Ғанибек Қазантаев, Қызылорда қаласының әкімі: «Шынайылық қана тіршіліктің шырайы бола алады»

3429

0

Өңірдің өркендеуі әдетте орталықтың дамуымен айшықталып жатады. Олай болса, екі ғасырдан астам тарихы бар көне шаһардың өркениетке бетбұрысы қалай? Осы тұрғыда облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің өкілдері қала әкімімен сұхбат құрған еді.  

– Ғанибек Қонысбекұлы, облыс орталығына басшылыққа келгеніңізге 10 айдың жүзі болды. Тарихи қаланың қайнаған қызметін білеміз. Әйтсе де, кешегі қаңтар басындағы қаралы оқиға атқарушы биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін жаңа қырынан ашып берді. Мемлекет басшысының ендігі ұстанымы өткір. Ұлттық арнаға берген сұхбатында да Президент реформалардың басты мақсаты – әділетті қоғам орнату, монополияларды жою, саяси трансформация жасау, еліміздің экономикалық дамуын жеделдету деп атап өтті. Бұл үдеріске қандай үн қосар едіңіз? 

– Алдымызда үлкен өзгерістер тұрғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашық айтып отыр. Бұл бір күндік мәселе емес. Президенттің сұхбатынан кейін осындағы бөлімдермен отырып пікір алмастық. Қандай қате жібердік, саяси олқылықтар қайдан кетті, міне, осының бәрінен сабақ алуға тиіспіз. Бір ғана мысал, Мемлекет басшысы айтты: «Жалпы, бәріміз еңбекқорлықтың, біліктіліктің идеологиясын көтеруіміз керек. Ұлтымыз дүние жүзінде, ең алдымен, еңбекқор, жұмысқа адал ұлт ретінде мойындалатын болса, бұл экономикамызға оң әсер етеді. Масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз қажет. Сонда ғана Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы іске асады» деді. Мұнан әрі Президент: «Меніңше, біз бұрын үлкен идеологиялық қателік жібердік. Шетелге, яғни Орталық Азиядан Ресейге кеткен жұмысшыларға күліп, «Қараңыздар, олар қара жұмыспен айналысуға мәжбүр болды, ал бізге келгенде, бірде-бір қазақ шетелде жұмыс істемейді, жайбарақат жүрміз» деп қатты мақтандық. Кез келген еңбекті жоғары бағалау қажет, солай емес пе? Бүгінгі күні Орталық Азиядағы жұмысшылар Ресейде еңбек етіп, күн көріп жатыр. Ал біздікілер еңбек бәсекесіне шыдай алмайтын болды. Өкінішке қарай, бұл – «сырьевое проклятье», яғни «шикізатқа тәуелді болудың» салдары» деп нақты көрсетті. Мұның астарында үлкен мән бар. Мұнайға малданып жүріп көп нәрседен айрылып қалдық. Босап қалдық. Көрші елдерге «бұлар неге қаңғып жүр» дегендей күлдік. Ал олар барып жұмыс жасады, әлі де істеп келе жатыр. Енді өзгеріссіз болмайды. 

– Бұл жерде жастар саясатына қатысты өткір-өткір мәселенің басы ашылып отыр. Бұған дейін талдау, таразылау әрекеттері жасалды ма? Күні кеше инвесторлармен кездесуде жергілікті жастарды жұмысқа тарту жөнінде ұсыныс айттыңыз. Бұл қалай жүзеге асырылады?

– Осы арада мына мәселені айта кетейін. Өткен жылы жастар орталығында кездесу өткіздік. Бізде қаншама кәсіптік колледждер бар. Оларда қанша бала бітірді, жұмысқа орналасуы қалай, болмаса бос жүргендері қанша, олар не істеп жатыр, пайызы, нақты көрсеткіштер бар ма, біз қандай көмек бере аламыз деген сұрақтарға жауап іздедік. Жалаң ұранның, жағымпаздықтың дәуірі өтті. Мақсат – қандай да бір мамандық алып шыққан жасқа жұмыс көзін табу, өмірге, еңбекке бейімдеу. Бұл үшін не істей аламыз? Осыны ойластыра келе қалалық әкімдіктің мүмкіндіктерін пайдаланып, құрылысшы, аспазшы, дәнекерлеуші, бір сөзбен айтқанда әртүрлі мамандық алғандарды еңбек көздеріне тартып, мекемелерде іс-тәжірибеден бастап жұмысқа орналасу жолдарын қарастырдық. Көзінде оты, намысы, еңбекке құлшынысы бар жастар далада қалмайды. Мұны көрген келесі толқын да ынталана түседі. Осы бағытта тиісті мекемелермен, кәсіпорындармен байланыс орнаттық. Биыл 1860 адам бітіреді, қазіргі міндет – олардың мамандығына сай іс-тәжиірбеден өтіп, жұмысқа қабылдануына жағдай жасау. Мейрамханаларға дейін өз ұсынысымызды айттық, олар қарсы болып отырған жоқ. Біз ендігі өзгерісті осындай бастамалардан күтеміз.

