Зейнолла ақынның махаббаты

1588

0

Тағдырымен тайталасып жүріп,  қазақ әдебиетінің қорына қомақты дүниелер қосып кеткен ақын, жазушы Зейнолла Шүкіровтің өмірі мен шығармашылығына арналған әңгімелер мен естеліктер көп.

Ертең Зейнолла Шүкіровтің туғанына 95 жыл толады. Соған орай «Бір жұлдыз болып жанам мен…» деген кітаптан қаламгер Әбдіғани Аймағанбетов жазған төмендегі туындыны ұсынып отырмыз.

1960 жылдың күзі болатын. Мен ол кезде Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетінің үшінші курс студенті едім. Қызылорда қаласына сол кезде «қазақтың Островскийі» атанып, өлең-дастандарымен әдеби қауымды дүр сілкіндірген Зейнолла Шүкіровтің көшіп келгендігі жөнінде ақын Қомшабай Сүйінішев, жазушы Нәсіреддин Сералиевтер студенттерді хабардар етті.

Барак типтес үйдің, бір басының екі бөлмесіне қоныстанған екен. Қасында шешесі және Алпысбай деген інісі. Кеуделі адам, бірақ бөкседен төменгі жағы солып қалған, бізбен жамбастап жатып амандасып, жөн-жосығымызды айтқасын қуанып қалды. Жанындағы мандолинасын алып, шертіп отырып бір-екі ән айтты. Сөйткенше шай келді. Кейінгі жазған өлеңдерін оқып, біраз отырдық. Дүние жүзінің әдебиеті жөнінде әңгіме қозғағанда 2 сынып бітіріп, белінің жұлыны кетіп, құныс болған адамның сауаттылығы бізді таңғалдырды. Өзінің бір көзі әйнектен екен, ой, Алла, бір айналдырғанды қойсайшы, бір көзі ауырып дәрігерге көрінсе, ол басқа дәрі тамызып, сол ауырған көзі істен шыққан.

Біз кетуге ыңғайландық. Бізге: «Келіп тұрыңдар маған, келгендерің көңілімді көтереді, қыздарың болса, ертіп келіңдер» – деп, тамақ ішіңдер деп ақша берді. «Алмаймыз» деп қашқақтаған болып едік, «Алыңдар, үш-төрт кітабым шықты, ақша жетеді, тек сендердің жиі келгендерің жетпейді» – деп мұңайғандай болды.

Содан анда-санда соғып тұрамыз. Өзі бір жерге баратын болса, институт басшылығына телефон соғып, біздің біреуімізді сабақтан шақыртып алады. Бізді осы арасы қинайды. Тамаққа тоқ, тірі адам өте ауыр болады екен, әрең көтеріп жүреміз, кейде кезек-кезек көтеріп, көше аралатамыз. Сондайда танысы кездессе әңгімелесіп, бізді тұрғызып қояды. Түсіріп аламыз ба деп зәреміз қалмайды. Кезек көтеріп, жан сақтаймыз.

Бір күні сол үйге бара жатқанда Ажар деген ауылдас, курстас қыз кездесіп, ағайға барсаңдар мен де сәлем берейін деп бізге ілесті. Барғасын қызды көріп, ағамыз тіктелді. Көзі күлімдеп, жүзі нұрланып, ән салды. Ажар да әнші еді, екеуі қосылып үйді думанға бөледі, әрі-беріден соң қасына шақырып алып, қолынан ұстап, белінен құшақтады. Қыз қашқалақтамады. Бойын тіктей алмайтын ақынның көңілі көтерілсін деген болуы керек.

Кейін де сол үйге барып жүрдік. Бір күні ағамыз: «бір оңаша үй тауып, кеш ұйымдастырыңдар, ауылдың қыз-жігіттерін қалдырмаңдар, мен Алматыға дәрігерге аяғыма операция жасатуға жүрмекшімін, жолаяғым болсын, шығыннан қашпаңдар, өзім өтеймін. Тек обязательно Ажар келетін болсын», – деп тапсырды.

