Ауыл клубының асуы

1307

0

Бәлкім, бүгінгі күнмен салыстыруға келмес, бала кезде ауылдағы ең керемет үй осы болып көрінетін. Екіқабатты мектептің жөні басқа. Ал мына еңселі әппақ ғимаратта тек мәдениетті адамдар жұмыс істейтіндей. Өйткені, ауылдағылар соларды көре қалса, қоғадай жапырылып асты-үстіне түсетін. Олар өнерлі болатын. Ал біз секілді шикіөкпе, қараборбайға концерт не кино кезінде билет кесетін Әзиза ападан мықты адам жоқ.

Тоқырау жылдары түбегейлі жоқ болған ауыл клубтары көп. Мәдениет ұясы саналатын үйдің көбісі жекеге сатылып, бұзылып кеткенін де көз көрді. Бірақ кейбір елді мекеннің ақсақал-қарасақалы жиналып, кітапхана мен осындай мәдениет үйлерін қаңыратпағаны рас. Соның бірі – Қазалының Бекарыстан би ауылындағы мәдениет үйі еді.

Бала күні осында қандай шара болса да қалмайтын едік. Сондағы көретініміз – ауыл өнерпаздарының шағын концерті. 25 теңгенің құнды шағы. Зейнеткер әжеңнен қиылып алған сол тиынға осы клубтың талай концертін тамашалаппыз. Заман жақсарған сайын бұл шаңырақ та жаңара түскен. Қайбір жылы күрделі жөндеуден өткенін естігенбіз. Жазда жиылған ауыл студенттерінің жиі бас қосатын орны болды. Концерт, сахналық көріністер, би кеші, ауыл ақсақалдары мен аналар кеңесінің жиынына дейін осы жерде өтіп жататын. Рас, кешегі пандемия кезінде мәдениет үйінің жұмысы тоқтап тұрды. Бірақ, мұндағы қызметкерлер тыным таппады. Онлайн шаралар ұйымдастырып, тарихтан сыр шертер жер-су аттары туралы арнайы хабар беріп отырды. Шежірелі қарияларды, жергілікті тарихи жәдігерлерді сөйлетті. Әлеуметтік желіде мұның бәрін көріп отырдық.

Мәдениет үйінің директоры Бектұрған Жібекәлінің айтуынша, ұжым ауылдағы көрерменмен тығыз байланыста. Көркемдік жетекші болып қызмет атқаратын Шархан Тілеуназаровтың жетекшілігімен «Әзіліміз жарасқан», «Үйірме – өнер бастауы» атты айдармен сахналық қойылымдар жиі ұсынылып келеді.

Ауылдағы мәдениет үйінде драма үйірмесі бар. 2011 жылдан бері қолға алынған. Репертуарында Рақымжан Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» атты үш көріністі драмалық спектаклі, Жетіскен Мәкенәлінің «Асандар көтерілісінің құрбандары» атты театрландырылған қойылымы, Думан Рамазанның «Кенесары-Күнімжан» атты тарихи спектаклі халыққа ұсынылды. Мұнан өзге Орынбасар Әлжіктің «Сыйластыққа не жетсін!», «Коммерсант болу оңай ма?», «Барлығы платный», «Егеменді еркек», «Екі шалдың әңгімесі», «Қысқа қайырымдар» атты әзілге толы қойылымдары, Рүстем Жанайдың «Құдағайлар қиқуы», «Нантабар», «Кетем», Ермахан Шайқыұлының «Жедел жәрдем», «Ұлы адам болғың келсе…», «Қазақы қалжыңдар», «Ауыл айтқыштары» атты бөліміндегі әзілдерінен сахналық көріністер қойып келеді.

Драма үйірмесінің жетістіктері де жоқ емес. Аудан мен облыстағы түрлі байқаулардан топ жарып, жүлделі орындар қатарынан жиі көрініп жүр. Бір ғана мысал, үш жыл бұрын «Бейбітшілік әлемі» халықаралық шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен республикалық байқауда драмалық жанр бойынша бас жүлде, 2020 жылы «Ауыл айтқыштары» атты облыстық қазақы қалжыңдар байқауында ІІІ орын алған еді.

Былтыр да ауылда құрылған драма үйірмесі талай додада топ жарды. Атап айтсақ, Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі жанындағы халық театрының ұйымдастыруымен «Театр – өмір айнасы» атты онлайн байқау өтті. Театр күніне, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған аудандық байқауда біз әңгімелеп отырған мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесінің мүшелері жүлделі екінші орынды иеленіпті. Ал үйірме жетекшісі Ш.Тілеуназаров «Үздік ер адам ролі» номинациясына лайық болған. Дәл осыған ұқсас қос жүлдені Абай ауылдық клубының ұйымдастыруымен Абылай ханның 310 жылдығына орай өткен «Қазақ ордасының аты өшпес тұлғасы» атты драма үйірмелері арасындағы байқауда да жеңіп алыпты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Бекарыстан би ауылында өткен режиссер, мәдениет майталманы Н.Баекеевтің 75 жылдығына арналған «Өнермен өрілген өмірі» атты аудандық онлайн драма үйірмелерінің додасында аталған өнер ұжымы бас жүлдені қанжығасына байлаған.

Айтпақшы, 2015 жылы Б.Жібекәлінің жетекшілік жасауымен «Әкелер» ансамблі құрылды. Бұл топ мәдени шараларда өнер көрсетумен қатар, байқау жүлделерін иеленіп жүр. «Дала үні» атты ұлт-аспаптар ансамбльдерінің аудандық байқауынан екі жыл қатарынан ІІІ орын алды. Репертуарында халық әндерімен қатар, қазақ композиторларының шығармалары бар.  Расымен, әрбір мәдени-көпшілік шарада ән салып жүрген әкелер – кейінгі буынға үлгі. Үш жыл бұрын көршілес Майдакөл, Ү.Түктібаев және Аранды ауылындағы өнерлі әкелермен біріге отырып, аудан көлеміндегі ауылдарға концерт беріп, ел алғысын алған. Құрамында Дауылбай  Қапаров,  Тайып  Балымбетов,  Бүркіт  Әзиев, Дәурен  Жәметов, Қасым Балымбетов сынды мұғалімдер де бар. Сондай-ақ Бектұрған Жібекәлі, Дауылбай Ешниязов, Бейбіт Алпысбай секілді мәдениет саласының қызметкерлері де осы сапта.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<