Иә, кеше Қызылордаға арнайы келген түркиялық «DEMS constraction» және «Tremesheli Holding» компанияларының басшыларын қабылдадым. Олар облыс орталығынан 9 және 14 қабатты тұрғын үй кешенін салуға  ниет білдіріп отыр. Бұл Қызылорда қаласы үшін ерекше ұсыныс. Жиырма жылға жуық шет мемлекеттерге инвестиция құйып, ғимараттар тұрғызған қос компанияның да тәжірибесі мол, нарықта беделі жоғары. Сондықтан олар еліміздің алғашқы астанасы атанған Қызылорданың төрінен соңғы үлгідегі көпқабатты үй салуды мақсат етіп отыр.

Жоспар бойынша мың пәтерлік көпқабатты үй салынады. Кешенді құрылысқа емхана, мектеп, балабақша, спорттық алаңдар кіреді. Инвесторлар жобалау жасаса, облысымызға танымал «ДорСтрой» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Нысан орны да белгіленген. Біз инвесторларға әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын жеделдетуіміз қажет. Сонымен қатар, оларға сырттан маман алдырмай, кәсіптік оқуды тәмамдаған қызылордалық жас мамандарды қайта даярлап, жұмысқа қабылдау жөнінде талап қойдық. Өте жауапты жұмыс үшін әрине, бұл оңай ұсыныс емес. Бірақ, батыл қадамға бармасақ, көзқарасты өзгертпесек бәрі кеш. Онсыз да көп нәрседен кешігіп қалдық. Компания басшылары ойымызды қолдады. Егер біз осы бастамалардан нәтиже шығара алсақ, жергілікті қалыптасып қалған «Дәнекер», «Әбусер», «Интергазстрой» секілді құрылыс компанияларымен де әріптестікті жолға қоя алар едік. Жасыратын несі бар, құрылыс компаниялары өзбекті күтіп отырады. Шекара жабық болса өзбек жоқ, өзбек жоқ болса біздегі құрылыс тоқтайды. Еңбек бәсекесіне өз күшімізбен шыдас бермей, алға жылжи алмаймыз. Мемлекет басшысының жастардың ісін үйлестіруге ерекше маңыз беріп отырғаны да осы.

– Ашықтық пен жариялылық қағидасына қандай ой қосар едіңіз? Ескі сарыннан арылып, тың жол табуға болады ғой… 

– Қай кезде де әкімнің еңбегіне халық баға береді. Биыл халықпен кездесулерді жаңа мәтінде ұйымдастырсақ деген ойымыз бар. Бұрынғыдай атқарылған істі тізбектеп тұрмай, қысқаша бейнебаян арқылы көрсетіп, кездесудің негізгі өзегін сұрақ-жауап, талқылауға арнасақ дейміз. Қалай дегенде ескі сарын енді жүрмейді. Байқасаңыздар, экономикалық тұрғыда барлық облыстарға ақша бірдей бөлінсін деген пікірлер айтылып жатыр. Қаржы алып келе алмайтын әкімдер қызметінде қалмасын дегендей саясат та бар. Алда көптеген өзгерістер болады. Мемлекет басшысы наурыз айындағы Жолдауында жаңа тұжырымдаманы нақтыламақ. Жаңа бағытқа еретін адам еруі керек, кететін адам кетуі керек, деген ұстаным ашық айтылып отыр. Мұны әрине, қолдаймыз.

– Сіз қалаға әкім болып келгенде алдымен аяқсу мәселесін қолға алдыңыз. Өзен іргесіндегі қаланың өткір мәселесі ізге түсетін сыңайы бар ма?

– Несін жасырайық, әдепкіде сын да айтылды, алып-қашпа сөз де қаулады. «Канал жағалап неғып жүр, қаланың басқа шаруасы жоқ па» дегендей блогерлер шулады. Ойланып көріңізші, суы жоқ көше қалай көгермек? Арығы жоқ аула қалай ажарланбақ? Бұл өзге шаруа өзінде қалсын деген пайым емес әрі аяқсудан абырой жинайын деген пиғыл да жоқ. Не болса да байыбына барып әрекет ету керек емес пе?!

