Сынды әлі күнге интригалық сезіммен қабылдайды

2458

0

Бүгінгі БАҚ-қа көзқарас, қазақ журналистикасының өткені мен бүгіні, интернет иірімі сияқты мәселелер «Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы» ЖШС құрылтайшысы Шаһизада Әбдікәрімовпен әңгімеміздің өзегі болды. Ақын, журналист сала беделінің төмендеу себебін тілшілерге емес, өзге жәйттерге әкеп тіреді.

– Бұрын баспасөздегі сынның бірде-бірі елеусіз қалмайтын болған екен. Үлкендердің бұл сөзі бізге ертегі көрінеді…

– Бір кездері он бес одақтас рес­публика түгел Владимир Ильич Ленинге пұтқа табынғандай табынды. Оны «күн көсем» көріп, кумир тұтты. Лениннің шын тегі – Ульянов. Өзі Қазан университетін заңгер мамандығы бойынша бітірсе де, саясаткер бола тұра анкетаның «мамандығы» деген тұсына «журналист» деп толтырады екен. Лениннің журналистік қабілеті расымен жоғары болған. Сол кісінің «Газет – қоғамдық насихатшы ғана емес, қоғамды ұйымдастырушы» дегені бар. Біле білген адамға бұл сөздің мәні зор. Біз мемлекеттің жылжуына кедергі келтіретін түйткілдерді қозғау арқылы қоғамдық пікір туғызамыз. Кейін соның айналасында соны шешуге тырысатын мүдделі топтар қалыптасады. Лениннің сөзі, міне, осыған саяды.

Кеңес өкіметі кезінде қаны тамбай тұрған мәселелердің насихатшысы бола алдық. Бірақ қоғамдық ұйымдастырушы болу қолдан келмеді. Компартия баспасөз бен телевидениені қуатты қару ретінде ұтымды пайдаланды. Соның көмегімен заң, референдум немесе мемлекеттік маңызды шаралар, жағдайлардың жобасын талқылауға ұсынатын. Өкініштісі, бұл қолмен басқарылатын демократия еді. Әйтсе де, ол уақытта журналистиканың сапасы, деңгейі жоғары болғаны жасырын емес. Көрінген әнші, асаба қазіргідей телеарнада талтаңдап жүрмейтін. Ақпараттық этикеттің бұзылмауы басты орында тұрды. Сыни материалдардың бірде-бірі жауапсыз қалмайтын. Өзіңіз «ертегі сияқты» деп отырсыз, расымен солай. Сатиралық «Крокодил», «Ара» журналдарына фельетон кейіпкері ретінде шығу мансабыңа тықыр таянғанмен бірдей. Бүкіл елге қырсыздығыңмен, ісіңнің берекесіздігімен танылып, «мәшһүр» боласың.

– Қазір соған селт етпейді-ау, шіркін…

– Осының өзі ақпарат құрал­дарының күштілігін көрсетеді. Ол кездегі кеңестік және шетелдік журналистика салыстыруға келмейді. Варшава келісім-шартына қосылған мемлекеттерді, мысалы, Венгрия, Румыния, Чехия, Польшаның өзінде батыстық демократия бар-тұғын. Ақпарат майданында олармен иық тірестіре алған жоқпыз. Бірақ кеңес өкіметінің жетпіс жыл бойы мызғымай, әлемге сұсты боп көрінуі, батыс елдерінің зәресін алатындай беделге ие болуы БАҚ-тың ықпалы екені анық. Бір ғана «Правда» газетінің тұңғыш номері жарыққа шыққан 5 мамырда Баспасөз күнін тойладық.

