Руханият қазынасын толықтырған

1061

0

Адамның өмірі көшкен керуен секілді уақыт өткен сайын әуелгі тұрағынан алыстай бастайды. Азғантай ғұмырда біреу жақсы атын қалдырса, енді бірінің келіп-кеткені белгісіздеу болып жатады. Ал, тұтастай бір кезең ұрпақтарын тәрбиелейтін, ел үшін туған ерлердің жөні мүлде бөлек. Кеңес заманында идеологияны ұлттық бағыттан барынша аудырмай, ыңғайы келсе, құндылықтарымызды кеңінен насихаттаған аға буынның ұшан-теңіз еңбегін қалай ұмытпақпыз?

Осындай абыз ақсақалдардың бірі – Қазақстанның құрметті жур­налисі, «Қазақ радиосының үздігі» Сырдария және Жалағаш аудан­дарының Құрметті азаматы Ахат Әбжаппарұлы Жанаев болатын. Ол 1934 жылы 24 маусымда Тереңөзек ауданы 1 Май колхозында дүниеге келген. Әкесі Әбжаппар Жанаев 1937 жылы ірі өндіріс орнын басқарып тұрған кезінде «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, «Волголаг» лагерінің адам айт­қысыз азабына төтеп бере алмай небары 39 жасында қайтыс болса, анасы Айткүл Кәрібайқызы да қуғын-сүргін салдарынан 40 жасқа жетпей өмірден өтеді. Ата-анадан ерте айырылған Ахат аға өмірдің тауқыметін тартып өсті. Нағашы әжесінің қам­қорлығымен ел қата­рына қосыл­ған ол еңбек жолын 1952-1953 жыл­дары мектепте пионер же­­текшісі болып бастаған. 1953 жылы Қызылорда педагогикалық институты фи­лология факуль­те­тінің студенті атанып, оны 1957 жылы тәмамдайды. Онан соң Те­реңөзек ауданындағы Калинин атын­дағы №35 орта мектепте мұ­ғалім болып еңбек етті. Мұғалім болып жүргенде сол кездегі об­лыстық партия комитетінің бө­лім меңгерушісі, хатшысы бо­лып қыз­мет атқарған Дәуірхан Айда­ров Ахат ағаны облыстық радиоға қызметке шақырады. Бұл қызметтің оңай емес екенін бі­летін. Ол мектептегі мұғалімдік жұ­мы­сынан кеткісі келмей біраз жүріп алды. Алайда бірнеше қай­тара ұсыныс түскендіктен, бұдан әрі шалқақтаудың жөні жоқ екенін түсініп, жаңа қызметке кірісуге бел буады.

– Сөйтіп, 1961 жылы облыс­тық радиоға редактор болып ор­на­ластым. Екі жылдың ішінде бас­паналы болдым. Радио тілшісі болу деген оңай емес. Салмағы бірнеше келі репортерді иығымызға іліп алып, жаяу-жалпы кетеміз. Жалпы, журналистика қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық қой. Бұл мамандыққа кез келген адам шыдас бермейді. Ал, мен осы мамандықты шын жүрегіммен қа­ладым, сондықтан оның қиын­ды­ғына төтеп бердім,– дейтін қарт тілші.

1962 жылы облыстық партия комитеті бюросының қаулысымен Ахат аға Алматыдағы Жоғары партия мектебіне жіберіледі. 1964 жылы оны радио, телевидение бөлімі бойынша бітіріп, сол жылдың көктемінде мемлекеттік өндірістік практикасын Мәскеуде өткізеді.

– Мәскеуде Бүкілодақтық ра­диода тәжірибеден өтуім үлкен мектеп болды. Онда тікелей эфир­дің хас шеберлері Константин Ритин­ский, Юрий Летунов, Юрий Левитанның лекцияларын тыңдап, тәжірибелерін үйрендік, – деп, әр кездескен сайын санасындағы естеліктерді ыждағатпен жеткізуші еді. Кейін 1967 жылы Қазақ ра­диосының Сыр өңіріндегі меншікті тілшісі болып 30 жылға жуық жемісті еңбек етті. Ахат аға осы жылдар аралығында аймағымыздың арғы-бергі тарихын, мұрасын, жы­раулық, күйшілік, шайырлық өнерін күллі түркі әлеміне кеңінен наси­хаттап, Сыр өңірінің мәдениеті мен руханиятының дамуына сүбе­лі үлес қосты. Ол – ұлы Қорқыт бабаны араға 10 ғасыр уақыт салып қайта тірілткен, тірілтіп ғана қоймай, күллі түркі әлемімен қайта қауыштырған, 12 күйін үн­таспаға түсіріп, айналымға қос­қан бірден-бір журналист. 1975 жылы қызыл­ордалық қарт қобызшы Сымайыл Шәменұлының орындауында (лақап аты соқыр Нышан) 12 күйді жазып алып, Ұлттық академияға табыс еткен. Нышан Шәменұлы – Қорқыт күй­лерін біздің заманымызға жеткіз­ген қобызшы, абыз. Бір жасында күйдіргі (түйнеме) ауруына шал­дығып, екі көзінен зағип болып, өмір тауқыметін көп тартқан. Тоғыз жасынан қобызды қолына алған. Ол Мұсаяз бейітіне келген қобыз­шылардан Қорқыт атаның және белгілі бақсы-балгерлер Есақай мен Адасқанның, тағы басқа қобыз­шы­лардың күйлерін үйренген. 1979 жылы дүниеден өткен.