Қарапайым ғана мысал, мен де бес жыл осында жоғары оқу орнында оқыдым. Сонда біз стадионның қасындағы шағын канал басында қызықты сәттерді өткізетінбіз. Соны іздедім. Неге? Себебі ол шағын каналдан қалаға аяқ су еркін шығатын. Тазаладық, ретке келтірдік. Алайда, дария деңгейінің төмендігі бұл мүмкіндікке мұрша бермеді, бірақ оны басқа су арнасы арқылы іске қосып жібердік.

Сырдария өзенінің кейінгі уақыттағы күйі белгілі. Су деңгейі тіпті түсіп кетті. Әйтсе де, біз былтырғы күз айларында көп жылдардан бері су бармаған бірнеше көшеге су аяғын жеткіздік. Мысалы, Жеңіс көшесіне барғанымда ондағы тұрғындар жиырма жылдан бері су келмеген көшенің өзегіне қан жүгіргенін айтып, ризашылық білдірді. Бұл жағдай маған тағы бір ой салды. Табиғи құбылыс дейміз бе, әлде басқалай себебі бар ма, зерттеушілердің пайымынша өзендегі су жағдайы әзір қиын болғалы тұр. Сондықтан, біз жоба-сметалық құжаттар дайындап, 24 ұңғыманы іске қосуға бел будық. Бұрындары аяқсу қаланың орталығы ғана емес шет аймақтарының өзінде еркін ағып жататын. Сол су жүрген канал, арықтардың ізі бар, қазір қандай көзін таба аламыз, қысқасы, осының бәрін зерттеуге 4 айдай уақыт кетті. Жобамызды Экология министрлігіне апарып министр Мағзұм Мырзағалиевпен кездесудің сәті түсті. Жобаны таныстырдық. Әлгі 24 ұңғыманы қазу тиімділігін дәлелдедік. Біріншіден, бұл дариядан жырғыштап су алудан құтқарса, екінші – қаланың іргесін басып баратын ыза суды азайтудың көзі.

Мен де қаланың тұрғынымын. Қазіргі жағдайда ағаш ексеңіз ары кеткенде екі жыл ғана көгеріп, қурап қалады. Себебі, ыза су жақын. Ал ұңғыма қазсақ, оның белгілі деңгейде жер қыртысын құрғатуға септігі тиер еді. Жалпы, ұңғыманың өзін қазу 2,5-3 млрд теңге. 60 метр тереңдіктен су шығарамыз. Оны қазып қойып, қарап отыруға тағы болмайды. Көздеген мақсаттан нәтиже шығарамыз десек, каналдарды, кіші каналдар мен арықтарды, құрылғыларды түгелдей ретке келтіріп, қаланың қай шетіне болса да аяқсу жеткізуіміз керек. Жобаны министрлікке ұсынғанымыз да сондықтан. Олар қолдап отыр. Өкінішке орай, жоба бойынша жұмыс әзір басталып кеткен жоқ. Алдағы жартыжылдықта қолға алынуы тиіс. Оған қарамастан қаланың ортасынан 10, сол жағалаудан 2 және ауылдық елді мекендерден су ұңғымаларын қазуды бастап кеттік. Мұның бұрынғыға қарағанда экономикалық жағынан тиімділігі бар. Мысалы, су айдайтын насосқа 70-80 млн теңге жұмсасақ, бір ұңғымаға 14-15 млн теңге кетеді. Ең бастысы – оның жұмысын жүргізуді кәсіпкерлерге беру. Әкімдік мұндай қызметтерді бірыңғай мойнында ұстауға болмайды. Бұл – нарықтық қатынастың талабы, әрі көптеген жерлерде бар тәжірибе.

– Нарықтық бәсекелік орта дегеннен шығады, «Қызылорда тазалығы» мекемесінің «Қызылорда су жүйесіне» қосылуын қалай түсіндірер едіңіз?