Сонымен кеш ұйымдастырдық. Бірсыпыра жастар өлеңдерін оқыды. Бұл күні Зейнолла мен Ажар қатар отырды, қызды құшақтап отырып, екеуі қосылып ән салды. Кеш думанды өтті. Жұрт тарағасын: «Аға, Ажарға ғашық болғаннан саусыз ба?» деп күліп сұраған едік. Сәл мұңайған кейіппен «жүрек жанып тұрғанмен, домаланып қалған маған Ажар қарай ма, тек көңілімді аулап жүрген шығар»  деді төмен қарап. Сосын бізге қарап:

Ақ алма, қызыл алма жемедің бе?

Тәтті алма қайдан шықты демедің бе?

Жүгіртіп Айжарықты жіберіп ем,

Ажар-ау, кім жіберді демедің бе? – деп әндетті. «Иә, біздікі көңіл делбеу ғой, жаралы тынысым кеңіп, бір рахат сезім дүниесін кезіп кеткендей боламын, енді жолға жүру қамын ойласайық» деді.

Облыстық комсомол комитетіндегілер Зейнолланы Алматыға көтеріп баруға мені үгіттеген болатын. Институттан да рұқсат беретін болған. Емтиханды қайтем дегенде, одан қам жеме, қойдыртып береміз деген сөз сабаққа құлқым аздау маған бостандыққа шыққандай әсер етті. Келіскенмін. Зейнолла осыны пысықтай келе, жолға жүретінімізді, билеттің алулы екенін айтты. Бұл 1961 жылдың көктемі еді.

Республика комсомол комитеті мен Жазушылар одағы ұйымдастырған жас талапкер ақын-жазушылардың жиынына да қатысатын болдық. Алматыда біздерді Әбу Сәрсенбаев, Сайын Мұратбеков, Қабдыкәрім Ыдырысов, Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек Дүйсенбиевтер қарсы алып, сол кездегі «Қазақстан» қонақ үйіне орналастық. Әскери госпитальдан орын күтіп, бір айдай жатып қалдық. Зейнолланы осында орналастырып, қонақ үйдегі ақын-жазушылардың ырду-дырдуынан құтылып, мен Қызылордаға қайтып келіп, оқуымды жалғастырдым. Жазға салым операция жасатып Зейнолла да оралды. Бірақ Алматының емі аяғына өзгеріс әкелмепті. Менің қуанғаным – мені Алматының ҚазМУ-іне 4-курсқа ауыстыруға келісіп келіпті. Келе Ажарды шақырып беріңдер дегесін, қызды тауып алып келдік. Екеуін оңаша қалдырдық. Екі-үш ай өткенде Ажардың Алматының бір жігітіне тұрмысқа шыққанын естідік. Мұны ағамызға қалай айтудың ретін таппай жүргенімізде, бұл хабарды өзі естіп біліпті. Мен Алматыға кетерімде Ажарға тапсыр деп төмендегідей өлеңін өз қолымен жазып беріп еді.

Сол минут еске түссе өкінемін,

Алыстан бір сені аңсап жетіп едім.

Жарқ етіп шыға келдің қарсы алдымнан,

Шын қабыл болғаның ба, о, тілегім.

Тілдестік… Ақ жүзіңді маған бұрдың,

Жалт етіп бұрылдың да қара үздің.

От салып арамызды алыстатқан,

Білсем-ай, қандай ғана «арам құзғын».

Ақ пейілің қайда, қайда бұрындағы,

Күйіктен шыбын жаным шырылдады.

Жалғанда сен едің ғой қуанышым,

Жалғанда бір сен едің мұңым-дағы.

Алдыңда кінәм болса – адалдығым,

Не болды, сырт айналып саған бүгін?!

Айтылмай кетті ішімде арман, арман,

Айтылмай кетті ішімде амандығым.

