Тыртық

941

0

Бетперде таққан сұңғақ бойлы әйелмен кездейсоқ жолығыстым. Жанынан өте бергенімде жеңімнен ұстап, тоқтатты. Бетпердесінен өзінің жүзі де анық көрінбейді. Бірақ, жанары маған біртүрлі іш тартқандай күлімдейді. Кім екенін толық білмесем де, сәлем бердім. Бейтаныс әйел сәл уақыт үнсіз қалды.

Кенет:

– Мәссаған! Кешегі мойны қылдырықтай «қылқу» салиқалы азаматқа айналыпты. Уақыт қандай жылдам еді?! – дегені.

«Қылқу»… Таңғалдым. Бала кезімде таңылған жанама атты естімегелі қай заман? Бұлай анамның жан құрбысы Масаты апа ғана айтушы еді. Ол  өмірден озды деп естідік. Бұл кім болды екен?

Ойымды оқығандай, бейтаныс әйел бетпердесін ағытты. Оның оң жақ қабағының үстіндегі ұзынша тыртықты көргенде жүрегім дір ете қалды. Бұл менің соққымнан қалған із болатын… «Апатай, бұл сіз бе?» деп құшақтай алдым. Алдымда Масаты апаның жалғыз қызы Жібек тұр еді. Екеуміз мәре-сәре болдық.

«Адамның есімі тағдырына әсер етеді» деседі. Жібек те атына заты сай, келбетті қыз болатын. Менен бес-алты жасқа үлкендігі бар. Екеуміз кездеспегелі жарты ғасырға жуықтапты. Қазір Шымкент қаласында тұрады екен. Мұғалімдіктен зейнеткерлікке шығыпты. Қыз ұзатып, келін түсіріпті. Қазалыға қыдырып келген. Енді қайтадан Шым­қалаға жолға шығып бара жатыр. Қоштасарда Жібек бетім­нен сүйіп, көзіне жас алды. Егде тартқаны байқалады.

Екі үй көрші тұрдық. Ол тұстағы ауыл адамдарының пейілі аппақ қардай кіршіксіз болатын. Көршілер бірімен-бірі туған бауырдай араласады. Масаты апа – жалғызілікті жан. Ес білерде апайдың үйінен ер адамның кіріп-шығып жүр­генін көрген емеспін. Жалғыз қызы Жібекті де інісінен асырап алған дегенді ұзынқұлақтан естідік. Өте балажан адам, кішкентайларды әсіресе, мені қатты жақсы көретін. Өзім­нің қатарларыма қара­ғанда тым әлжуаз, дене бітімім нәзік маған «қылқу» деген айдар тағып, еркелететін.

Мұны естігенде әжем марқұм:

– Сен-ақ қайдағыны айтады екенсің. Менің құлыным өскенде таудай жігіт болады, – деп шыр-пыры шығады.

Ойнауға шықсам болды, Масаты кемпір шап беріп ұстап алады. «Кемпір» деймін-ау, қазір ойлап тұрсам, 40-қа толмаған келіншек екен. Алдымен тіке көтеріп, аспанға лақтырады. Көзім бақырайып, мойнынан тас қылып құ­шақтап алам. Әбден күнге күйіп, шыт-шыт жарылған бетімді сілекейлеп сүйеді. Бірде төбемнен құшырлана иіскеген апаның булығып егіл­геніне таңғалған едім. Әжеме айт­қанымда «ой, мұң­лық-ай, жаны жаралы ғой» деп жау­лы­ғының ұшымен көзін сүртті. Менімен жас­ты ұлының ауыр науқастан шетінеп кеткенін жылдар өте білдім.

Масатының әуселесі мұ­нымен бітпейді. Маған өзі үйрет­кен өлеңді айтқызады. Мені қайбір әнші дейсіз?! Шырыл­даған дауыспен:

– Ақ самаурын қайнап тұр,

Кесе-шәйнек жайнап тұр.

Тұқымы құрғыр Патима,

Түйреуішпен ойнап тұр, – деп сұңқылдаймын.

«Р» әрпіне тілім келмейді, «тұй» деп қайырам. Қалайда Масатыдан құтылуды ойлаймын. Ән салғаннан жаман болмаймын. Бірнеше түйір кәмпит, бір-жар пешенейді қолыма ұстатады. Бар бала менің соңымда. Кәмпит-пе­ше­ней біткенше менімен «дос» болады.

Бірде дене қызуым көте­ріліп, қатты сырқаттандым. Масаты апа әкем-анам, әжем­мен бірдей қиналды. Үйінен тәтті-дәмдісін тасып, бәйек болды. Маңдайымнан сипап, көзінің жасын төгіп алатын. Басымды көтеріп, ас-суға қара­­ғанымдағы қуанғанын көр­сеңіз.

Үшінші класта оқып жүр­мін. Көктемгі каникулдың кезі. Айкөлдің қызығымен дүниенің бәрін ұмытқанбыз. Сұраған екеуі­міз әлденеге ерегісіп қал­дық. Досым мені лас сөзбен сыбаған күйі, үйіне қарай қаша жөнелді. Бойымды алапат ашу буды. Жуандығы білектей жың­­ғылдың бұтағынан жасал­ған айкөл таяқты Сұрағанның желкесін көздеп, құлаштай лақтырдым. Сонан кейінгі қор­қынышты көрініс көпке дейін есімнен кетпей жүрді. Әккі Сұраған бір жағына қарай жалт берді… Ал зілдей жыңғылдың кесіндісі ауланың есігінен аттай берген Жібектің маңдайына сарт ете түсті…

Оның бетінен тамшылаған қанды көргенде, зәрем зәр түбіне кетті. Құстай ұшып, үйге қашып тығылдым. Жүрегім дүрс-дүрс соққанда жарылып кетердей. Масаты апа іздеп үйге келген жоқ. Көпке дейін көзіне шалынбауға тырыс­тым. Алайда бұл қылығымды бетіме басқан емес. Өкініштісі, менің абайсызда жасаған әрекетімнен соң Жібектің жүзінде өшпестей тыртық қалды.

Кейін Масаты апаның үйі көшіп кетті.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<