Өнегелі отбасы – елдің тірегі

2885

3

Ғасырлар бойы халқымыз «Отан отбасынан басталады» деген ұғымның тамырын тереңдетіп, ұрпағының ұлттық тәрбие мен рухани құндылықты бойына сіңіріп өсуіне ерекше мән берген. Өйткені, мәртебесі биік, мұраты асқақ мемлекет қашанда берекелі отбасынан құралады. Мейірім мен жанашырлық, татулық пен түсіністік орнаған шаңырақта ел дегенде елгезектік танытатын, рухы мықты ұрпақ өсіп-жетіледі. Бастысы, мұндай отбасылар бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастырады.

Қоғамның діңгегі мен темірқазығы отбасы десек, еліміздегі әрбір шаңырақтың шайқалмауына, балалардың бүтін отбасында өсуіне әр адам мүдделі болуы қажет. Бүгінгідей ақпараттар алмасып, материалдық құндылықтар алға шыққан уақытта көптеген елдерде отбасы институтының әлсірегені белгілі. Ал, еңсесі биік ел қалыптастырамыз десек, ұрпағының бойына ұлтының салт-санасын сіңіріп, адал еңбекке баулып, ұлын имандылыққа, қызын инабаттылыққа шақырып, аталы сөзі еліңді, кесімді сөзі келінді тәрбиелейтін халқымыздың ұлағат мектебінен айнымауымыз қажет. Әйтпесе, екіге бөлінген әрбір неке қоғамда қанағаттың азайып, бұрынғы тәрбиенің көмескіленіп, жанашырлық, кешірім сұрау мәдениетінің азайғанын дәлелдейтіні белгілі.

 «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының тұңғыш жеңімпаздарын марапаттау сал­танатында сөйлеген сөзінде ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ХХІ ғасырдың ортасында отбасылардың басым көпшілігі молшылықта, мамыражай өмір сүріп, балаларын тәрбиелеуді, оларға сапалы білім беруді басты мұрат ететін, аға буынға қамқорлық танытып, саламатты өмір салтын ұстанатын елдер ең дамыған мемлекеттер болатынын» атап көрсетті. Бүгінгідей ғылым мен техника қанат жайған уақытта болашаққа саналы қадам жасайтын, үлкен жауапкершілікпен отбасын құратын ел тұрғындарының көп болуы аса маңызды.

Облыста 141 мыңнан аса отбасы болса, оның ішінде 47 мыңға жуығы – көпбалалы отбасы. Ал, шаңырақты сәби күлкісіне толтырып, жан-жағына мейірлі шуағын шашқан «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерінің саны – 16695.

Елімізде отбасылық құндылықтарды тереңдету, білімді ұрпақ өсіру, аға буынның қамсыз қарттығына қолдау көрсету, ана мен баланың құқығын қорғау, әрбір шаңырақтың берекелі өмір сүруін қамтамасыз ету  бағы­тында ауқымды істер атқарылуда. Аймақта 10617 отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған.  Олардың қатарындағы еңбекке жарамды жастағы 2361 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысады. (1025-і тұрақты жұмысқа орналастырылды, 1211-і қоғамдық, 7-уі әлеуметтік жұмыс орындарына, 22-сі жастар тәжірбиесіне жолданды, кәсіпкерлікті қолдауға – 96 адам). Тұрғын үй көмегін көрсетуге 543,6 млн теңге қаражат қаралып, 4083 отбасыға (13755 адам) төленді (169,4 млн теңге).

Қызылорда облысында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік Тұжырымдаманы іске асыру бойынша және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы аясында облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген.

Осы жұмыстарды үйлестіруде мемлекеттік органдармен қатар азаматтық қоғам инсти­туттарының рөлі ерекше. Облыста әйелдер және отбасы мәселелерімен айналысатын 25 үкіметтік емес ұйым бар. Оның ішінде комиссиямен тығыз байланыста жұмыс жасайтын облыстық әйелдер кеңесі,  «Бойтұмар ханым», «Іскер әйелдер қауым­дастығы», «Сыр аналары» қоғамдық бір­лестігі, «Аналар кеңесін» ерекше атап өтуге болады.

Әдетте, екі әулеттің үміті болып, отау құрған жастардың көп ұзамай-ақ екіге бөлініп, бар қиындықтан құтылудың ең тиімді жолы ажырасу деп білуі – ауыр да аса маңызды мәселе. Биылғы 6 айда 2499 отбасы некеге тұрса, 638 ажырасу фактісі тіркеліп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 29,3 пайызға азайған. Бұл көрсеткіштен осы бағытта атқарылған шаралардың нәтижесін көруге болады.

Атап айтсақ, отбасы құндылықтарын дәріптеу және кеңінен насихаттау мақсатында барлық аудандар мен Қызылорда қаласында ардагерлер, әйелдер және әжелер кеңестерімен  бірлескен 8  іс-шара жоспары бекітілген.

Комиссия мүшелері және «Бойтұмар ханым» қоғамдық бірлестігінің ұйым­дас­тыруымен облыста әйел-аналарымыздың отбасы тәрбие­сіндегі орны, ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында «Ақ орамал» жобасы іске асырылды. Жоба аясында 40-тан аса кездесу ұйымдастырылып, оған 300-ден аса әйел-ана қатыстырылды. Жоба «Қазақстанның іскер әйелдері» қауымдастығы тарапынан қолдау тауып, алдағы уақытта республика көлемінде жүзеге асыру жоспарлануда.

Отбасы құндылығын қадірлеуді мек­теп партасынан бастау да маңызды.  Оқу­шы­ларды өнегелі шаңырақ иелерімен, белгілі тұлғалармен сұхбаттастырып, кездесу ұйым­дастыру арқылы олардың ойында жарқын болашақ, мерейлі отбасының үлгісін қалып­тастыруға болады.

