«Тұтынушылар мүддесі әрдайым ескерілетін болады»

1861

0

Коммуналдық қызмет – қандай қоғамдық жүйеде болмасын, тұтынушылар үшін өткір проблемалар жиынтығын құрайтын саланың бірі. Қазақстан Президенті кейінгі уақытта атқарушы билікке оның қызмет бағаларын өсірмеу туралы бірнеше рет нұсқау беріп, сонымен бірге мемлекет су, жарық, жылу жүйелерін жаңғыртуға миллиардтаған теңге қаржы бөлуде. Бұл қолдау кеңес әлемінен қордаланып қалған өткір түйіндерді кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беруде. Осы орайда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетіне үлкен міндеттер жүктелетіні мәлім. Саланың бүгінгі таңдағы өзекті мәселелеріне қатысты міндеттерін сараптау үшін газет тілшісі комитеттің облыс бойынша департамент басшысы Гүлмира Сейітбекқызы Өтегеновамен ой бөлісті.

– Өздеріңізге мәлім, Мемле­кет басшысы кейінгі уақытта осынау түйткілді мәселелерге барынша назар аудара бастады, – деді бізбен әңгімесінде департамент басшысы. – Уақыт жылдам өзгеруде. Қазақстан жаңа даму кезеңіне қадам басты. Ал бұл орайда біздің бүгінгі шешімдеріміз, осыған сәйкес жасайтын нақты іс-әрекетіміз өзгерістердің талабына жауап беруі қажет. Президент бәсекеге қарсы әрекет барлық салада – көмір, электр энергиясы, мұ­най өнімдері, байланыс, дәрі-дәрмек, әуежай қызметтері, тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық қызметтері, логис­тика нарықтарында белең алып отырғанын мәлімдеді. Шын­дығын айтқанда, осының барлығы халықтың тұтыну мүд­десіне байланысты мәсе­лелерді қамтиды. Егер Президенттің кейінгі шақырылымдағы Парла­менттің бірінші сессияның ашылуында сөйлеген сөзіне зер салсаңыз, аталған мәселелер тағы да назардан қағыс қалған жоқ. Президент барлық күш- жіге­рімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз ке­рек­тігін, бұл бағытта басты ба­сым­дық – халықтың тұрмыс са­па­сын жақсартып, әл-ау­қа­тын арттыруға тірелетінін тағы да назарға салды. Жоға­рыда айтылған халық­тың ком­мунал­дық қыз­мет­ке қатысты түйткілдері де­пар­тамент арқылы шешілетін бол­ғандықтан,  бұл бізге үлкен міндеттер жүктейді.

– Сіздің есіңізге қоғамдық пікірде көрініс тауып отырған мәселені салғым келеді. Қы­зылорданың тұтынушылары, міне, бірнеше жылдан бері табиғи газдың игілігін көру­де. Бірақ, көпшілігі оның баға­сына наразы. Осы тарапта де­партаменттің бірқатар табан­ды іс-қимыл жасап жат­қанынан хабардармыз…

– Департаменттің бұйры­ғымен 2020 жылдың 1 қаң­тарынан бастап «ҚазТранс­ГазАймақ» АҚ-ның Қызылорда өн­дірістік филиалына 2020-2025 жылдарға арналған тауар­­лық газды тасымалдау тарифі бекітілді. Ол қосымша құн салығынсыз мың текше метр­ге 5941 теңге құрайды. Бұ­рынғы тарифтен 34,6 процент төмен. Бірақ акционерлік қо­ғам департаменттің бұйры­ғы­­мен келіспей, сотқа арыз берді. Бірінші және екінші са­ты­дағы сот шешімдерімен акцио­­нерлік қоғамның тала­бы қа­нағаттандырусыз қал­дырылды.

