Бекітілер бюджетке байыпты талдау қажет

784

0

Жуырда облыстық мәслихаттың экономика, қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясында алдағы 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жобасы қаралды. Үш күнге созылған отырысқа комиссия мүшелерімен қатар облыстық мәслихаттың басқа да депутаттары белсенді қатысты. Бұл қызу талқылауға Қызылорда қалалық мәслихатының бірқатар депутаттары да келіп, өз ұсыныстарын айтты.

Депутаттардың сұрақтарына барлық облыстық бюджеттен қаржыландырылатын 29 мемлекеттік органның басшылары келіп жауап берді. Жүзден аса сұрақ пен ұсыныс айтылды. Барлық сала қамтылды. Жарық пен газ мәселесі, ауызсу және аяқсу проблемалары, жолдар мен көпірлер, каналдар мен насостар, құдықтар мен мал жайылымдары, қысқасы, халықтың тіршілік тынысындағы маңызды деген жайттар талқыға түсті.

Көптеген ұсыныс білім мен денсаулық сақтау саласы бойынша айтылды. Осы салалардағы қажетті жаңа құрылыстар мен жөндеу жұмыстары, балалардың мектептердегі қауіпсіздігі мен ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі, үйірмелер ашу қажеттігі, мекемелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуы сөз болды.

Спорт және мәдениет объектілерін салу мен әлеуметтік салаға қатысты мәселелер де көтерілді.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласында қазіргі проблемалардың бірі – қалаішілік жолаушылар тасымалы мәселесін шешуге қажетті қаржы бөлу керектігі айтылды. Қаланың тазалығы мен тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етіп отырған мекемелердің техникаларын жаңарту үшін де қаржы қарастыру жөнінде ұсыныс жасалды.

Осы айтылған ұсыныстар жинақталып, хаттамамен бекітіліп, облыс әкімдігіне ұсынылған бюджет жобасында қосымша қарау үшін жолданатын болады.

Бұл жерде тағы бір ескерілетін мәселе бар. Келесі 2022 жылға арналған бюджеттің ерекшелігі әрі өте мұқият, сауатты талдамалы түрде бекітілуі барынша маңызды болмақ. Өйткені осы бюджет алдағы 2023-2025 жылдарға арналған облыс бюджетіне тікелей әсер етеді.

Қазақстанның аймақтарына республикадан бөлінетін субвенция үш жылға бекітіледі және ол өзгертілуге жатпайды. Субвенция дегеніміз – облыстың бюджетіне республикалық бюджеттен берілетін қайтарымсыз қаржы. 2020-2022 жылдарға облыстарға тиесілі субвенциялардың көлемі ҚР Заңымен бекітілген. Ал, келесі үш жылдықтың (2023-2025 жылдарға) субвенциясы 2022 жылдың көктем айларында есептеле бастайды.

Алдымен облыстың өзі табатын кірістер есептеледі. Ол – салықтар, түсімдер, төлемдер. Оларды есептеуде негіз болатыны 2021 жылы нақты түскен түсімдер және 2022 жылға жоспарланған көлемдері.

Келесі кезекте облыстың ағымдағы шығыстары есептеледі. Шығыстар көлемін есептеу негізіне 2022 жылға арналған облыс бюджетінің бекітілген шығыстары алынады. Жалпы бюджет шығыстарынан бір реттік шығыстар алынып тасталады. Бір реттік шығыстар деген келесі жылы қайталанбайтын шығыстар. Мысалы, бір мектеп құрылысына 2021 жылы толық қаржы қаралса, келесі жылы оның құрылысына қаржы бөлінбейді. Сөйтіп бюджетте тек жылдан-жылға тұрақты түрде қаржы қажет ететін ағымдағы шығыстар қалады. Оған жаңадан пайдалануға берілген объектілерді ұстап тұру шығыстары қосылады. Даму бюджеті мен күрделі шығыстар ескерілмейді. Олар республикалық бюджеттің мүмкіндігіне қарай есептелген ағымдағы бюджеттің көлеміне пайыздық көрсеткішпен барлық өңірлерге бірдей айқындалады. Негізінде даму бюджетіне (құрылыс, қайта жаңғырту) күрделі шығыстарға қарағанда негұрлым көтеріңкі пайыз қолданылады.

Осымен облыс бюджетінің шығыстар көлемі айқындалады. Осы шығыстар мен облыстың өзі табатын кірістерінің айырмашылығы субвенция ретінде белгіленеді.

Кірістер болжамы төмен және ағымдағы шығыстар жоғары болса, облысқа тиесілі субвенция көлемі де артады. Сондықтан, 2022 жылғы облыс бюджетінің кірістері көтеріңкі емес және бюджеттің ағымдағы шығыстары толық көлемде болғаны абзал. Кейбір ағымдағы шығыстар кем болып бекітілген жағдайда, мысалы айлық немесе субсидия, ол 2023-2025 жылдары жетіспей проблема болып қалыптасады.

Сондықтан, 2022 жылға арналған облыстық, қалалық, аудандық бюджеттерде осы жайттар ескерілу керек.

Талғат ЖАҚЫПБАЕВ,

облыстық мәслихат депутаты,

экономика, қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы,

«Ақ Жол» ҚДП-ның облыстық мәслихаттағы фракциясының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<