. Облыстық ком­сомолдың идеология бөліміне жетекшілік жасадым. Архивті ақтару кезінде Сұлтанбек Қожановтың бірбет­кей, турасын айтатын адам болғаны туралы мәлімет еріксіз назарымды аударды. Сталиннің «Сен – Орта Азия­ның Шыңғыс ханысың» деген сөзіне ол: «Жоқ, Шыңғыс хан – сіз, Кеңес одағын билеп-төстеп отырсыз» деген екен. Бұл Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабында келтірілген. Содан Сталинге сөз қайтаруға дәті жеткен қазақтың кім екенін білгім келді. Өзі қазіргі Түркістан облысындағы Созақ ауданының Ақсүмбе ауылында дүниеге келіпті. Алып-ұшып Ақсүмбеге бардым. Көзін көргендер болмаса да, сөзін естігендермен әңгімелестім. Зерттеп-зерделей келе тарихи-өмірбаяндық кітап жаздым. Жазушы Мұхтар Мағауиннің алғысөзімен бір үзігі «Жұлдыз» журналында жарық көрді.

1923 жылы Ташкентте шыққан ­Мағжан Жұмабаевтың біртомдық өлең­дер жинағында Сұлтанбек Қожанов­тың алғысөзі беріліпті. Араб тілінде. «Абайдан кейінгі екінші ақын» деп бағалаған. 1924 жылы Мәскеуде Нәзір Төреқұлов бастаған қазақ зиялылары керісінше, оны сынаған. Мені қарама-қайшы пікір қызықтырды. Төреқұловтың Мағжанды сынайтын жөні бар екен. 1922-1928 жылдар аралығында Мәскеуде КСРО орталық атқару комитеті жанындағы орталық баспа басқармасын басқарыпты. Орталық баспа басқармасының төрағасы ретінде қазақ тілінде «Темірқазық» журналын шығаруды ­ұйымдастырып, оған Әлихан ­Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, ­Мағжан Жұмабаевтарды тартқан. Нәзір Төреқұлов – Жаңақорған ауданындағы Қандөз ауылының тумасы. Тұңғыш қазақ дипломаты. Тарихи-ғұмырнамалық по­ве­сімнің тағы бірі осы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріне арналды. Ал «Абақты-ғұмыр» Мағжан өмiрiнiң елеулi белестерi, елiне жасаған ерен еңбегi, шығармашылық жетiстiгi бейнеленген алғашқы пьеса болды. Одан бөлек, «Сана дерті», «Сталинмен бетпе-бет», «Сәкеннің соңғы сапары» сияқты драмалық туындылар өмірге келді.

– Пьесаларыңыздың театрдағы көрі­нісін қалай бағалайсыз?

– Пьесаларым көптеген облыста сахналанды, бәріне қатыстым. Әрбір режиссердің өзіндік қолтаңбасы бар. Актерлар ойыны да солай. Анау мықты, мынау әлсіздеу деп баға беруге болмайды. Әбу Насыр өмірінің соңғы сәті бейнеленген «Ғұлама-ғұмыр» атты пьесам бойынша Бикен Римова атындағы Талдықорған, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды драма театрлары спектакль қойды. Бірінің режиссері – Сабыралы Кемелбайтегі, екіншісінікі – Қуандық Қасымов. Екеуінің де ізденісі ұнады. Тырнақ астынан кір іздесек, кемшілік табылады. Кей тұстарында көңіліме кіді болған көріністер байқалды. Оңашада режиссер мырзаларға айттым, олар қабыл алды. Біз бұл спектакльдермен жұмыс істеуді жалғастырамыз. Өйткені, театр қойылымдары бір жерде тоқтап қалмай, үнемі жетілдіруді қажет етеді.

– Сұхбаттарыңыздың бірінде: «Кейіп­керлердің аузына драматург айтпаған сөзді салуға болмайды», – депсіз. Демек, кейде бұрмалаушылық бол­ғаны ғой…

– Ұзын саны оннан астам пьесам сахнаға жол тартыпты. Солардың арасында кейде айтпаған-жазбаған сөздерім жүреді. Жәй сөз болса ештеңе емес, астарында талқыға түсер таласты ой болса – авторға қиянат. Автор ел алдында, журналистер алдында осындай тартысты сөзге жауап бермей ме? Сонда не демек? Мұны мен жазбаған едім дей ме? Ендеше, неге сахнаға шығаруға келісім берген? Келісім берді екен, ендеше жауабын беруге де әзір болғаны мақұл. Міне, сол үшін де айт­қан болармын.