Комиссияның қолдауымен пилоттық негізде Қызылорда қаласындағы №140 мектепте «Отбасы мектебі» жобасы іске қосылды. Жоба барысында өткізілген шараларға қала мектептерінің 2000-нан аса оқушысы қатыстырылып, 30-дан аса дәріс өткізілді. Қорытындысы бойынша «Қыз – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» атты облыстық қыздар форумы ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, әкелердің қоғамдағы беделін арттыру мақсатында барлық аудандарда «Әке болу оңай ма?!» тақырыбында 11 кездесу, 7 пікір алмасу, 14 дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Облыстағы 294 мектепте әкелер кеңесі құрылды.

Өнегелі шаңырақтарды үлгі еткен, мазмұны, тәрбиелік тұрғыдан өзгеше ауқымды жоба «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық, қалалық кезеңдері өткізіліп, оған 200-ден аса отбасы қатысты. Оның 16-сы облыстық кезеңге жолдама алып, 8 жеңімпаз анықталды.

Қазір отбасы немесе карьераның бірін таңдау қажет деген түсінік бар жастар арасында. Сондықтан қызметпен қоса отбасын қатар алып жүрудегі тәжірибелермен бөлісу және кез келген салада жетістікке жету мүмкіндігінің бар екендігін түсіндіру мақсатында комиссия мүшелерінің ұйымдастыруымен «Отбасы және мансап» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Одан бөлек, жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында студенттермен «Көшбасшылық және отбасы» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге қоғам­да беделге ие тұлғалар  өз қызметтік міндет­терімен қоса отбасындағы қарым-қатынас, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі ұста­ным­дарымен бөлісті.

Халықаралық отбасы күні мерекесі аясында 100-ге жуық шара өтіп, «Жас отбасылар клубы» құрылды. «Тату отбасы» марафоны, «Үздік келін», «Ақ бата» байқаулары, «Жеті ата» челленджі өткізілді.

Облыстық әйелдер кеңесінің ұйым­дастыруымен «Асыл әжем» эсселер байқауы өткізіліп, 100-ге жуық адам қатысты. Сонымен қатар, бесік жырын насихаттау мақсатында «Ана әлдиі» атты бейнероликтер байқауы ұйымдастырылып, 30-дан аса жас ана игі дәстүрімізді жаңғыртты.

Шараларды ақпараттандыру бойынша медиа-жоспар бекітіліп, облыс бойынша 32 билборд ілініп, жергілікті басылымдарда 87, телеарналарда 95, әлеуметтік желілерде 200-ден аса хабарлама мен мақала жарияланды.

Түсіністік пен мейірім үстемдік құрған отбасылар қашанда үлгі саналғанымен, қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бала елдің болашағы десек, бүгінде мұндай отбасылардағы бала тәрбиесі, оның қазақы болмысы сынға ұшырап жататыны да жасырын емес. 

Осы жылдың наурыз айында  бұл  ба­ғыттағы мәселелерді қарау үшін облыс әкімінің қатысуымен штаб отырысы өткізілді. Одан бөлек, Қызылорда облысын республикалық «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасындағы өңірлер қатарына енгізу туралы шешім қабылданды.

Биылғы жылдың 6 айында облыс көлемінде әйелдерге қатысты орын алған 24 қылмыстық әрекет тіркеліп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 14,3 пайызға төмендеген. Отбасында жанжал шығарған 897 адам профилактикалық есепке алынып (2020 – 989), оның 603-не қорғау нұсқамасы шығарылып (2020 – 716), 125-не ерекше талап орнатылды (2020 – 128).

Облыста 2017 жылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген жандарды қолдау мақсатында «Қамқорлық» дағдарыс орталығы жұмыс жасайды. Сондай-ақ, отбасылық қарым-қатынастар саласындағы мәселелер бойынша сенім телефоны бар.

Биыл 21-30 маусым аралығында жергілікті полиция қызметінің ұйымдастыруымен «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол ЖОҚ» атты акция өткізілді. Акция барысында облыстық жергілікті атқарушы органдар,  білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау органдары, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің бірлесуімен жұмысшы тобы құрылып, 850  отбасы тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексерілді.

Жастар арасында ақпарат-насихат жұ­мыстары жүргізіліп, адамдар көп шоғыр­ланатын жерлерде (темір жол бекеттері, аялдамалар, сауда орталықтары, ломбардтар, т.б) 5000 ақпараттық  үнпарақ таратылды.

Кәмелетке толмағандардың арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын жүргізуге облыс бойынша 474 психолог, 210 әлеуметтік педагог жұмылдырылған. 

Көрсетілген шараларды ақпараттандыру мақсатында медиа-жоспарлар бекітілді. Аудан, қала орталықтарында 16 билборд ілініп, жергілікті басылымдарда – 22, республикалық және жергілікті теледидарда – 30, радио торабында – 10, Полиция департаментінің ресми сайтында – 57, танымал әлеуметтік желілерде – 132 хабарлама мен мақала жарияланды.

Еліміздегі әрбір отбасы – қоғамның айнасы. Отбасы – әрбіріміз үшін қадірлі ұғым. Дегенмен, шаңырақтың беріктігі – үлкендердің үлгі-өнегесі, өзара сыйластық пен қамқорлыққа байланысты. Келер ұрпақтың көкейінде күмән, көңілінде түйткіл болмауы үшін, бүгінгі буын масыл емес, асыл болып қалыптассын десек, өнегелі отбасын құруға, сақтауға және үлгі етуге әрбіріміз мүдделі болайық дегім келеді.

Серік АХМЕТ,

облыс әкімінің орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<