– Басынан ашып айтайық, қалай болғанда да «Қызылорда тазалығы» мекемесі бәсекелік ортаға кетуі керек. Бұл Үкіметтің 2022 жылы орындалуы тиіс тапсырмасы. 2021 жылы Түркістан, Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы және біз төрт өңір қалдық. Содан сатуға қойдық. Әдепкі 1 млрд 235 млн теңгеге ешкім қатыспады. 50 пайыз түстік, 700 млн-ға да ынта білдірген жан жоқ. 50 пайыз тағы түстік, яғни 350 млн теңгеге де өтпеді. Енді қандай амал бар? Жан-жақтағы әріптестерге, кәсіпкерлерге шықтық, онан да нәтиже болмады. Бір күн емес, санаулы сағат тазалақ жұмысы жүрмей қалса, қаланың халін елестете беріңіз. Әбден тұйыққа тірелдік. Бұл сұраққа ешқандай жауап болмады. Ақыр аяғында бір амалы табылғандай болды. Ол – «Қызылорда су жүйесіне» қосу арқылы ғана әрі қарай әрекет етуге болатын жалғыз амал. Осылайша, екі мекеме бірікті де «Су жүйесінің» атқаратын міндеттеріне тазалық қызметін жүргізудің тетіктері енгізілді. Бұған тиісті орыннан рұқсат алынды. Әрине, бұл екеуі де шығыннан шыға алмай титықтап отырған мекемелер. Қатты уайымдадық, бірақ басқа жол жоқ. Қарыз қордалана береді. Қарап отыруға болмайды. Сол себепті мекеме мамандарымен, сала ардагерлерімен ақылдасып, не істейміз дегенге жауап іздедік. Зерттей келе су жүйесіндегі біраз олқылықтың беті ашылды. Әсіресе төлем жасауға келгенде бұғып қалатын ірі-ірі кәсіпкерлік нысандар, мейрамхана, көлік жуу орындары шыға келді. Жасыратын несі бар, тұрғындар арасында жарық пен жылуға қарағанда судың төлеміне немқұрайлы көзқарас қалыптасқан.

Тазалыққа қатысты да сын көп. Техникалардың тозығы жетіп тұр. Биылғы қысқа 25 техника дайындадық. Бар күшімізбен шықтық. Қалада 800-ден астам көше бар, оның тазалығын ұстап тұру оңай емес. Енді қараңыз, мен өз басым үйдегі қоқысты шығару үшін «Қызылорда тазалығы» мекемесімен келісім-шартқа отырмаймын. Неге? Себебі, қоқысты айтқан мезеттен үш күннен кейін алып кететін мекеме қызметінің қажеті жоқ. Асылбек деген жігіт бар, айтқан күні біреуді жалдаса да міндетін орындайды. Әділ әрі еңбегіне ақысы сай. Міне, нарықтың талабы. Осы жағдайды ойластыра келе жан-жақтағы мамандар, кәсіпкер азаматтар бар, жинап, талқылауға салдық. Оларға «Белгілі бір шағын ауданды алыңыздар, сараптама жасап, сол аумақтың тазалығына жауапты болыңыздар. Біз өз тарапымыздан қолдан келер мүмкіндіктерді, субсидиялауды қарастырайық» деген ұсыныс айттық. Қозғалыс пайда болды. Кейбір кәсіпкерлер техника алуға талпынып отыр. Бұл мәселені өзім Шымкент қаласына барып зерттеп көрдім. Олар тәжірибе жүзінде жаппай емес әрине, бір-бірлеп кәсіпкерлерге берген. Мысалы, бір кәсіпкер бес-алты техникасымен тиісті аумағын тазалап, ақшасын жинап, міндетін мұнтаздай етіп орындайды. Үздік-создық жұмыс жоқ. Бәрі тәртіпке сай. Түбінде біз де осыған келеміз. Бастамалар алты айдың көлемінде нәтижесін беруі тиіс. Қазір қолда бар техникалардың өзін мейлінше іске қосуға, ынталы кәсіпкерлерге беруге ұйғарым жасадық. Өйткені, кәсіпкерлер ары қарай алып кетуі тиіс.

– Осы арада тағы бір түйткіл бар. Бұл – тұрғындардың ертелі-кеш өкпе-ренішін тудырып жататын коммуналдық қызмет көздеріне байланысты жауап ала алмай пұшайман күй кешетіні. Цифрлық даму дейміз, осының жолын табуға болмай ма?

– Бізде 109 пилоттық жобасы бар. Осының қызметін қалаға пайдалануды сұрадық. 109 не үшін арналған? Ол – диспетчерлік байланыс. Халық осы байланыс көзі арқылы хабарласып отыруы керек. Мұны облыс басшылығына айттық, бірақ шешімі табылмай келеді. Біз оның жұмысын үйлестіруге дайынбыз. Мен өзім қаланың тұрғыны ретінде 109-ға арнайы хабарластым. Тұрғылықты жерді, ауызсудың жоқ екенін, қашан іске қосылатынын сұрадым. Бірақ олар жауап айта алмады. «Су жүйесіне» хабарласыңыз, тегін телефонғой» дегеннен арыға бармады. Бұлай болмауы керек. Егер ол қалаға өтсе жылу, жарық, газ, су жүйесі, қоғамдық көлік, тазалық, қысқасы, коммуналдық қызметтің барлық түрлеріне ортақ тиімді байланыс тетігін орнықтырар едік. Ол үшін тиісті әр мекемеден мамандарды оқыту да ойда бар.

