Мұқағалимен мұңдасу

699

0

Көңiлiмiз сәуiр айы бүр жарған,

Өмiрiмiз сарыуайым, мұң қалған.

Екеумiздi туыс қылған бiр өлең,

Бекер бізді суыс қылған бұл жалған.

Тiлегiммен тiрнектелiп тiрлiгiм,

Жүрегiммен көтерiстiм жыр жүгiн.

Қашаймын деп мәңгiлiктiң бейнесiн,

Ғұмырымды жонып жатқан сүргiмiн.

Сол ызғары тұр бүгінгі кәрінде,

Біздің күннің біраз сыр бар мәнінде.

Тағдыр ұста қарағайды балталап,

Темір ара зырылдайды тәнінде.

Тіс көрсетіп заманымның қақпаны,

Тіл аузымда дәмсіз сөзді жаттады,

Менің қаным түсі басқа демесең,

Қарағайдың ағып жатқан ақ қаны.

Былайғыға жылауықпын қарадай,

Көшке еруге қалам кейде жарамай.

Балдақ болды аяғы бар адамға,

Баяғы бір жасын түскен қарағай.

Сан ғасырға сәуле төгер сыры анық,

Сенiң тұлғаң тұғыры тас, тым алып.

Тұғырыңа тұқылдай боп кеп тұрған,

Менi саған ұқсатады мына жұрт.

Көңiлiмiз сәуiр айы бүр жарған,

Өмiрiмiз сарыуайым, мұң қалған.

Екеумiздi туыс қылған бiр өлең.

Бекер бізді суыс қылған бұл жалған.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<