«Science faсtory» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды

1441

0

Қызылорда қаласындағы Абылай хан атындағы №140 мектепте «Зияткер, тәрбиелі ұрпақ – ұлт болашағы» тақырыбында дарынды балалардың қызығушылығына негізделген жұмыстарды көрсету мақсатында республикалық іс-тәжірибе алаңы өтті.

Шараға облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Каримова және ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Керімқұлқызы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыс бойынша филиалының директоры Бауыржан Елеусінов, ардагер ұстаздар мен «Серіктес директорлар» лигасының мүшелігіндегі мектеп директорлары, және қала мектептерінен 300-ге жуық оқушы ZOOM платформасы арқылы қатысты.

Білім ордасында венчур әдісі арқылы метеорология алаңы жасақталған. Шарада мектеп оқушысының ғылыми жетекшісі мен әлеуметтік серіктес –«Қазгидромет» филиалымен бірлескен эксперимент-тәжірибесі көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, мектеп ұстаздарының «Жетістіктер аллеясы» және оқушылармен бірлескен ғылыми-шығармашылық жобаларының жұмыстары мен жеткен жетістіктері таныстырылды. А.Қасымова университет ғалымдарымен бірлескен ғылыми-зерттеу орталығының тұжырымдамасын таныстырып, «SCIENCE FAСTORY» ғылыми-зерттеу орталығын салтанатты түрде ашты. Жаңа орталыққа облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыс бойынша филиалы атынан бейнекамера табысталды.

Республикалық ашық алаң шарасында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп оқушылары «Әлем әдебиеті жақұттары» тақырыбында классикалық шығармалардан қойылым көрсетті. «Отбасы кіші мектеп» жобасы бойынша құрылған әжелер ансамблі ән шашуын тарту етті. Бұған қоса, «Отбасы мектеп» штабының авторлық бағдарламасының тұсауы кесілді.

Соңында мектептегі «Ғажап әлем» атты қуыршақ театры Шарль Пероның «Қызыл телпек» шығармасы желісімен қойылым көрсетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<