Қазір қалай, жылу болсын, жарық болсын қоңырауға ешкім жауап бермейді. Жауап болған күннің өзінде үзіліп-созылып бәрі біткен соң келеді. Ал, жаңа байланыс тетігі бір көзден барлық қызметке жауап бере алар еді. Мысалы, жарық сөнсе пәлен уақытта қосылады немесе сіздердегі ақауға байланысты мамандар шықты, осынша уақытта жетеді дегендей мамандандырылған орталықтан нақты жауап болар еді. Бұл бір жағынан әлеуметтік желідегі оңды-солды даурықпаның алдын алады. Ал оған сол уақытта нақты жауап жазылса бұлай ушықпас еді. 109 – ережесінде көрсетілгендей, коммуналдық қызметтің мамандандырылған бірегей байланыс көзі. Мұны қолданысқа енгізу халықтың сұранысына жауап қана емес, қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал зор.

– Ғанибек Қонысбекұлы, өзіңіз байқап отырғандай бүгінгі сұхбатымыз сықиған цифрға емес, нақты бағыт-бағдарға құрылып отыр. Әйтсе де талай мәрте талқыға түсіп, бірақ шешімі шиеленісіп кете беретін өзекті мәселенің бірі – қоғамдық көлік жайы. Осының жолын табатын уақыт жетті емес пе? Цифрлық даму дейміз, қажеттілігі анық көрінсе 109 қызметін неге пайдаланбасқа?

– Жаңа ғана айтып отырған 109 байланыс желісі қоғамдық көлікке де қатысты. Қазір мекеменікі не жеке болсын автобустарға GPS қойып жатырмыз. Егер 109 қызметін пайдалана алсақ, қоғамдық көліктегі проблеманы сейілте алар едік. Мәселен, сіз аялдамада тұрсаңыз қай нөмірлі автобустың қанша уақытта келе алатынын, оның ара қашықтығын, өзге де ақпараттарды біле аласыз. Осы кезге дейін су жүйесіндегі, тазалықтағы техникалардың бәріне GPS қойылды. Жұмыста реттілік, тәртіп орнай бастады. Саралай келгенде, коммуналдық қызметтің бәріне қатысты ақпараттық шоғырды автоматты әрі мамандандырылған түрде үйлестіретін қызмет көзі керек бізге. Ескі сарыннан арылмай отырмыз. Бір жерде қоқыс көрсе не автобус тұрып қалса жалаулатып желіге жүктеп, «біткен қала ғой, әкім қайда қарап отыр» деп оңды-солды пікір жазамыз.

Бірақ, кейінгі уақытта осындай пікірлер қалайша сирексіп қалды? Алдымен себебін зерттедік. Автобус паркінде 5-ақ бағытта әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көліктер бар. 21 маршрут жеке тасымалдаушылар. Олардың бір адамды тасымалдау құны – 126 теңге. Қалалық әкімдік 90 теңгеден қойып отыр. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар, олардың бәріне жылына 12 млн 400 мың теңгедей қаржы қажет. Әрине, арыз-шағым көп. Мысалы, мен тасымалдаушы болсам «час пик» дейміз ғой, сондай сәтте қызметімді атқарамын да басқа уақытта немқұрайлы қараймын. Өйткені, шығын. Сонан ара-қашықтық сақталмайды, жүру кестесі бұзылады, халықтың шағымы арта береді. Осы арада айналып әлгі 109-дың қызметі тағы сұранады. Жеке тасымалдаушыларды субсидиялау мәселесі жауапты басқарма, басқа да мекеме өкілдерімен 4 ай қаралды. Мұнда 126 теңге мен 90 теңгенің арасындағы қаржы төленуі керек емес пе?! Мәселен, субсидия ауыл шаруашылығында тыңайтқышқа да, жанармайға да, суға да төленіп жатыр. Бірақ, сол күрішке субсидия алған адам оның нарқын ұстап тұра алмайды. Оны нарық айтады және нарықтың құнымен сатады. Сонда ол қандай субсидия? Бұл субсидия емес, ол – ауыл шаруашылығын қолдау. Егер субсидия болса «күрішті 200 теңгеден қоясың, өзіндік құны мынадай, ортасы төленеді» болуы керек. Ал көлік қызметі нағыз субсидиялауға жатады. Бұл халыққа керек. Алайда бұл арада тағы бір қиындық бар. Мәселе электрондық билеттің қосылуына қатысты. Оған әзір қарсылық бар. Бірақ, сол қадамға бармай, болмайды. Субсидиялаудың талабы – ашықтық пен жариялылық. Бір автобустың бір күнде қанша адамды тасымалдағанын біз қайдан білеміз? Ол тек электрондық билет арқылы шешіледі. Екінші қиындық – әр адамның құқы бар, бірі билетпен, енді бірі нақты ақшамен есеп айырғысы келеді. Үшіншісі – электрондық билет ішінде GPS бар, оны тұтынушы «мен жүрген жерімде автобустың қозғалыс бағытын, уақытын қарап тұруым керек» дегендей талап қояды. Сондықтан, субсидиялау тәртібі қатаң. «Алмақтың да салмағы бар». Бұрынғы «ұзын арқан, кең тұсау» субсидия талабына жүрмейді. Осының бәрін көлік қызметіндегі тасымалдаушыларды әкімдікке жинап, талқылап, түсіндірдік. Міне, осыдан бастап халық арасында арыз-шағым азая бастады. Әйткенмен, әзірге субсидия төленген жоқ. Оны іске асыру үшін облыстық мәслихаттың шешімі керек. Ол шешімге дейін 21 маршрут әлеуметтік маңыздағы деп танылып, алдымен Қоғамдық кеңестен, онан кейін тәуелсіз сараптамадан, онан әрі министрліктен өтуі тиіс. Біз Алматы, елорда жағалап жүріп осының бәрінен өттік. Өтіп келіп мәслихатқа келгенде «әлеуметтік маңызы бар маршрут неге көп» деген сұрақ алдымыздан шықты. Сонда, орталықтағы адамдарға қызмет көрсететін маршруттардың әлеуметтік маңызы бар да, шет аймақтағылар оған жатпай ма? Қайта шет аймақта тұратын халықтың мұқтажы тереңірек ескерілуі керек емес пе?

