Үш жыл және үдеден шыққан іс

1026

0

Облыс әкімінің орынбасары жастармен жүздесуінде отандық және шетелдік әдебиеттердің өскелең ұрпақтың ой-санасының дамуына зор ықпал ететінін және «Кітап құрттарындағы» интеллектуалды жастардың арасынан жаңа есімдер шығару қажеттігін айтты. Сондай-ақ, облыс басшысының атынан «Сыр – Алаштың анасы» кітабын сыйға тартты.

Іс-шара барысында белсенділерге облыс әкімі және облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат хатшысы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ректорының Алғыс хаттары табысталды.

Жүздесу барысында аталған клубтың негізін қалаушы Талғат Меңдібаев ұйымның 3 жыл ішінде жасаған жұмыстарын таныстырды. Осы уақытта клуб құрамына түрлі саладағы ерікті және жанашыр азаматтар жиналып, буккроссинг, кинотайм, косплей-пати, «Кітап сыйла!» қайырымдылық іс-шаралары мен интеллектуалдық сайыстар өткізілген. Нәтижесінде кітап клубының аудандарда, жергілікті оқу орындарында филиалдары ашылды. Енді олардың қатарына Атырау облысындағы өкілдігі де қосылады.

Еріктілер тобы 2019 жылғы 2 ақпанда Қызылорда қаласында өз жұмысын бастады. Алғашқы уақытта волонтерлер тобында небәрі 7 адам болды. Қазір олардың саны 100-ге жетіп отыр. Олардың жас ерекшелігі 15-34 жас аралығын құрайды.

Еріктілер клубы жастардың кітап оқуға қызығушылықтарын арттыруға назар аударды. Осы мақсатта отырыстар өткізіледі. Қазірге дейін барлығы 44 отырыс ұйымдастырылған. Еріктілер тобының жеке буккроссинг сөресі 2019 жылы қазан айында Жастар орталығы ғимаратында орналастырылды. Сол жылы аталған орталықта «Косплей party» ұйымдастырылды. Бұл шығармашылық шара жылына бір рет дәстүрлі түрде өткізіледі. 2019 жылы еріктілер тобы облыста «Ең үздік жаңа бастама» номинациясымен аймақ басшысының дипломымен марапатталды. Жүздесу барысында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жастарға үнемі ізденісте болып, жаңа білім меңгеру арқылы өз-өзіне инвестиция салуға кеңес берді.

Кеш қонақтары кітап клубының аймақтың интеллектуалдық әлеуетін дамытып, креативті жастардың жан-жақты қолдауына қосқан үлесін жоғары бағалап, ізгі тілектерін білдірді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<