Жолбарыс алған жігіттер

2090

2

Жақында редакциямызға жасы сексендер шамасындағы Ойнарбек ақсақал келді. Қасында немере інісі Бекарыс бар. Айтуларынша, 1900 жылдары Қармақшы ауданы, бұрынғы (Карл Маркс) қазіргі Алдашбай ахун ауылы тұсында қалың қамыс арасында жолбарыс көп болған. Сол маңдағы халықтың төрт түлігіне шауып, жеп кетіп отыр­ған. Ауыл халқы алдындағы азын-аулақ малы аң-құсқа жем болғанын көргесін әбден ашуға булығады. Содан Бердібек қария жолбарыстың жолына қақпан құрады. Арада көп уақыт өтпей-ақ ел ішінде «қақпанды жолбарыс сүйреп кетіпті» деген хабар желдей еседі. 

Жігіттер жиналып, қаруларын сайлап,  жолбарыстың ізіне түседі. Сынған бұта, жапырылған қамыс, сыдырылған құм азулы аңның ізін айшықтай түскендей. Бір мезетте қалың қамыс арасынан ақырған аңның даусы естіліп, адамдарға атылады. Манадан сақ келе жатқан жігіттер қаһарынан сескеніп, қашып ашық алаңқайға шығады. Араларында Байжан жоқ екенін бірақ біледі. Ағасы аңның тырнағында қалғанын сезген Төлес дереу қолына өткір балтасын алып, ну қамысқа қойып кетеді. Жолбарыстың астында бауыры арпалысып жатыр. Жалма-жан балтасымен жолбарысты оңды-солды ұрғылай берді. Мыңқ ететін жолбарыс жоқ. Осы сәтте Төлестің ойына «аңның осал жері – тұмсығы» деген үлкендерден естігені түсе қалды. ­Ашу-ызаға булығып, бар пәрменімен, тұмсықтан періп жіберді. Жан алысып, жан беріскен айқас аяқталды.  Тырнағы өткір азулы аң жерге сылқ етіп құлай кетті.

«Жүргенбайдың балалары жолбарыс алды» деген хабар ауыл арасына тез тарайды. Үлкендер жағы саулығын сұрасып, жастар легі таңғалыстарын білдіріп жатты. Қақпанның егесі Бердібек сауға сұрайды. Ағайынды жігіттер ақсақалдың сөзін аяқсыз қалдырмай «Жолбарысты алған біз болғанмен, қақпан сіздікі. Ендеше аңды да сізге бердік» дейді. Жастайы­нан сөзге ұстамды, уәдесіне берік жігіттердің мұнысына жұртшылық риза болып, батасын беріп жатты.

– Ол кез шамамен Қызылорданың «Қамысқала» атанған кезеңі болса керек. Тұран аумағын жолбарыс жортып жүрген уақыт. Халықтың төрт түлігін күндіз-түні тартып кетіп, ел көңілі елең-алаң шақ. Жолбарыстың ашынғаны соншалық, жалғыз жаяу жүрген адамдарға да шапқан. Сырдария мен Қуаңдария арасындағы қамыстың жуандығы адамның саусағындай еді. Судың көптігінен болса керек. Қазір ғой, су тапшылығынан малға жайылымдық жердің өзі болмай жатқаны. Кешеге дейін Сыр бойында жолақ жонды жолбарыс көптеп жүргенін біреу білсе, біреу білмес. Бұл аңызға бергісіз ақиқат бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Байжан да, Төлес те – Жүргенбай деген қарияның ұлдары. Бұлар Тәуке ханның қолбасшысы болған Текей батырдан тарайды. Төлес бертінге дейін ауыл шаруашылығы жұмыстарының бел ортасында жүрген еңбекқор жан болған. «Сталин» каналын қазуға атсалысқан санаулы азаматтардың бірі. Сол еңбегі үшін Алматыда өткен көрмеге қонақ ретінде шақырылып, сыйлыққа алтын сағат алған. Кейіннен Мәскеуге барып, ­самаурын ­иеленіп қайтты. Мұның барлығы – адал еңбекке берілген баға. Ал Байжан болса, денсаулығы сыр беріп, өмірден жастай өтті. Дегенмен артында ізбасарлары қалды. Бүгінде олардан тараған немере-шөберелер, ұрпақ сабақтастығын жалғастырып келеді. Біздің мақсатымыз аталар ерлігімен мақтану емес. Болған оқиғаны тарих қатпарында сақтап қалу және ұрпақ жадында жаңғырту, – дейді О.Төлесов.

Жалпы жолбарыс жайлы кездесетін әңгімелерге қарасақ, жыр алыбы Жамбыл Жабаев, Көшеней Рүстембеков туралы естелік кітаптарда «иығында қызыл жолбарыс отырады» деген аңыз­дар бар. Бұл рух құдіретін білдірсе керек.  

Енді тарих беттеріне үңіліп көрейік. «Тұран жолбарысы» тұқымы бүгінде Орта Азия мен Қазақстанда мүлдем жойылған деген дерек айтылады. Ғылыми тілде «Тұран жолбарысы», кейде «Каспий жолбарысы» деп аталған. Ол күні кешеге дейін осы маңды мекендеген көрінеді. Қазақстанда жолбарыстардың көбірек мекендеген жері – Сырдария өзені мен Арал теңізінің бойы, кейінгісі Балқаш көлі мен Іле өзені аумағы болған. Сондай-ақ, Шу мен Сарысу, Талас, Арыс өзендерінің бойы, Қаратау жоталарын мекендеді деген тұжырым да айтылады. Шу өзені бойында 1912 жылы екі жолбарыс өлтірілген. Сырдарияның соңғы жолбарыстары 1925 жылы Қармақшы ауданы, Жосалы кентінің маңында, ал енді бірі 1933 жылы Қазалы маңында ауланған. Шу жолбарысын 1940 жылға дейін көргендер болса, Сырдария бойындағы ну жыныста Тұран жолбарысы 1945 жылға дейін  ұшырасып отырған.

Ғалымдардың зерттеуінше, Тұран жолбарысының салмағы 170 пен 240 келі аралығында, тұрқы 2,70-2,90 метрге де­йін барған. Салмағы жөнінен Уссурий жолбарысынан зор, Тұран жолбарысы одан гөрі әлді болған. Керуенге кенеттен шабуыл жасаған Тұран жолбарысының атан түйені ұрып жығып, қамыс арасымен 100 метрге дейін сүйреп барғаны туралы оқиға хатқа түскен. Биологтардың мәліметінше, 1900 жылы Тұран жолбарысының жортуылдайтын аумағы батыс­та Қара теңізге, шығыс­та Алтай тауларына дейін созылған көрінеді.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<