Қалай болғанда да біз субсидиялауды жүзеге асыруымыз қажет. Тасымалдаушылар  GPS қондырғыларын орнатып, жаңа тәртіппен іске кірісіп жатыр. Аялдамалардағы ақпараттық тақталар да іске қосылды. Сәтін салса, Қызылорда қаласында осылайша жеке тасымалдаушыларды субсидиялау қызметі алғаш жүзеге асатын болады.

Нарықтың аты нарық. Бұл ақпаратты естіген бірқатар кәсіпкерлер өз ұсыныстарын айтып, автобустар алып келуге құлшынып отыр. Өйткені, табыс бар. Табыс болған жерде бәсеке қалыптасады, бәсеке еңбектің сапасын ширатады.

– Қазір «Мейірімді Қызылорда» атты қор бар. Оны құрудағы мақсат нәтиже көрсетті ме?

– Нәтиже бар. Ол қалай болды? Қалаға әкім болып келгеннен кейін «Бәйтерек», «Сабалақ» сынды шағын аудандарда тұрғындармен кездестік. Айқай-шу, бірі қаржы сұрайды, бірі науқас баласын емдетуді айтады, әйтеуір толып жатқан проблема. Не істеуге болады? Бұрын-соңды мұндаймен бетпе-бет келмеген өз басым әдепкіде қатты қиналдым. Арыз-шағымның астары не? Шын мұқтаждық па, әлде әдіс алып қалған айла-шарғы ма? Бәрін білу, сараптау керек болды. Кәсіпкерлер, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салалары, бәрі-бәрімен кеңесе отырып осындай қадамға бардық. 17 күн дегенде қор құрылды. Оның басшылығына әлеуметтік қорғау саласынан зейнетке шыққан тәжірибелі кісіні бекіттік. Қор құрылып ары қарай жұмыс жасайтыны жөнінде депутаттар, блогерлер, тиісті саланың мамандары бар барлығын қатыстыра отырып, тұрғындармен кездесуде түсіндіріп айттық. Әдепкіде «қор ашқан екенсің ақша берсін, алып бере алмасаң несіне әкімсің» деп даурыққандар шықты. Мен әкім ретінде қордың жұмысына еш араласа алмаймын. Тек «мына кісінің өтініші бойынша мәселені қарасаңыздар» деген ұсыныс қана бере аламын. Ұсынысқа сай қор өз міндетін атқарады. Әділетті жолы – осы. Бірақ, айқай-шу басылмады. «Бізге қолма-қол ақша бересің» дейді. Олай болмайды. Ақыр-соңы айқайшыл топты бейнежазбаға түсіріп, бір-екеуіне әкімшілік іс қозғап, айыппұл салдық. «Қазантаев бізді қыруға келді ма?» деп тағы шықты. Бірақ түсіндірдік, мына ғимаратты, көк байрақ туды, елді сыйлау керектігін айттық. Шын мұқтаж ба, қор арқылы дәлелдеп алсын. Комиссия жұмыс жасады. Әуелгі толқында жаппай барды, онан кейін саябырси бастады. Өйткені, көп жағдайдың ақ-қарасы ашыла түсті.

