Ұстаз бейнесі ұмытылмайды

1650

0

Айдарбек Табынбаев 1942 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, қатардағы жауынгерден взвод командирінің орынбасарлығына дейін көтерілген. Кіші офицерлерді дайындайтын курста Совет Одағының Батыры Александр Матросовпен бірге оқиды. 1943 жылы күзде ауыр жараланып, елге оралады. Сол кезден бастап ауыл мектебінде 40 жылға тарта ұстаздық қызмет атқарып, зейнет демалысына шыққан. І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені мен бірқатар медальмен марапатталған.

Қазір соғыс және еңбек ардагері мен Батыр ана Орын­күл Мусақызының пер­зент­терінен тараған 150-ге тарта немере-шөбере еліміздің әр қиырында.

Ол табиғатынан ұстаз болып жаралған жан еді. Алғашқы ұстазым туралы ес­телік жазу маған оңай соқ­пады. Көз алдыма қазіргі Жанқожа батыр сол кездегі Қазақстанның 40 жылдығы атындағы шаруашылық, туған ауылымда орналасқан шағын мектебім, сол мектепке аттаған алғашқы қадамым, балалықтың бал кезеңі, ата-анам, өзім өскен ауылдағы тәлім-тәр­бие берген ұстаздарым, тай-құлындай тебісіп бірге өскен құрдастарым, бәрі-бәрі тізбектеліп, күні кешегідей орала берді. Қым-қуыт тірлік пен жұмыста жүріп, кейде соның барлығын еске алуға уақыт жете бермейді екен-ау…

Ағай сұсты да салмақты адам еді. Алдында отырған оқушыларының оқыс қылық­тарын байқай қоятын. Кейбір тентектеу балалардың мектепте не далада оқыстау ойнап, ожарлау сөйлегендері болса бәрін көріп, бәрін еститін. Ойлағаныңды біліп қояды. Айқайлап, ақырып-жекір­мей­­тін, салмақтап сөй­леп-ақ саза­йыңды беретін. Сон­дық­тан оның алдына екінші рет кінәлі болып барудан сотқарлау балалар қаймығып жүретін.

Ағай математика сабағында ойын элементтерін шебер қолданатын. Сыныптас­та­рым­­ның да есінде шығар, ол уақытта Кеңес үкіметінің қызыл туының кішкене түрі дүкенде сатылатын. Арифметикадан есеп шығарғанда берілген тапсырманы өз бетінше кім алдымен шығарса, сол оқушыға барып туыңды тік дейтін. Қуана келіп, қызыл жалаушаны партамызға орналастыратынбыз. Тігілген туды әрі қарай желбіретіп, құлатып алмау үшін тапсырманы орындауға құлшына кірісетінбіз.

Одан кейін есімде қалған тағы бір жайт – елеуіш ойыны. Бес-алты оқушы тұрады да, көбейту кестесінен  сұрақ  қояды, сұраққа тез жауап бергендер тез орнына отырады, жауап бермесең тұра бересің, өз обалың өзіңе. Қазір оқыту барысында сол ойын элементтерін пайдалану – конструктивті  оқытудың  негізгі шарты. Баланы білім алуға ұмтылдыру, мотивация берудің көрінісі. Біздің ұстазымыз сол оқыту әдістерінің негізін қалаған мұғалімдердің бірі де бірегейі екен-ау…

Мектептің қоғамдық жұ­мыс­та­рына белсене қаты­са­тынбыз. Ағай ата-аналар жина­лысына келген әкеме мені көрсетіп, «осы қызың тү­бінде мұғалім болады» дейтін. Ұстаздың көрегендігі шығар, бүгінгі күні ұстаздық жолда жүргеніме 35 жылдан астам уақыт өтіпті. Қаншама ұстаздан дәріс алдық, алдымыздан қаншама шәкірттер өтті. Мектеп бітірдік, университет бітіріп, аспирантурада оқыдым. Кандидаттық ­диссертация қор­ғадым, академиялық про­­фес­сор атағын алдым. Қызыл­орда қаласындағы Қорқ­ыт ата атындағы университетте ширек ғасырдан астам абыройлы еңбек етіп келемін.

Оқушы білімінің іргетасы қалай қаланса, өмі­ріндегі жолы солай болады. Бізді білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбиесін бойымызға сіңіру жолында аянбай еңбек еткен, бар білгенін үйретуден жалықпаған ұстазымыз қазір арамызда жоқ. Жарық дүниеге әкелген, өмір нәрін сепкен ата-анамызға қалай қарыздар болсақ, жарқын өмірге жол сілтеген ұстаздарымызға да сондай қарыздармыз.

Егер әр адамның жүрегінде ізгілік сәулесі болса, ол – ұстаздың еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің жүрегіне сіңіру үшін асыл ұстаз Айдарбек ағай қаншама тер төкті десеңізші!

Клара Дәрмағамбет,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

академиялық профессоры,

химия ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<