…Күн өтті, күрсінумен айлар өтті,

 Сол мінез қаңғыртты да, қайран етті.

От түсті өзегіме… дәруі не?

Жүректі сөндіресің қайдан өртті.

Өтті айлар, жарылқады қай тәңірім,

Кездестік тәңір айдап қайта бүгін.

Дастархан, әуелеп ән, қызған думан,

Дүрсілін жүрегімнің байқады кім?

Сонда да серпілмеді, қайғым қалың,

Өзің жайған дастархан, қайырылмадың.

Жалтақтап қарай бердім ақ жүзіңе,

Бейне бір байқағандай айдың дағын.

Дүние түнеруге айналғасын,

Кеудеме сылқ түсті қайран басым.

Деуші едім күліп тұрса сенің жүзің,

Деуші едім пәк көңілімді қайғы алмасын.

От шарап, бір шыныаяқ құйып ішкен,

Өртеді жүректі дерт күйінішпен.

Жеген дәм, жұтқан ауа у татыса,

Кім шыдар өзін күштеп тыйып іштен.

Көз алдым дүние тұман болып көшкен,

Адамдай алқындырды өрт кешкен.

Қайлы едім, сол шыныаяқ құрдым болып,

Түншығып бір-ақ батып өліп кетсем.

Дариға, өліп кетсем, өліп кетсем,

Дүниеден сені дос деп сеніп кетсем.

Арман не, жан досым деп у шарапты,

Деміңмен жалғыз үрлеп төгіп кетсең.

Ой жым-жырт, дүние дуды тия тұрды,

Бұл не өзі, қабақ па,  әлде театр ма?

Досыңмын деуші едің ғой, қансырасам,

Өзің ғой жүрек қанын құятын да.

Дедің бе, әлде өртенсін ұятына,

Досты дос жамандыққа қиятын ба?

Болмаса бұл дүниеде бір сенер жан,

Әкел у шарап, құрысын, құй ақынға.

Бері әкел, уың болса суардағын,

Кеудемде өшсін бірге мың арманым.

Көрейін жаның қалай жай тапқанын,

Көрейін қандай екен қуанғаның.

Кетейін тастап иесіз азап үйін,

Бұл думан болсын менің аза күйім.

Кебінім болсын менің махаббатым,

Дүниеде кірсіз жалғыз таза бұйым!

Қош сәулем, арашалап алма жүдә,

Ұрындым, обалым жоқ, қанжарыңа.

Құйып ал, қаным мынау, бал шарап деп,

Той күні ұсынарсың жан жарыңа…

Мен сияқты қарапайым хат тасушыға ақын жүрегінің махаббатын жеткізуге күш қайда, Ажарды тауып алып, өлеңнің көшірмесін бердім. Ол өлеңді оқып: «Мүгедек жанды мүсіркегеннен басқа менде не хал бар? Алматыға кеткенім де сол, ол арада жүрсем өзім де көргім келеді де тұратын, мұңлы жанның жүрегін жараламайын дедім, қыз күнімдегі суретім еді, ескерткішке ағама апарып берерсің» деп әдемі суретін ұсынды. Сыртына: «Сізді өмір бойы сыйлап, сүйіп өтетін қарындасың А… Бізді құдай жұпты қылуға жазбаса да, сүйіктің болғаныма өзімді бақытты санаймын» деп жазған суретін Зейноллаға 1964 жылы жазда оқу бітірерде табыстадым. Оны өзі кейінірек үлкейтіп алыпты.

Ажардың сол сөзін менің күркемде отырып, Сағи мен Ғафуға оқып беріп: «Мына сөздердің өзі менің ынтызар көңілімді сабасына түсірді ғой» деп толқып сөйледі.

Зейнолла ақынның жүрек қаны тамшылағандай осы махаббат жырын тауып алып, жастарға үлгі болсын, өз махаббаттарын көкірегінде аялай білсін деген ниетпен баспаға ұсынуды жөн көрдім.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<