Небір майталман ақын-жазу­шылар баспасөз арқылы танылды, шыңдалды. Әдебиетке кеткенмен олар әлсін-әлсін журналистиканың соқпағына түсіп отырды. Журналистикасы мықты елден талантты жазушылар шығады. Колумбиялық прозаик, Нобель сыйлығының лауреаты Габриэль Гарсия Маркес саналы ғұмырын осы салаға арнаған. Ширек ғасыр жазушылықпен айналысып, әдебиетке құбылыс әкелді. Әйгілі америкалық жазушы Эрнест Хемингуэй репортер болған. Әлемді шарлап жүріп жазған материалдарының көркемдік деңгейін көтерді. Қалтай Мұхамеджанов, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сейдахмет Бердіқұлов, Ержұман Смайылов, Сауытбек Әбдірахманов сияқты қазақ әдебиетінің классиктері де осы салада өте жемісті еңбек етті.

– БАҚ сол қауқарынан қалай айырылып қалды?

– Одақ шекпенінен шыққан мемлекеттердегі ахуалды зерттеп отырамын. Өзбекстан, Тәжікстанды былай қойғанда, Түрікменстанда журналистер лакей сияқты. Лакей дегенді білесіз ғой, сарай қызметкерлерінің етігін майлап сүртуші. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кеңестік мектептің озық үрдістеріне сүйеніп, аудитория назарына тәуір дүниелер ұсындық. Бертін келе биліктің форматы ­ауыс­ты. Сөйтті де бұрынғыдай БАҚ көтерген мәселелермен санасу селдірей бас­тады . Оның орнына тас қорған қорғанысқа көшті. Шындықты айтып шырылдағандарды дұшпан көрді, экстремист санаған жағдайлар кездесті. Бұл – өте қауіпті тенденция.

Әлі күнге сынды интригалық сезіммен қабылдайды. Амбиция мен интрига екі бөлек. Амбиция – шамшылдық, жат құбылыстарға қарсы тұра білу. Ал интрига – өкпешілдік. «Шыбық тимей шыңқ етер, көзінен жасы жылт етер» дегенге келеді. Сынды қабылдап, мінін түзетудің орнына базбіреулер бұлқан-талқан ашуланады. Біздің бар ойымыз – көмектесу екенін ешқайсысы түсініп жатқан жоқ. Сондағы жауабы – «ол менің командам ғой!» Демек, жақсылы-жаманды құрып алды команда.

Егер жергілікті билікке біз көтерген мәселелерге құлақ түріп, оны назарда ұстау туралы жоғарыдан тапсырма келсе, бұдан аттап өтпес еді. Өкінішке қарай интригалық көңіл-күй мен әрекет сол жақтан басталып жатыр. Қазақстандағы журналистиканың деңгейі Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстандағы сияқ­ты сонша­лық төмен дей алмаймыз. Әйтпесе, «Дат», «Жас Алаштарды» қайда қоямыз? Бұлар қоғамның запыранын, зарын шығару үшін қойылған түтікке ұқсайды. Сонда да бұрынғыға қарағанда жағдайдың мәз еместігі «тілшілер қабілетсіз», «журналистика мектебі қалыптасқан жоқ» дегенді білдірмейді.

– «Қазақстанда цензура бар ма?» деу қисынға келмес. Өйткені қаржылай тәуелділік бәрібір соған мәжбүрлейді. Тілшілердің тілі қышығанымен, тісі батпайтын мәселелер ретінде нені айтар едіңіз?

– Тілшілердің барлық тақырыпқа тісі батпай жүр. Айналып келгенде, мұның себебі ақпарат құрал­дарына құрметтің жоқтығында, біз қаузаған мәселелерді билік­тің қабылдамауында. БАҚ бас­шыла­рының көбі жалтақ. Бірақ оларды қалай кінәлайсың?! Мемлекеттік тапсырыс алып отыр. Артық ауыз бірдеңе айтса, ертеңіне жауып тастауы мүмкін. Одан басшының қылы да қисаймас. Бірақ қарамағындағы қаншама адамның обалына қалмай ма?! Амалдың жоқтығынан алданып, алдағы күндердің сәулесінен үміттіміз.

