«Халық ықыласынан асқан марапат жоқ»

3278

0

Анасына берілген аян арқылы дүниеге келген оның бойынан ерекше суырыпсалма ақындығы бала кезінен-ақ байқалды. Кішкентайынан қарасөзбен құндақталып өскен ол, есейе келе ел мақтанышына айналды. Сыр мәдениетінің дамуына үлес қосты. Республикаға белгілі айтыскер ақын, жыршы, педагогика ғылымдарының магистрі, Мәдениет саласының үздігі  Айдос Рахметовпен руханият, өнер тақырыбында әңгіме өрбіткен едік.

– Айдос Сәндібекұлы, ғаламтор беттерін парақтап, бұрын жарияланған сұхбаттарыңыздың көп емес екенін байқадық. Алдымен сұхбаттасуға келісім бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Ақын болу қаншалықты қиын? Оның жүгін қалай арқалап жүрсіз?

– Мен сұхбат аламын, сөйлесемін деген адамның бетін қайтарып көрмедім. Нартай айтады ғой: «Құрысын ақындығы, ақындық алжастырар ақылдыны» деп. Сол секілді ақын болу оңай емес. Ақын болу қаншалықты қиын деген сұраққа келер болсақ, жазба ақындары секілді таң алдында шабыт келіп ұйқымнан ояна сала өлең жазбаймын. Суырыпсалма ақын болғандықтан қалай әңгіме айтамын, солай әңгімені өлеңмен өрнектеймін. Маған еш қиындығы жоқ. Әңгімелесіп отырған секілді ойымды өлеңге айналдырып айта беремін. Бұл – құдайдың берген дарыны, қасиеті. Ал, ақындықтың жүгін өз әлімше арқалап жүрген жайым бар. Бабалар мұрасын халыққа жеткізе білгеніміздің өзі үлкен қуаныш деп білемін.

– Ақын – жаратылысы бөлек жан. Көп адам байқай бермейтін нәрселерді көреді, жүрегімен қабылдайды. Кейінгі кезде қоғамда болып жатқан жағдайларға байланысты не айтасыз?

– Рас, марқұм Заметдин Ибадуллаев ұстазым: «Біз ақындар мыңның біріміз. Алла тағала солай жаратқан, әйтпесе жұрттың бәрін ақын қылып жаратпай ма?» деп айтқандай, көп адам байқай бермейтін нәрселерді байқап, жүрегімізбен қабылдаймыз. Қазақ деген халықтың өркені жайылып, түбінде шындық жеңеді, еңбек жеңеді. Шындықтың байрағы егемендіктің байрағымен қатар желбіресе қазақ елінің алар асуы аз болмайды.

– Сахна төрінен көрінбейсіз? Себебі неде?

– Сахна төрінен кетіп қалғаным жоқ. Республикалық, облыстық іс-шараларға қатысып жүрмін. Елге белгілі ақындардың көбімен сөз қағыстырдым. Ақмарал Леубаева, Карима Оралова, Айнұр Тұрсынбаева, Ринат Зайытов, Бекарыс Шойбеков, Әсем Ережеқызы, өзіміздің Мұхтар, Нұрматтар бар. Алдыңғы буын Заметдин Ибадуллаев, Махамбетқали Тұрсанов, Серік Ыдырысов, Кенжебай Жүсіпов, Әбілхайыр Сыздықов ағалардың тәлім-тәрбиесін алдым. 2010 жылы Арал ауданында өткен республикалық айтыста Қадір Мырза-Әлі ағамыз қазылық етіп, сол айтыста темір тұлпар міндім. Шиеліде өткен Ы.Жақаевтың 125 жылдығына арналған айтыста «Алтын домбыраны» жеңіп алған павлодарлық Аспанбек Шұғатаев деген ақынмен Жүрсін ағамыз мені арнайы айтыстырғысы келді ме, екеумізді жұптаған болатын. Халық жақсы қабылдап, оң бағасын берді. Жүрсін ағамыз да риза болып, «жырау десе – жырау, ақын десе – ақын» деп айтқан еді. Содан кейін Халықаралық жыршы-термешілер одағының атынан атаққа ұсынды. 2019 жылы Оралда өткен «Алтын домбыра» айтысында «Мәдениет саласының үздігі» деген атақты Жүрсін ағамыздың өзі табыстаған болатын. Айтыс саласына ешқандай өкпем жоқ, олжамды салдым, абыройымды алдым. Онлайн кезде де мәдениет басқармасының қолдауымен, халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен фейсбук желісінде арнайы концерт бердім. Сонда ең қаралымы көп жыраудың бірі болдым. Халықтың ыстық ықыласын сезіндім. Соған қуандым. Тағы да концерт беруімді сұрағандар болды. Облыста болған ақындар айтысынан мәдениет басқармасы қалдырған емес. Кейінгі жастар да шығып келеді. Алмас Алматов ұстазым:

