Жергілікті қаржы нарығы туралы не білеміз?

2596

0

Біз, әдетте журналистер әлемдік қаржы жүйесінде қалыптасқан түйткілдерді жиі ақпараттандырамыз. Есесіне жергілікті жердегі күрделі буынның қам-қарекеті назардан қағыс қалып жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен газет тілшісі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қызылорда қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Ләззат Болатқызы Темірованы әңгімеге тартқан еді.

– Біздің білуімізде, агенттік – қаржы қызметін пайдаланушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын, осының негізінде қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау жөнінде мемлекеттік реттеуді және бақылауды жүзеге асыратын орган. Ләззат Болатқызы, агенттіктің құрылғанына аз ғана уақыт болды. Осы уақыт ішінде облыс көлемінде қандай шаралар жүзеге асырылды?

– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз қызметін атқаруда. Қызылорда қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы  агенттіктің бөлімшесі.

Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу, өз құзыреті шегінде қаржы нарығын, қаржы ұйымдарын, коллекторлық агенттіктерді, сондай-ақ өзге тұлғаларды бақылау мен қадағалауға қатысады. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды бақылап,  қадағалайды. Көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар, коллекторлық агенттіктер тұтынушыларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етеді. Қаржы ұйымдарының және олардың филиалдарының үй-жайларды орналастыруға қойылатын талаптарды сақтауын бақылайды. Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де шаралар агенттіктің негізгі міндеттеріне жатады.

Басқарма қызметі басталғаннан бері жеке және заңды тұлғалардың қаржы қызметтерін алу мәселелері бойынша 1000-нан астам өтініші қаралды. 22 ұйымға микроқаржы қызметін жүзеге асыруға лицензиялар берілді. Халық арасында қаржылық сауаттылықты арттыру мәселелері бойынша мақалалар жарияланды, «Nur Otan» партиясының алаңында жеке тұлғалармен кездесулер өткізіледі. Кеңес алуға жүгінген адамдарға тұрақты негізде ауызша консультациялар беріледі.

– Жалпы қазақ оқырманы үшін қаржы саласы түсінуге күрделі ұғымдардың бірінен саналады. Агенттіктің міндеті халықтың қаржылық  сауатын ашу, олардың мүдделерін қорғау, қаржы өнімдеріне мониторинг жүргізуді көздейді. Өз мүдделерін қорғауды сұрап сіздерге өтініш білдіргендер бар ма?

– Әрине, басқармаға жеке тұлғалардың көмек көрсету туралы өтініштері келіп түсуде. Өтініштердің негізгі үлесі қарыздар (микрокредиттер) бойынша берешекті қайта құрылымдауға, оның ішінде негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұруға қатысты. Сондай-ақ төтенше жағдай, карантин кезеңінде халық пен бизнесті қолдау бойынша қабылданатын шараларды түсіндіруге көмек көрсетуге қатысты екенін атап өткім келеді. Халық қазір несиеге көп жүгінеді. Мүмкіндігін есептемейді. Өткен жылы Президент көп азаматтарға кешірім жасады. Қарыздарын кешірді. Бірақ бұл – бірреттік шара. Енді қайталанбайды. Осыны түсінгеніміз абзал.

– Микроқаржы ұйымдарының қызметі туралы не айтасыз? Облыста олардың саны қанша? Табыстылығы қандай деңгейде? Банк депозиттерін қорғау жағдайы қалай? Мемлекет депозиттер көлеміне қаншалықты кепілдік береді?

– 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап микрокредит беруді агенттік лицензиясын алған ұйым ғана жүргізе алады. Бүгінгі күні облыс бойынша 23 ұйым, оның ішінде 4 ломбард, 8 кредиттік серіктестік және 11 микроқаржы ұйымы микроқаржы қызметін жүзеге асыруға лицензия алды. Берілген лицензиялар тізілімімен агенттіктің сайтынан танысуға болады.

Елімізде теңгедегі және шетел валютасындағы депозиттер, сондай-ақ төлем карточкаларындағы және банк шоттарындағы ақша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігінде болады. Қор қаражатынан жеке тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің өтем алуға құқығы бар.

Депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қорғауына тек банк салымдары ғана жатпайды. Қор барынша кепілдік берілген сома шегіндегі төлем карточкаларын қоса алғанда, жеке тұлғалардың, оның ішінде жеке кәсіпкерлердің барлық ағымдағы шоттарындағы ақшаға кепілдік береді. Депозиттер бойынша есептелген, сондай-ақ капиталдандырылған пайыздар да кепілдікке жатады.

Кепілдік берілген максималды сома валюта мен депозит түріне байланысты. Осылайша, қор теңгедегі жинақ депозиттері 15000000 теңгеге дейінгі, жинақ депозиттерінен басқа, теңгедегі кез келген депозиттер 10000000 теңгеге дейінгі, шетел валютасындағы депозиттер 5 000 000 теңгеге дейінгі сомаға кепілдік береді.

– Агенттікке жүктелген міндеттің бірі ретінде зейнетақы қорын басқару туралы айтқымыз келеді. Сыр өңірінде жұмыс істейтін көптеген жалдамалы қызметкерлер мен жұмысшылардың зейнетақы қоры қызметінен тыс қалғанын білеміз. Олардың кейін зейнетке шыққанда әлеуметтік жағынан қорғалуы қиынға түседі. Бұл туралы не айтасыз?  Біз қазір бағалы қағаздар нарығы туралы айта бастадық. Тәуелсіз мемлекет үшін бұл тың бастама. Өңірімізде бағалы қағаздар нарығын дамыту бойынша не істеліп жатыр?

– Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және осы заңның басқа талаптарына сәйкес өсiмпұлды төлеудің толық және уақытылы жүзеге асырылуын бақылауды мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.

Әрине, қаржы саласының маманы ретінде бұл жүйеде өзекті мәселелер бар екенін жақсы білемін. Осыдан 15-20 жыл бұрын жеке кәсіпорындар қызметкерлерінің зейнетақы шоттарына қаржы аудармады. Сол кәсіпорындар кейін банкротқа ұшырады. Зейнеткерлер болмашы нәпақамен шықты. Қазір уақыт өзгерді. Болашақ ұрпақтың зейнетақысы олардың табыстарына толықтай қатысты болады. Сондықтан жеке кәсіппен айналысқан кез келген адам зейнетақы қорына жарна аударуды есте ұстағаны абзал дегім келеді.

Сұхбаттасқан

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<