– Қаламақы мәселесін көтерсек, қалам­герлердің жанды жеріне тиетінін білеміз. Әлі де солай ма?

– Кеңес одағы тұсында жарық көрген екі кітабым үшін әжептәуір қаламақы алдым. Біріншісіне – 175 сом. Осы күнгі құны – 3 миллион теңгеге жуық. Екінші еңбегімнің бағасы қазіргімен 5 миллион теңгеге жетеғабыл. Кейін қаламақының құты қашты, білесіз. Соңғы жылдары ғана сең қозғалғандай. Мысалы, бір баспа табақ үшін – 150 мың теңге. Бұл ақын-жазушының еңбегіне татымайды. Әуелгі екеуін қоспағанда өз басым жарытып қаламақы алған емеспін.

– Аға, қазір кеңсе жұмысында көрінесіз. Бұл шығармашылыққа қол­бай­лау емес пе?

– Былай алып қарасаңыз, екеуі бір-біріне қабыса бермейді. Кеңсе қызметі, өзім жақсы білетіндей, барынша тәртіптілікті, жинақылықты, салмақтылықты талап етеді. Оған көнбесең, есік ашық. Шығармашылық еркін ойлауға, ой айтуға құрылған. Белгілі бір қалыптан шыға алмасаң, онда сен талантты, қабілетті суреткер емессің. Жазғаныңның бәрі суып қалған көжедей ел мейірімін қандыра алмайды. Бастапқыда қатты қиналдым. Марқұм Оралхан Бөкей ағам жазғандарымды жақсы көрді. Сол кісінің «осы аппарат жұмысына неге байланып қалдың, тас­тасаңшы» деп қатты айтқаны бар. Ал Әбіш Кекілбаев: «Сенде қабілет бар, енді мемқызмет пен шығармашылықты қалай үйлестіресің, ол өзіңе байланыс­ты деп, батасын берді. 30 жылдық мемқызметте жазушы әрі драматург болып қалыптасу, әрине, оңай тиген жоқ. Қай қиындығын айтайын?

– Қаламгер үшін уақыт пен оқыр­ман сұранысын барлап отыру өте маңызды. Бұл екеуіне қазақ жазушылары қанша­лықты ілесіп жүр?

– Он шақты жылдың жүзі болды, қысқа романдар жазып жүрмін. «Олигарх және Олимп», «Бумеранг», «Интер-адам», «Жатпланеталық жігіт», «Бақидан келген келіншек» атты романдарым бар. Олар «Современные короткие романы» сериясымен Мәскеу­де «Жизнь горькая и сладкая» жинағы ретінде жарық көрді. Қазақшасы – «Ащы да тәтті өмір». Бұрынғы романдардың көлемі 200-300 беттей болса, бұл – 100 беттің айналасы. Қысқалық осы күнгі оқырман үшін ауадай қажет. Қанша жерден шедевр болса да көлдей дүниені көп адам оқи бермейді.

Қайсыбір қаламгер болмасын, шамасы жеткенше уақытқа ілесіп, ал­дияр оқырман іздеген тақырыпты қозғап отырғаны, әрине, маңызды. Өйткені не жазсаң да, нені айтпақ болсаң да оның оқырманы, баға берушісі бар. Ол – жалпы жұртшылық. Алайда, бұл айтуға оңай болғанымен істе өте қиын.

– Әдебиетке саясаттың ықпалын сезінген жағдайлар болды ма?

– Саясат пен әдебиет – екі түрлі нәрсе. Саясат – белгілі бір жүйеге түскен, қалыпқа салынған, оңға да, солға да бұрылмайтын өзінше өмір. Кезең мен уақытқа қарай былқылдап, бұраңдап кетері тағы бар. Саясатты тіршіліктен мүлде сызып тастауға тағы болмайды, ол қоғам үшін керек. Қоғам температурасын реттеп отыру үшін керек. Әдебиет оның ықпалына түсіп кетсе, өміршеңдігін жоғалтады.

