Шаңырақтан төгілген шуақ

1276

0

Елімізде 2013 жылдан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Байқаудың мақсаты – отбасы институтын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды көрсету және кеңінен насихаттау. Сондықтан бұл жоба халықтық сипат алып, дәстүрлі шараға айналды. Айталық, байқау басталғалы бері еліміз бойынша 15 мыңнан астам отбасы қатысқан. Ал биыл облыстан 182 отбасы қатысып, бақ сынады.

Бейсенбі күні «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қабылдап, сый – құрмет көрсетті.

Отан отбасынан басталады. Кез келген мемлекеттің негізгі әлеуеті – оның халқы, адами капиталы. Еліміз биыл тәуел­сіздіктің 30 жылдығын қарсы алып отыр. Бұл – сан ғасырлар бойы ата-бабамыздың аңсаған арманы. Егемендікке қол жеткізген осынау тарихи жеңісімізде әрбір отбасының өзіндік үлесі бар.

«Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала ал­маса, ол адасуға бастайды» деген бо­латын Қазақстан Респуб­ли­ка­­сы­ның Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласында. Хал­­қы­мыз­дың осындай тамыры тереңге тартқан рухани құнды­лық­тары­ның бас­тауы отбасы болып та­былады. Сондықтан біз үшін ұлт­тық тәрбиенің алтын қазығына ай­нал­ған әрбір отбасының орны бөлек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­ма­сымен әлеуметтік салада жүйелі қолдаулар жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында ар­найы жәрдемақылар, отбасына ар­налған жеке бағдарламалар бар. Бұл орайда әлеуметтік салаға ба­ғытталған қаржы көлемі де жыл сайын артып келеді.

«Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құ­рақ», осы үштаған арқылы от­басы құндылығы қалыптасады. Сон­дықтан шаңырақ шуағын таратып, өнегелі ұрпақ өсіріп отырған сіздерге әркез құрметіміз ерекше, – деді аймақ басшысы.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының «Өнегелі отбасы» но­минациясымен Қызылорда қаласынан Рсалиевтер әулеті, «Рухты отбасы» қазалылық Мыр­зағұлов­тар әулеті, «Ұлағатты отбасы» Сырдария ауданынан Мақпал­баевтар әулеті,  «Ынты­мақты отбасы» аралдық Рысма­ғам­­бетовтер әулеті марапат төрі­­нен табылды. Байқауда  үшін­ші орынды Жалағаш ауда­нынан Шуақбаевтар,  екінші орын­ды Қармақшы ауданынан Қар­та­баевтар, бірінші орынды Жаңа­қорған ауданынан Түкібаев­тар иеленсе, бас жүлдені Шиелі ау­даны­нан Әбілдашевтер отбасы жеңіп алды.

Жеңімпаздарға облыс әкімінің дипломы мен естелік сыйлықтар, гүл шоқтары табысталды. Мерейлі сәтте марапат иелері аймақ басшысының құрметіне алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, облыста 141 мың­нан астам отбасы болса, оның ішінде 47 мыңға жуығы көп­балалылар.  2 109 батыр ана, 5 мыңға жуық «Алтын алқа», 10 мың­нан астам «Күміс алқа» иегері бар. Ал жеті жыл ішінде осы байқауға қатысуға 1500-ден астам отбасы өтініш берген.

Мерекелік жиынды қоры­тындылаған облыс әкімі шаңы­рақтан төгілген шуақ әрбір жүрекке жылу беретінін, сондықтан отбасы құндылығын нығайту мәселесі әрдайым мемлекет назарында екенін айтты.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<