Қызылорда облысының әкімі мен коменданты полиция қызметкерлермен кездесті

612

0

Облыс орталығында жаппай тәртіпсіздік кезінде қаруланған бұзақылар Қызылорда облысы Полиция департаментінің ғимараттарын жаулап алуға әрекеттенді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері шабуылдарға тойтарыс берді.

Тәртіпсіздік кезінде 5547 әскери бөлімінің сарбазы алған жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Ұйымдастырылған қарулы шабуылға тойтарыс бермекші болған полиция қызметкерлері түрлі жарақаттар алды. Олардың арасында ауыр жарақат алғандар да бар. Оқ алу жарақатымен олар жедел түрде медициналық мекеменің жансақтау бөліміне жеткізілді. Ауыр отадан кейін бүгінгі күні олардың жағдайы қанағаттанарлық. Қазіргі уақытта тәртіп сақшыларының көбі өз қызметтеріне кірісіп кетті.

Міне, бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының саптық алаңында облыс әкімі Әбдіқалықова Гүлшара Наушақызы ел басына күн туған сәтте сөзсіз ерлік көрсеткен қызметкерлермен кездесті. Кездесуге Қызылорда облысының коменданты полиция полковнигі Сұлтан Бектөре, Полиция департаментінің жеке құрамы, Мамандандырылған күзет қызметі, 66597 және Ұлттық ұлан 5547 әскери бөлімдерінің, Шекара қызметінің сарбаздары қатысты.

«Полицейлер мен әскери қызметшілер қиын сәтте ерлік көрсетіп, азаматтық танытты. Бүкіл Сыр елінің жұртшылығы атынан антына адал қызметкерлерге шын жүректен алғысымды білдіремін. Біз сіздерді мақтан тұтамыз!» деді облыс әкімі Гүлшара Наушақызы.

Өз кезегінде Қызылорда облысының коменданты Сұлтан Бектөре аймағымыздағы ахуалдың тұрақты екендігін айтып өтті.

«Қиын да жауапты сәтте кідірместен елімізді, халқымызды қорғау мақсатында қаруланған бұзақыларға тойтарыс бердіңіздер. Бұл үлкен ерлік. Қызылорда облысы Полиция департаментінің жеке құрамының және өз атымнан Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін! Сіздердің ерліктеріңіз көпшілікке үлгі!», – деді Қызылорда облысының коменданты Сұлтан Бектөре.

Өз қызметінде жасаған ерлігін, ерлік емес басты міндеті санайтын полиция капитаны Ержан Шамаховтың айтуынша, еліміздің басынан өткен қиыншылықтар бойларына рух, саналарына сенімділік ұялатты. Олар қызметтік және азаматтық борыштарын орындады. Бұл қызметкерлер Отанын, халқын қорғауға дайын, берген анттарына адал. Тыныштығымызды қас қақпай күзеткен әрбір полиция қызметкері, әрбір сарбаз мемлекет тұтастығының қорғаны екені рас.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<