Газды бөлшек саудада өт­кізу баға­сы табиғи моно­полия­ларды реттеу коми­­теті­мен келісілгендіктен, 2020 жылғы 28 желтоқсандағы ко­митеттің қоры­тындысымен 2021 жылдың 1 қаң­тарынан бастап газды бөлшек саудада өткізудің шекті бағасы 17 процентке төмендетілді. Оның ішінде тұрғындар үшін 1000 текше метрге қосымша құн салығымен едәуір төмендетіліп, ол қазір 17351 теңгені құрайды. Алайда, «ҚазТрансГазАймақ» қа­былданған шешіммен келіс­­пей тағы сотқа жүгінді. Әзірге сот шешімі шық­қанға дейін жаңа тарифті енгізу тоқ­та­тылды. Қазіргі таңда де­партамент «Қы­зылорда­жылу­­­электр­орталығы» мен «Қы­зылорда­электртарату торап­тары» ком­па­ниясы акцио­нерлік қо­ғамы­ның өтінімдерін қарап жатыр.

Халықтың мүддесі бол­ған­дықтан біз жобалық тариф­терді талқылау бойынша жария тыңдауларды 2020 жыл­дың желтоқсанында ұйым­дас­тырып, оған мәслихат депу­таттары, жергілікті басқару орган­дарының, қоғамдық бір­лестіктердің, бұқаралық ақ­парат құралдарының өкілдері және тұтынушылар мен тәуелсіз сарапшылар қатысқанын атап өткіміз келеді. Жария тың­дауларды және өңірлік комиссия отырысында айтылған ұсыныс- пікірлер ескеріліп, тарифтердің жобалары қаралуда. Қорыта айтқанда, тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмейді.

– Кейінгі кездері тұтыну­шылар «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорны қызметіне көптеп реніштерін білдіруде. Атап айт­қанда, пайдаланған су­дың кө­лемін артық көр­сету халықтың оны дә­лел­­деп кәсіпорынға жиі бар­­ғыштауына, оның соңы дау-дамайға ұласып, бос уақыт жұмсап дегендей әбігершілік ту­дыруда. Бірақ, менің ойымша, әділдік үшін Қызылордадағы су тарифінің Қазақстанның өзге өңірлеріне қарағанда едәуір арзан екенін атап өткім келеді. Сонда жоғарыда айтылған түсінбеушілік неден туындап отыр? Тәртіпке келтірудің жолдары қандай?

– Сұрағыңыздың екінші бөлігінен бастайын. Халық «Судың да сұрауы бар» дейді. Біз жалпы табиғи ре­сурсқа ұқыптылықпен қарау мә­дениетін әлі меңгере қойға­нымыз жоқ. Қызылордада су­дың мың текше метрінің тарифі 44,9 теңге. Қарапайым тілмен айтқанда, сіз мың литр су үшін осыншама қаржы төлейсіз. Бұл – Қазақстандағы ең арзан тариф. Салыстыру үшін айтайын, Ақтауда 223, Қарағандыда 101, Атырауда 99, Ақтөбеде 85, Қостанайда 76, Көкшетауда 78, Таразда 109, Шымкентте 88, Петропавлда 81, Өскеменде 66, Түркістанда 62 теңге, осылай кете береді… Ал осыншама арзан тарифтің ақысын төлеп отыру енді біздің ар-ұятымызға байланысты мәселе деп есептеймін.

Жоғарыдағы түйткілді мә­селені өз басым бірінші естіп отырмын. Ондай әурешілікке салу дұрыс емес. Тұтынушылар бізге шағым жазып жатса, оны тексереміз. Шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге мораторий жарияланғанымен, ешкімнің заң бұзушылыққа жол беруіне негіз жоқ. Менің­ше, бұл кәсіпорынның жеке­леген қызметкерлерінің орын­дау­шылық қызметке салғырт қарауынан туған жағдай ғой деп ойлаймын.

– Шындығын айтқанда, бұ­рын­ғыдай емес, біз нарық­пен алға жылжыған сайын проб­лемалар көптеп туындай бас­таған сыңайлы. Шетелдік ақ­парат құралдарын көріп, оқы­ғаннан көңілге түйгенім, осы проблемалардың көп­ші­лігі кешегі посткеңестік мем­лекеттерге ғана тән ортақ құбылыс па деп ойлаймын. Ком­­муналдық төлемдерге ақы­­ны уақытында төлемеу, ұдайы қарызға өмір сүру сол қыз­мет көрсететін кәсіп­орын қызметкерлеріне де оңай соқпайды. Жалақысын уақы­тын­да ала алмауын былай қойғанда, олардың негізгі қор­ларын жаңарту үшін де қаржы керек емес пе? Мұның сыры неде деп ойлайсыз?  Кешегі ортақ жүйеде өмір сүр­ген Шығыс Еуропа ел­дерінде мұндай келеңсіздік біршама жойылған тәрізді ме, қалай? Әлде біздің нарыққа бейімделуіміз қиынға соғып жатыр ма?