– «Қоғам ТВ» тәжірибесінде ауыздан «авария» болып, қы­сым көрген кездер ұшырасты ма? Мұндайда басшы ретінде қан­шалықты принципшілсіз?

– Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен журналист Сахитжан ­Берма­ған­бетов жүргізген «Аптаның алты ауызын» жұрт кезінде қалай қабыл­дады, білесіз?! Өзекті мәселелер өткір талқыланатынымен көрермен көз­айымына айналды. Қызылорда қаласындағы көшелердің біріне Сахитжан бауырымыздың есімі берілді. Телеарнаның бетке ұстар бағдарламасы Жеткерген Жүсіп жүргізгенде де бастапқы ұстанымынан айныған жоқ. Ал қазір биліктің ыңғайына көше бастаған жайымыз бар. Бұл бағана айтқан себепке байланысты. Сынға іліккен шенеуніктерден телефон қоңырауы жиі түседі. «Біз сіздерге ақша беріп отырмыз» дейді арғы жағынан. Қалтасынан шығарып жатқандай. Шынына келсек, ол – бюджеттің қаржысы. Ал бюджетті құраушы кім? Халық! Бірақ бізде салық төлеуші ретінде келеңсіздіктерге жанашырлықпен қарау көзқарасы қалыптаспаған. Соның кесірінен шүлен таратып жатқандай бұлданады. Сөздің ашығы, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеу – биліктің сойылын соғу емес, халыққа болысу.

– Әлеуметтік желі телеарна мен газетті, блогерлер журналистерді ақпарат көшінен ығыстыруы мүмкін бе?

– Интернет, блогерлік – жаһан­дану дәуірінің жемісі. Бірақ дамыған мемлекеттерде интернеттегі жазбаны жеке пікір ретінде қабылдайды. Блогерлерлік мәдениет жоғары. Ал біз сыпсың сөзден әрі аса алмай отырмыз. Мысалы, «Пәленше отставкаға кетсін!» дейді. Бірақ себебін ашып көрсетпейді, аналитикалық дүние ұсынбайды. Сөзі негізсіз болса да билік сол блогерсымақтармен партизандық қақтығыс жасап келеді. Аузын буып, арқасынан қаққанға олар да үйреніп алды. Шын мәнінде, жөн сөз дәстүрлі ақпарат құралдарында. Интернет оңай қолжетімді болғанымен теледидар көру, газет оқу дәстүрін жоққа шығару мүмкін емес.

Бір жолы келелі жиында облыста бұрын қызмет атқарған бір шенеунік жергілікті журналистерге «мәселе қозғамайды» деп шүйлікпесі бар ма?! Блогерлерді жер-көкке сыйғызбай мақтасын кеп. Бірақ мынаны ескерген жоқ: әлеуметтік желі ресми БАҚ емес, кез келген адам онда қалағанын жариялай алады. «Сізге керегі шындық болса, бізге бір күн жеткілікті» дедім. Мемлекеттік саясатты қолдауды  күнде  сұрап  отырған өздері емес пе?! Экономикалық, саяси, рухани жағынан онсыз да тәлтіректеп тұрған жағдайға қолдау көрсетпегенде қайтеміз?! Біз де әлгі блогерлерге қосылып айғайға басып аттандасақ, не боларын пайымдай беріңіз.

– БАҚ өкілдерінің мәртебесін бекіту сөз жүзінде қалып келеді. Бұған қандай кедергі бар?

– Қалай кім кедергі? Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңда биліктің мүддесіне жағатын санитарлық картондар, бізді жазалауға мүмкіндік беретін тунельдер қалдырылған. Қазақстан заңдары қызық. БАҚ туралы ғана емес, басқалары да жиі өзгертіліп, толықтырылады. Айналайын-ау, заң Америкадағы сияқты бір-ақ рет қабылданбай ма?!

– Мереке қарсаңында ой бөлі­суге уақыт арнағаныңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<