Ахат аға 1975 жылғы шілде айынан бері ұлттық мұраға ай­нал­ған еңбегіне өмірден өтер кезін­де қатты алаңдаушылық білдіріп еді. Мені қайта-қайта шақырып: «Әде­биет және өнер институтының қоры­на тапсырылған кезде менің атымды қоспаған, осы жайды өзің анықта, менің атым жазылмаса, қа­телікті түзе» деп, аманат етті. Асыл ағаның аманатын орындап, арнайы М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтына ба­рып, баяғы 1975 жылы жазылған Нышан абыздың таспасын тауып, көшірмесін елге алып келдік. Об­лыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының қорына қо­сыл­ған таспа арқылы жас буын қобыз­шыларды тәрбиелеуді мақсат тұтып отырмыз. 

Облыстық халық шығарма­шылы­ғын дамыту орталығы шығарған «Қайталанбас дауыстар», «Мирас» музыкалық антологиясына бұл кісінің 40-50 жыл бойы жинастырған үнтаспалары, дауыстары енгізілген. Көп дүниесі Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Олардың барлығы да баға жетпес қазына, аса құнды жәдігер десек, әсіре на­сихатқа жатпаса керек.

Сонымен бірге қарт қаламгердің облысымыздағы тарихи-өлкетану музейлерін көне жәдігерлермен толықтырудағы еңбегі  ерекше. Атап айтқанда, Ахат Жанаев облыстық тарихи өлкетану, Қорқыт баба музейлеріне Қорқыт баба күйлері жазылып алынған Р-7 репортері мен жазу машинкасын, тағы да басқа заттар тапсырған. Олар экс­понат қатарын толықтырып, мазмұ­нын арттыруда. Ахат Жанаев – радио­тілші ғана емес, «Бұқарбай батыр», «Алмас тілді ағалар», «Беркінбай әулие: аңыз бен ақиқат», тағы басқа бірқатар кітаптың авторы.

Ол берекесі мен бірлігі жарасқан үлкен отбасының тірегі, адал жар, қамқор да мейірбан әке, неме­ре-шөберелерінің сүйікті атасы еді. Жары марқұм Ұлбосын Әбді­кә­рімқызы екеуі бес бала тәр­биелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қон­дырған бақытты әке болды. Жур­налистика, оның ішінде радио саласында жинаған тәжіри­бесін, біл­генін ізінен ерген жастарға үй­ретті. Оның тәлімін ал­ғандар бү­гінде мықты мамандар қатарында айтылады. Ахат ағамыз­дың тәлім­герлік шеберха­насынан түлеп ұш­қан қаншама шәкірттер елімізге еңбек сіңіріп келеді.

Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Ахат ағамыз былтыр 8 шілдеде 86 жасында мына жал­ғаннан татар дәмі таусылып, баһи жайға аттанды. Алланың  берген жасы аз да емес, көп те емес. Жақ­сы жас, бала-шағаның алдында, осындай жасқа жетіп, ақтық са­парға кетіп жатқан жанда арман аз болса керек. Марқұмды ұлық Алла раһымына бөлеп, мейірім-шапа­ға­тымен жарылқасын. Жатсаң  да, тұрсаң да зымырап бара жатқан уақыт бір жылды артқа тастап үлгеріпті. Барзақ әлеміндегі хәліңді Алла жөндеп, жақсы амалдарың өзіңе серік болсын!

Сыр еліне қадірлі ақсақалдың жылдық асы 2021 жылдың 18 маусымы күні, сағат 13:00-де Қы­зылорда қаласы, Әйтеке би көше­сіндегі «Дидар» мейрамха­насында болатындығын  хабарлаймыз. 

 Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,

жыршы, облыстық халық шығармашылығын дамыту және

мәдени-продюсерлік орталығының маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<