– Сұрағыңыздың астарында қандай ой жатқанын сезіп отырмын. Біз 70 жылдай социа­лизмнің теңгермешілік жүйе­сінде өмір сүрдік. Ол қоғамда жоспарлы шығын деген ұғым болды. Бірақ бірінің шығынын  бірі жауып дегендей, халық үшін жеңілдетілген тариф қолданылатын. Есіңізде болса, жарық, су, тағы басқасының қызметіне, бейнелеп айтқанда, тиын-тебен төлейтінбіз. Әрине, кешегі кеңес дүниесінің осындай әлеуметтік сипаты басым болды. Бірақ экономика, шынын айту керек, мұндай ысырапты көтере алмайтын еді. Ол табысты жұмыс істейтіндердің ерік-жігерін тежеп тастайтын. Барлығына үкіметтен субсидия, дотация беру ақылға сыйымсыз ғой. Нарыққа көшу табысыңа қарай өмір сүру дағдысына үйретті. Біршама жөнге түсіп келеміз. Өмір көрсетіп отырғандай, аздаған ілгері жылжу нышаны сезіле бастады. Бұрынғы қордаланып қалған проблемалар азайды. Сонымен бірге бір нәрсені ескеруіміз қажет. Бізде тұрмысы төмен отбасыларына коммуналдық қызмет үшін бюджеттен өтемақы беріледі. Нарық жағдайында бұл халық үшін үлкен қолдау екенін ұмытпағанымыз абзал.

Ал Шығыс Еуропа елдеріне келсек, олар  1945 жылға дейін нарық экономикасымен өмір сүрді. 1990 жылы нарыққа қайта көшкенде ырғалып- жырғалу болмай, сілкіністерге жол берілмей, кез келген тосын құбылыстарды көтеруге дайын келді. Айырмашылығымыз осын­да. Шетелде коммуналдық жүйесі ортақ бірнеше отбасына арналған үйдің бір пәтері сатылатын болса, жаңа қожайын көршілерінің қандай екенін сырттай бақылайтын көрінеді. «Олардың төлем қабілеті қандай?» деген сауалдың жауа­бын іздестіретін болғаны ғой. Біздіңше, бұл – жылдар бойы қалыптасқан дағды. ендеше біздің тұтынушылар мәдениеті уақыт өте келе қалыптасатын шығар деп ойлаймын.

Сөз соңында жыл басынан реттелетін коммуналдық қыз­меттердің жылуға және электр қуатына қатысты бағаларынан басқалары қолданыстағы дең­гейде қалғанын тұтыну­шы­лардың есіне сала кеткім келеді. Департамент өз кезегінде тұ­тыну бағаларының негізсіз өс­пеуін ұдайы қадағалайтын болады.

PS:

Өтегенова Гүлмира Сейт­бекқызы 1966 жылы  Қызылорда қаласында туған, 1987 жылы Қарағанды кооперативтік инсти­ту­тының тауар жүргізу және азық-түлік тауарлары саудасын ұйымдастыру ба­калавры мамандығын бітіріп, еңбек жолын Жалағаш ауданы тұтынушылар одағында тауар­танушы болып бастады. Жала­ғаш ауданында кооперацияларда төраға орынбасары қызметін атқарды.

1995 жылдан Қызылорда облысы монополияға қарсы салада, табиғи монополияларды реттеу саласында  1 санаттағы маман, бас маман, бөлім бастығы, басшының орынбасары  қызметтерінде болды. Кейін ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтыну­шылардың құқықтарын корғау комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы болды.

Қазір ҚР Ұлттық эконо­мика министрлігі Табиғи моно­полияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы болып қызмет атқарады.

Әңгімелескен

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<