Кешегі қаңтар оқиғасынан кейін екі көпбалалы ана қамалды. Бас прокуратурадан, ұлттық қауіпсіздік комитетінен өзге де тиісті органдардан мамандар келді. Олар алаңға неге шықты? «Әлеуметтік мәселелері шешілмегеннен шықты» деді мамандар. Сонда біз олардың қордан қаншалықты көмек алып отырғанын алға тостық. Қордан қанша ақша алған, киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек, Алматыға не елордаға квотасы, бәрі-бәрінің есебі тұр. Екінші, Үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Мұндай жағдайда мұқтажбын деп адам алаңға шыға ма? Келген мамандарға осындай дәлел ұсындық. Міне, құрылған қор жұмысының нәтижесі. Біз ешкімді далада қалдырып отырған жоқпыз. Ал бірақ, адамның ар-намысына тиіп, аузына келгенді айту жақсылық емес. Несін жасырамыз, айқайшыл топ әрекеті мұнымен де тыйылған жоқ. Нақты ұсынысы бар, мәселесі дұрыс, түсінісе аламыз деген 35 адамды жеке қабылдауға шақырдық. Сол екен сырттан 40-50 әйел кіріп келді де айта беретін әдеттеріне басты. Қабылдау жүргізуге келгендер үрпиісіп олар қалды. Бейнежазбаға түсірдік, әлеуметтік желіге жүктедік. «Міне, көпбалалы ананың сыйқы». Қоғам көрсін, білсін деп әдейі желіге салдық. Қазір жағдай өзгерді. Мұқтажын айтып келгенді қорға жібереміз. Олар қарап, сараптап, әділ шешімін жасайды. Республикада құрылған «Қазақстан халқына» қорының мамандары хабарласып, тәжірибе алмасып отыр.

– Қалада жаңа полигон салынды. Біз бұл мәселеде қаншалықты алға жылжыдық дей аласыз?

– Бізде екі полигон бар. Бірі – ескі, екіншісі – жаңа. Жаңасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынды. Зауыт қойылды. Ескі полигонға қоқысты әлі де түсіріп жатыр. Оны өртегеннен кейін Белкөл, Тасбөгет аумағын, қаланың «Саяхат» ауданына дейін жағымсыз иіс алып кететіні белгілі. Мәжіліс депутаттарын да басына алып барып көрсеттік. Мән-жайды барынша жеткіздік. Министр Мағзұм Мырзағалиевке барғанда екінші мәселе осы полигон жайы еді. Қаражат керек. Полигонды дұрыс ұстау үшін оны көміп, су жүргізіп, ағаш егілуі тиіс. Биыл жыл аяғына дейін осындай жұмыстарды ретке келтіруді көздеп отырмыз. Жаңа полигонның да ширықтыратын шаруасы бар. Жұмыс бірте-бірте қалпына келуде.

– Білуімізше, Қоғамдық кеңес құру бастамасы Сырдария ауданында өмірге келді. Бұл кеңес бүгінгі қоғамға қалай қызмет етіп отыр деп ойлайсыз?

– Қалаға әкім болып келгенде әуелі осы кеңесті құруға бекіндік. Алайда, оның ә дегеннен сәті түспеді. Бірақ, қалай болғанда да осы кеңесті құрмай, оның ықпалын күшейтпей, қаланың тіршілігін ұйыстырып ұстап тұру қиын. Бұл жөнінде алғашқыда марқұм Бақытжан Сайлыбаевпен жоба жасадық. Ол кісінің бұл кеңесті үйлестіріп алып кететініне сендім. Алайда, оның сәті түспеді. Сонда жоба жасағанда қаланы 14 аумаққа бөлдік. Әр аумаққа ел ішінде беделді, сыйлы, сөзіне көпті ұйыта алатын адамдарды төраға етіп бекітуді көздедік. Ондай тұлғалар бар, оларды шығаруымыз керек. Ол кісілермен ай сайын әр аумақтағы маңызды мәселені біліп, талқылап, сараптап, оны нақты іс жүзінде шешуге әрекет жасасақ көп мүмкіндікке қол жеткізер едік.

Сырдария ауданында Қоғамдық кеңестің бес жарым жыл игілігін көрдім. Қай ауылға барсаңыз да халықтың ой-пікірін, ұсынысын кеңес айтып отырады. Осы іс-тәжірибені қаладан да бастадық. Кеңеске мүше болатын адамдарды барлық саладан бекіту жөнінде ұсыныс айттым. Себебі, нағыз шешімді қабылдайтын Қоғамдық кеңес болуы қажет. Кезінде «Егемен Қазақстан» газетіне «Қоғамдық кеңес деген не?» деген тақырыпта бір беттік мақала шықты. Сонан кейін Президент әкімшілігінен мамандар келіп, пікір алмастық. Ең бастысы, Қоғамдық кеңес – елдің саяси ахуалы, бірлігі, татулығы, тіршілігі үшін қызмет ететін ұйым.

