Ұстаздық ұстаханасының көрігі

1477

0

Күллі өмірін білім беру ісіне, оның ішінде жоғары мектеп пен ғылым саласына сарп еткен ұлағатты ұстаз Валентина Серікбаева – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің дамуы мен көркеюіне елеулі еңбек сіңірген жан.

ХХ ғасыр соңындағы ұлағатты ағалар көшін жалғастырушы ұстаздың атақ-дәрежелері де аз емес: педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Мәскеудегі Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының (МАНПО) мүше-корреспонденті, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері, т.б.

Валентина Ержанқызы Қызылорда қаласында орта мектепті бітірген соң Н.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түскен. Жас талаптың бойындағы ғылымға деген ынта-жігерін байқаған факультет басшылары 1971 жылы институтты бітірген оны «Геометрия және математиканы оқыту методикасы» кафедрасына оқытушы қызметіне қалдырады.

1972 жылы Қазан мемлекеттік университетінде төрт айлық курста оқып білімін көтереді. Геометрияның бір бөлігі дифференциалдық геометрияның  негізін қалаушылардың бірі, осы пәннің арнайы оқулықтарының авторы, атақты ғалым А.Норденның семинарларына қатысып, ғұламалардың лекцияларын тыңдайды. Бұл жас маманның ізденіс жолына түсіп, ғылыммен айналысуға әсерін тигізеді.

1977 жылы Киев мемлекеттік педагогикалық институтындағы оқытушылардың біліктілігін арттыру факультетінде математика әдістемесі бойынша білімін көтереді. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде 1979 жылы Горький атындағы Киев мемлекеттік педагогикалық институтындағы «Математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының аспирантурасына түседі. Оны бітіріп бұрынғы қызмет орнына, «Алгебра, геометрия және математиканы оқыту методикасы» кафедрасына оқытушы болып қайта оралады.

1987 жылы Ленинград мемлекеттік педагогикалық институтының арнайы мамандандырылған докторлық диссертацияларды қорғау ғылыми кеңесінде педагогика бойынша кандидаттық диссертация қорғайды. 

Валентина Ержанқызының ғылымдағы жетекшісі белгілі ғалымдардың бірі, педагогика ғылымдарының докторы, мектеп геометрия оқулықтары мен дидактикалық оқу құралдарының, ЖОО-ның көптеген оқу құралдарының  авторы, академик В.А.Гусев еді. Ал, институттағы ақыл-кеңес берушісі, рухани жетекшісі педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Ә.Тәжмағанбетов болатын.

Сол уақыттан бері факультет, кафедра атауы бірнеше рет өзгерді. Өзгермеген – өмірі жас болып отыратын аудитория. Студенттер оны Валя апай деп жақсы көрді, себебі, оның өзі де бала жанын тереңнен түсінетін ұстаз бола білді. Сол дәрісханаларда Валя апай 1971 жылдан бастап оқытушылықтан профессор дәрежесіне дейін жетіп, елу жыл еңбек етті. Қазіргі таңда – «Физика және математика» кафедрасының профессоры.

Профессор оқу-әдістемелік жұмысты болашақ математика мұғалімдерінің үздіксіз білім алу сапасын арттыру бағытында жүргізіп, математиканы оқытудағы инновациялық әдістерге баса назар аударады. Ол курстық және дипломдық жұмыстарды орындауға әдістемелік нұсқаулар, педагогикалық практиканы өтуге арналған бағдарлама, пәнаралық байланыстарды қолдану негізінде жасалған «Математиканы оқыту әдістемесі» курсының және «Мектеп математика курсындағы пәнаралық байланыстар» арнайы курсының оқу бағдарламаларын жасады. Оның бастамасымен «Мектеп математика курсындағы пәнаралық байланыстар» және «Мектеп математика курсының логикалық құрылымы», ал, магистранттарға «Математиканы оқытудың психологиялық-педагогикалық негіздері» атты арнайы курстар оқытылады.

Ғалым-ұстаз  Әбдікәрім Тәжмағанбетұлы тынбай үздіксіз тер төге жүріп, «Математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі» саласында дербес ғылыми бағыт қалыптастырып кетті. Бүгінгі күндері университетте профессор Ә.Тәжмағанбетұлының ғылымдағы салған сара бағыты мен ізденістері жалғасын табуда. Оған Валентина Ержанқызы ғылыми жетекшілік жасайды. Оның ғылыми жетекшілігімен бірнеше кандидаттық және магистрлік диссертация қорғалып, педагогика магистрлерінің қатары толықты.

Валентина Ержанқызы ғылыми жетекшілік жасаған студенттердің ғылыми жобалары республикалық дәрежедегі жарыстарда үнемі жүлделі орындар иеленеді. Сонымен қатар, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бағдарламасы бойынша орта мектеп оқушыларының да ғылыми жобаларына жетекшілік жасады.

Облыстық педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында мектеп мұғалімдеріне арналған курстарда тұрақты баяндамалар оқыды. Қазір «Өрлеу» деп аталатын бұл институтты Валентина Ержанқызының шәкірті, әріптесі, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Бауыржан Тәжмағанбетұлы Елеусінов басқарып отыр.

Облыс мектептері мұғалімдеріне арнайы курстарды Валентина апай университеттің «Педагогикалық зерттеулер» ғылыми орталығында 2012-2013 жылдары  қосымша аға ғылыми қызметкері ретінде өткізді. Кафедраның, кейін факультеттің ғылыми-әдістемелік семинарларына жетекшілік жасады. Оның  бастамасымен университеттің физика-математика факультетінде «Қыз Жібек» қыздар клубы құрылып, жұмыс жасалды.

Апайдың Қорқыт ата атындағы «Алтын медальмен» және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталуы – осындай еңбектерінің нәтижесі.

2006 жылы алғаш рет ҚР  Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік гранты тағайындалды. Республика бойынша грантты иеленген 200 оқытушының жетеуі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушылары болды. 2012 жылы Валентина апай алғаш рет тағайындалған Қорқыт ата атындағы университеттің «Үздік оқытушысы» атағын иеленді. 

Қазіргі таңда білім берудің жаңа жүйесі бойынша білім алушыларға дәріс береді. Атақты ғалымдардан ілім алған Валентина Ержанқызы өзінің бойындағы білімі мен халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеуді болашақ ұстаздарға үйретіп, студенттерге кеңес беріп, түрлі ғылыми іс-шараларға қатысуларын қадағалап, үздіксіз еңбек ету, іздену, әдебиеттерді көбірек оқу қажет екендігін естеріне салып отырады.

Валя апай сүйікті жары, марқұм Марат Есенұлының соңындағы Айзадасын өсіріп, тәрбиелеп, қоғамға қосып, ұясынан ұшырып, қиясына қондырып, өрісін кеңейтіп, немересі Әлинұрмен өркені өсіп жатыр. Ардақты жанның өмір жолының ұзақ, бақытты болуын тілейміз.

Т.АЙМҰРАТОВА,

педагогика ғылымының кандидаты,

С.МЕҢЛІХОЖАЕВА,

қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<