Мектеп жасына дейінгі балалардың сенсорикалық даму кезеңдері

6275

0

Балалық шақ – баланың сенсорлық дамуының қарқынды кезеңі болып табылады. Бұл кезде баланың заттар мен құбылыстардың сыртқы қасиеттері мен байланыстарын, кеңістік пен уақытты бағдарлауы жетіледі. Заттармен іс-әрекетте бала оның түсін, түрін, қасиеттерін біле бастайды. (Т.Фуллер)

Баланың сенсорлық дамуының бір-бірімен байланысты екі жағы бар:

Біріншісі – заттар мен құбылыстардың әртүрлі қасиеттері жөніндегі түсініктерді меңгеруі;

Екіншісі – қоршаған ортаны толықтай және жекелей қабылдауға жаңа әрекетін игеруі.

Сенсорлық тәрбие – түйсік пен қабылдаудың бірдей дамуы. Сәбилік шақтың алғашқы күндерінен бастап-ақ өзін қоршаған заттардың қасиетін түсініп, талпыныс пайда болады. Қабылдаудың ерекше қасиеті балалар жақын адамдарды тани алатындығы. Бөтен адам көрсе, жатырқап жылайды. Ал заттарды қабылдау дағдысы ұмтылу іс-әрекеттері арқылы жасалады. Сенсорлық тәрбие баланың сезім мүшелерінің дамуына, дүниені түсініп, тануына әрекет жасайды.

Сенсорлық тәрбиені ойын арқылы дамыту өте қолайлы. Өйткені ойын – тәрбие құралы. Ол – балалардың дүниетанымын дамытудағы ең тиімді амалдардың бірі. Ойын арқылы балалар айналасындағы нәрселердің атын, болмысын ғана танып қоймайды, түр-түсін, не үшін керектігін білетін болады. Сонымен бірге, ойын арқылы іс-әрекетін іске асырады. Ойын кезінде ғана балалардың өзін қоршаған ортаға қатынасы дамып, танып біледі.

Сенсорика латын тілінен аударғанда «сезім мүшелері арқылы орындайтын қабылдау» деген мағына береді. Сенсорика – функциялардың бірі, сезгіштік пен қатар қоршаған орта туралы мәлеметті қабылдауының әдісінің бірі. Сенсорика К.Г.Юнга типологияларда «сезіну» деп аталады. Сенсорика әлемі – бұл сезім мүшелері арқылы қоршаған ортадағы заттардың пішінін, түсін анықтау. Сенсорикада саусақ моторикасы жұмыс істейді. Жоғарыда келтірілген бірқатар түсінік сенсорика әлеміне тән. Ал, сенсорикалық кезеңдер қалай болмақ? Осыған тоқталып кетейік.

Мектеп жасындағы балаларда сенсорлық қабылдаудың дамуы қандай да бір заттың сыртқы қасиеттерi туралы түсініктерді қалыптастырады. Мысалы: кеңiстiкте пiшiнге, түс, шамаға, жағдай олардың, сонымен бiрге иiс, дәм және т.б. Балаларды сенсорикалық жағынан дамыту үшін, бірнеше ұстаным бар. Заттардың көлемі, қалыбы, түсімен таныстыру. Тілдің дыбыстық саралауын жүзеге асырып ән-күйлік есту мен қабылдауды қалыптастыру. Сенсорикалық қимылмен балаларды іс-әрекеттерін үйрету. Қоршаған ортамен байланысты сенсорика бойынша жалпылауға үйрету. Заттардың сапасы мен мәндері туралы түсініктерін қалыптастыру.

Сенсорлық қабілеттің бастауында ерте жаста жететін сенсорлық дамудың жалпы деңгейі жатыр. Сенсорлық тәрбие бойынша 2-3 жасқа дейінгі бағдарламаның талаптары:

· 8 түсте бағдарлау, олардың атауларын атау, үлгі бойынша тандау;

· үш және одан да көп қарама-қарсы шамаларда бағдарлау;

· әртүрлі шамадан 5-8 сақиналардан тұратын пирамиданы жинау;

· жазық суретпен көлемді, геометриялық пішіндерді, кескінді арақатынасын белгілеу, үлгі бойынша қою (әртүрлі шамаларды қосымша беттерге жайып қойып немесе тақтайшада ұқсас формаларға орналастыру);