Сырдария ауданында Қоғамдық кеңесті барлық салаға араластырдық. Тіпті, әскерге баратын жастардың мәселесіне дейін кеңестің талқысына түсті. Мұғалім не дәрігер болсын, қандай салада да жұмысқа тұратын адамға алдымен кеңестің шешімі қажет еді. Жалпы бұл кеңес дербес болуы тиіс. Оның жұмысына әкім араласса, онда жауып тына салған жөн. Ел ішінде алып-қашпа сөз болмай тұрмайды. Бірақ, бұл кеңес әділ шешім қабылдаудың көзі. Қазақта аузы дуалы, сөзі уәлі, жұртын жұмылдыра алатын аға буын өкілдері аз емес. Осындай сындарлы уақытта олар ел алдына шығып, ақыл-ойын, парасатын, өнегесін көрсетуі керек емес пе? Ал оны осы кеңес арқылы жүзеге асыра аламыз. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашықтық пен жариялылық қағидатына үн қосудың бір жолы.

– Жалпы сынға қалай қарайсыз?

– Сын шын болса жақсы қараймын. Бірінші адам өз өзіне сыншы болуы керек деп ойлаймын. Бәріміз де пендеміз, бірақ қай нәрсені де адамдық парасат сүзгісінен өткізу аса маңызды ғой. Кейде бұл қоғам қайда бара жатыр деп ойланасың. Анау қайда, мынау не, не қарап отыр дегендей желіні шулатып жүргендер аз емес. Мен қандай да бір мәселе болмасын ашық пікірлесуге дайынмын. Мысалы, «Бәйтерек» шағын ауданы туралы төпелеп жазып жатыр. Біз ондағы халықпен кездестік. Не қажет сұрадық. Барды бар, жоқты жоқ дедік. Бірінші кезекте маршрут мәселесін айтты, оны орындадық. Екінші жолды асфальттауды көтерді. Оның жасалмайтынын айттық. Себебі, «Бәйтеректің» 18 проценті ғана игерілген. Құрылыс тоқтамайды, ауыр жүк көліктері жүреді, демек асфальт жол салу әзір тиімсіз. Орталық көшені асфальттауға келістік. Осының бәрін талқылап, тұрғындармен ашық пікірлестік. Осылай бола тұрса да, базбір блогерлер «анау жоқ, мынау не, жол салынбаған, әкім неге отыр» дегендей ақпарат таратады. Міне, осындай байыпсыз, негізсіз сындарға қарның ашады. Тағы да айтайын, мен ашық диалогқа дайынмын. Қай бағытта да жоспарымыз, алға қойған мақсатымыз бар. Әлеуметтік желіге шыққан қандай да бір сұраққа ары кеткенде 5 не 7 минутта жауап жазылуы қажет және ол жауап «мына уақытта қаралады, назарға алынды, құжаттары әзірленуде» емес, бар ма бар, жоқ па жоқ, болады не болмайды дегендей нақты әрі ұғынықты айтылуы тиіс. Біз осы мәселені қолға алдық. Сұраққа жауап неғұрлым уақытылы болса онан кейінгі пікірлер де дұрысталады. Сынға дайынмын, орынды, нақты болса қабылдаймын. Қайта ол кемдікті түзеуге пайда әкелуі мүмкін. Бірақ, өкінішке орай көбінде олай бола бермейді. Бірде бір кісі «Біз мына жерді түсіруге бара жатырмыз, ештеңе айтпайсыз ба?» деп өзі келді. Мен оған не деуім керек? Қайта рахмет айттым. Жасалмай жатқан жұмыс, шын кемшілік болса көрсетіңіздер дедім. Өйткені мен сол кемшілікті тездетіп түзеуге тырысамын. Ал сын шын болмай шықса артынан қуып жүріп жететінімді де жасырмай айттым. Міне, өкінішке орай осындай блогерлер бар. Шынайылық қана тіршіліктің шырайы бола алады. Ашығын айту керек, кәсіби журналистен мықты блогер шығуы мүмкін, ал блогер журналистің міндетін атқара алады деу қиын. Біз қаласақ та, қаламасақ та жаңа кезеңнің талабына сай өмір сүруге көшеміз. Ашықтық, жариялылық, халыққа жақындық өз биігін алған сайын тіршіліктің де мазмұны айқындала түспек. Бұл жолда елдің бірлігі нығая берсін деп тілейік.

– Уақыт бөліп, ашық пікірлескеніңізге рахмет. Тарихи қаланың тамаша жетістіктері көп болсын!

Сұхбаттасқан

Қуат Шарабидинов,

«Сыр бойы» 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<