Сауаттылық пен эстетиканың жаршысы

1007

0

Баспасөзге қатысты төрт қағида бар. «Бірінші: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі, екінші: газет жұртқа қызмет етеді, үшінші: газет – халыққа білім таратушы, төртінші: газет – халықтың жоқтаушысы». Тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құрал – газет. Ал әлеуметтік желі тек ақпарат беруге бағытталған.

Ғаламторды қанша жерден мақ­тасақ та, ол газет пен журналдай бола алмайтынына сенімдімін. Заман талабын ескерген дұрыс шығар, бірақ тасқа басылған дүниелердің салмағы қашанда жоғары екені белгілі.Бүгінде осыған байланысты екі­жақты пікір бар. «Газет-журналсыз өмір сүру мүмкін емес. Бұрынғылар ғаламторсыз-ақ газет оқып, көзін ашқан. Ал, жаңа заман адамдарының өмірін ғаламторсыз елестету қиын. Ол адамзатты өзіне тәуелді етті десек артық болмас. Әрине, қазіргі жағдайда қолдану дұрыс та шығар, бірақ газетсіз елдің тіліне нұқсан келеді» деп аға буын өкілдері баспасөздің келешегіне алаңдаушылық танытады. Екінші тарап «Қолымыздағы тетікті бассақ болғаны, ақпараттың барлығы дайын тұр. Газет-журналға жазылып, ақша шығарып не керегі бар?» деп ойлайды.

Газет – қаншама адамның үздіксіз ізденісі, табанды еңбегі. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жа­йын айтқан жазбаларды газет бетінен табамыз. Алайда жас­тар газет, кітап оқуға құлықсыз. Болашақ ұрпақтың бағытын дұрыс таңдауында баспасөздің өзіндік орны бар екенін ұмытпаған жөн. Газет оқу бұл – зиялылықтың белгісі.

Білесіз дүние жүзі толған

халық,

Олардың арасында бар

көп парық.

Алты айлық алыс сапар

аралары,

Тұрады бір-бірінен хабар алып.

Шашатын сол хабарды

газет-журнал

Хал-жайын, шаруаларын

түгел жазып.

Жетеді күнбатысқа жұмасында

Оқиға күншығыста болған

анық.

һәр жұрттың күзетшісі,

көз-құлағы,

Айнадай оқушыға бәрі жарық.

Болса егер қауіп-қатер,

жау менен жұт

Білгізер күні бұрын еске салып.

Болмаса газет-журнал

білу қиын,

Көзімен көре алар ма һәркім

барып.

Жылында төрт-бес теңге төлеп

тұрсаң,

Кісіден сұрамай-ақ болдың

қанық.

Қимасаң аз нәрсені, өз пайдаңа,

Есігі өнер-білім саған жабық.

Дүниені жүріп көрмей,

естіп білмей,

Жатасың ішің пыспай үйде неғып? – деген өлеңді осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын жазған Міржақып Дулатұлы заманы мен бүгінгі күнді салыстыруға келмес. Бірақ газет арқылы дәуір тарихы қатталып жатқаны шындық.

Сыр өңірінен шығатын газеттер өзіндік орны ерекше материалдарымен ой салады. Облысымыздағы өзін­дік тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан жақсы жаңалықтар жаршысы.

Өңірдің жасампаз істерге толы шежіресін қалыптастырып, жас ұрпақ тәрбиесі, ана мен бала, халықтың экономикалық жағдайы туралы жазып, жұрт­шылық көңілінен шығып келеді. Газет ұжымының сан түрлі тақырыптарда қалам тербеп, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, ұйым­шылдықпен абыройлы істерді атқарып келе жатқаны – редакция қызметкерлерінің жұмысының жемісі. «Төртінші билік» атанған баспасөз қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Ойларыңыз салиқалы да салмақты, қаламдарыңыз қарымды да шабытты болып, шығармашылық шыңға жетуге тілектеспін. Ақпа­раттық майданның қайнаған шағында халықты хабардар етіп, жақсы жаңалықтардың жаршысына айнала беріңіздер. Тәуелсіздікті нығайту жолындағы еңбектеріңіз жана берсін!

Гүлшаһар Әймішова,

№266 мектеп-лицей директорының орынбасары.

Қазалы ауданы,

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<