Елімізде көркем әдебиетке қысым жоқ деп есептеймін. «Олигарх және Олимпте» Америкаға кеткен қазақ жігітінің аузына «Қазақстанда бизнесті өркендетуде қиыншылық көп» деген сөзді салып бердім. «Интер-адамда» бай мен кедейдің бір-біріне қиянаты, бір-бірінің жолын кесуі сияқты біраз жайттың басын шалдым. Ешкім «неге жазасың?» деген жоқ. Мәселе – біз жаза алмай жүрміз. Тағы бір ескеретін нәрсе, жазушының міндеті – билікті сынау емес, адамның жан-дүниесіне үңілу арқылы адамзатқа ой салу. Әдеби шығарма жеке адамдардың жан әлеміндегі арпалыс пен тайталасты айшықтап, соның құпия-қатпарын ашуға негізделген.

– Өзіңіз кімдерді оқып жүрсіз?

– Ақындардан Бауыржан Қарағыз­ұлын, Ақберен Елгезекті, Ерлан Жүністі, Маралтай Райымбекұлын, прозаиктерден Аягүл Мантайды, Лира Қонысты, Манарбек Қыдырбайұлын, Есболат Айбадосынды, Тоқтарәлі Таңжарықты жоғары бағалаймын. Қызылордада Дүйсенбек Аяшұлы мен Елубай Әуезов­ті айтар едім.

– Еліміздегі қандай мәселе сізді қатты алаңдатады?

– Мен үшін ең үлкен мәселе –тіл. Өз тілі жоқ елдің өзі де жоқ. Тілсіз қалған халықтың маңдайының соры бес елі. Құдайға шүкір, біздің ана тіліміз әлі де өз биігінде, оны аяқ асты етіп жүргендер – шала қазақтар мен намысы жоқ қандастар. Менің ойымша, енді 10-15 жылда бүкіл қазақ тек өз тілінде таза сөйлейтін жағдайға жетеді. Өйткені бұл – енді намыстың әңгімесі. Сосынғы шетін шаруа – жер мәселесі. Жер – ол халықтың байлығы. Оған ешкім де емес, тек сол елдің халқы ғана иелік еткені мақұл. Демек, ат төбеліндей билік емес, барша қазақ халқы қалай шешсе, соны қолдау керек. Айта берсек, ұлт үшін аса қажет күрделі мәселелер баршылық…

– Кез келген адам ел жаққа елеңдеп тұрады. Аға, сағынышыңыздың емін неден іздейсіз?

– Кім болсаң да өзің туған топырақ үшін жұдырықтай ғана баласың. Туған жерін сағынбайтын жан бар дегенге өз басым сене алмаймын. Егер ондайлар кездесіп жатса, онда оларда жүрек жоқ. Сағынамыз. Елеңдеп отырамыз. Мен туған ауыл –Қыраш деген кішкентай елді мекен! Жаңақорған ауданының аумағында орналасқан. Сол жерге ат басын тіресем болды, бала бейнеге ауысам. Ал сағыныш… Ол қай кезде басылар екен?!

– Бойыңызға қаламгерлік дарынын дарытқан қарашаңырағыңыз – Қаратау шығар, бәлкім… Жазушы болмағанда кім болар едіңіз?

– Жас кезімізде әр нәрсені арман­дадық. Қырашта бірге оқыған сыныптас досым Өтеп екеуміз техникаға ­әуестеніп, өзімізше жаңалық ашуды да ойлаппыз. Мәскеуде шығатын «Жас техник» журналын пошта арқылы алдырып оқитынбыз. Одан Алматыға барып, жоғары оқу орнына түскенде журналист досым Оразбек, курстасым Кеңесбек үшеуміз музыкаға әуестендік. «Дос-Мұқасан» секілді өзімізше ансамбль құрсақ деген күндер де болды. «ЖОК» деп атын да қойғанбыз. Айтпақшы, біршама уақыт Алматы орталық стадионындағы бокс секциясына да барып жүрдік. Тренеріміз атақты боксшы Әбдірашид Әбдірахманов еді. Қысқасы, жазушы болмасам, жерде қалмас едім деп ойлаймын.

– Уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<