· 4 бөліктен тұратын ойып жасалған суреттерден, бүтін қойма текшелерді құру;

· форма бойынша заттарды танып білу (текше, кірпіш, шар, призма);

· жазықтықтағы пішіндерге (шеңбер, сопақша, шаршы, тік төртбұрыш) байланыста бағдарлау;

· түс, пішін, шама бойынша біркелкі заттарды салыстыру, арақатынасын белгілеу, топтау;

· заттардың пішіндерін саусақтармен сұлба бойынша жиектеу;

· парақ шеңберінде тік, көлденең, дөңгелек, қысқа және ұзын сызықтарды өткізу.

Сенсорика сипаттағы дидактикалық ойындарға тоқталсақ:

Мектепке дейінгі кіші жастағы балалар үшін сан туралы білімдерін кеңейтуге және бекітуге үлкен мүмкіндіктер береді: «бір» және «көп»; заттардың теңдігі туралы, өрнектерді түсіну: сонша – қанша, тең, көп – бірдей. Заттар салыстырып, олардың шамаларын сіңіру: ұзын – қысқа, бірдей, жоғары – төмен, кең – тар, жуан – нәзік, көбірек – аз. Пішінді анықтау: шеңбер, шаршы, үшбұрыш. Кеңістіктің бағыттарын танып білу: алға, артқа, оңға, солға. Уақытты бағдарлау: таңертең, күн, кеш, түн.

Әлем бала өміріне біртіндеп кіреді. Бала ең алдымен оны үйде, балабақшада не қоршап тұрғанын ұғынады. Біртіндеп өмірден алған тәжірибесі көбейеді. Балалар өзінің айналасындағы қоршаған ортамен танысуға өте құштар. Бұл баланың бірнеше сұрақтар қоюына әкеліп соғады. Яғни, балаға әлем аздап ғана сырын ашса, онда баланың білуге деген құштарлығы арта түседі.

Әр жаста сенсорлық тәрбиелеу алдында өзіндік мақсаттар тұрады, сенсорлық мәдениеттің белгілі бір бөлігі қалыптасады. Бір жас кезінде негізгі міндет балаға заттардың қасиеттеріне назар аударуын дамыту, жеткілікті байлықты және сыртқы ортаның алуан түрлілігін ұсыну болып табылады. Балада ұстау қимылдары қалыптаса бастағанда, бұл мақсатқа тағы бірі қосылады – балаға заттың пішіні, көлемі және кеңістікте орналасуына ұмтылу қимылдарын дағдыландыру қажет. Ақырындап мұндай дағдылар бала үшін нақты мән бере бастайды («кішкентай» – бұл бір қолмен ұстауға болатын нәрсе, «үлкен» – екі қолмен, «домалақ» – толықтай алақанмен ұсталады, «төртбұрыш» – затты саусақпен екі жағынан ұстайтын нәрсе т.б.). Осы кездегі сенсорлық тәрбиелеу – жалпы тәрбиелеудің негізгі түрі.

Үш жастағы балалар қарапайым өнімді әрекеттерді орындай алады (мозаика құрастыру, құрылыс материалдарынан қарапайым заттарды жинау). Бірақ ол кезде олар көрген заттар мен қолданылатын материалдардың қасиеттеріне аса назар аудармайды, өйткені олардың маңызын түсінбейді және оған назар салмайды. Сондықтан балаларды қарапайым тапсырмаларды орындауға үйрету кезінде, әр бала пішін, көлем, түс – заттардың тұрақты белгілері екендігін ұққан жөн. Үш жас кезінде балаларды сенсорлық тәрбиелеудің дайындық кезеңі аяқталады және ары қарай олардың сенсорлық мәдениетті жүйелі меңгеруді ұйымдастыру басталады.

Қорыта келе, сенсорикалық қабілетті дамытудың бірден-бір көзі – балабақша. Балабақшада бастау алатын бұл кезеңдер бала дамуында маңызды рөл атқарады.

Ташева Ләззат Шаймерденқызы,

Таласбаева Гаухар Барақбайқызы

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық

қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының әдіснама және

педагогикалық инновация кафедрасының аға оқытушылары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<