– Ақжелең думан, қызықты,

 Келешек жасқа қалдырып,

Қырқаға шықтық жағалап, –деп айтқандай, қырқаға шығып келе жатырмыз. Кейінгі буын өнерінің өркендеуіне жұмыс жасасақ одан артық бақыт жоқ.

– «Жігітке жеті өнер де аз» дейді. Ақындықтан бөлек қандай қырыңыз бар?

– Мен кішкентайымнан еңбекке жақынмын. Әкем қойшы болды. Қасына еріп жүріп, қара жұмыстың қазанында қайнадым. Бейнеті бар жұмыстарға білек сыбанып кірісіп кетемін. Мұның бәрі – әкем мен анамның тәрбиесінің жемісі. Сол ауылдағы тірлігімді қалада  тұрсам да жалғастырып келем. Үйге барғанда да шікірейіп тұрмай, қорадағы жұмыстарға бірден араласып кете беремін.

– Қазір ұстаздық жолда жүргеніңізді білеміз. Жыр өнеріне жастардың ынта-ықыласы қандай? Үміт ететін шәкірттеріңіз көп пе?

– Ұстаздық – бұл ұлы даңғыл. Осы жолға бағыттаған ұстаздарым белгілі жырау Жұмабек Аққұлов, Алмас Алматов ағаларыма алғысым шексіз. 2008 жылы Qazaqstan Ұлттық арнасында тікелей эфирде жүргізілген «Аламан айтысқа» қатыстым. Эфир арқылы жұртшылыққа танылдым. Колледж директоры Кеулімжай Шалтақбайұлының қолдауымен, Төлепберген Тоғжанов ағамыздың ұсынысымен 2008 жылы Қазанғап атындағы музыкалық колледжден жыр-терме сыныбын ашып, ұстаздық етуіме жол ашылды. Сол жылдан бері оқу орнынан білім алып, түлеп ұшқан түлектер Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүр. Олар көп. Бірін айтсам, бірі өкпелеп қалар. Қазір де  үміт етер шәкірттерім баршылық. Өнерді өрге сүйрейтін ізбасарларыммен мақтанамын.

– Білуімізше, жарыңыз да өнер адамы екен. Өнерлі отбасында дүниеге келген балаларыңыздың бойында  қандай қасиеттер басым?

– Рахметовтер әулеті – елге белгілі өнерлі жандар. Ең үлкен баласы, менің әкем Сәндібек  қазір тоқсанның бесеуіне келді. Ол кісі қой бағып жүрсе де, бір қайырып ән салатыны бар. Әкемнің туған інісі Қитарбекті халық Сары жырау атап кеткен. Облыста өзіндік орны бар белгілі жырау болды. 2009 жылы өмірден өтті.  Жыраулық өнер екі жағымда да бар. Кезінде Кенен Әзірбаевпен айтысқан Әбілда Жүргенбаев деген халық ақыны болған. Ол менің туған нағашым. Сондықтан болар, ақындық пен жыраулықтың екі жақтан ұштасқаны. Нағашымның көзін көрдім. Мен өнер саласына кештеу келдім. Ауылда трактор айдап жүріп қалдым. Өзімнің қатарластарымнан 4 жыл кейін оқыдым. Сол кезде жарым Айнұр Айжігітқызымен бірге оқуға құжат тапсырып, бір топта білім алдық. Соңғы курста екеуміз отау құрдық. Айнұр – өнер адамы. Қазір «Оқушылар үйінде» дәріс  береді.  Екі өнер иесінен туған балалар да бұл саладан кенде емес. Үлкен қызым Көркем кішкентайында «Айгөлек» байқауында бірінші орын алды. Сол байқаудың ақтық сайысында бір жұлдызбен бірігіп өнер көрсетуі тиіс деген талап қойылды. Мен анасымен бірге шығуын қалап, арнау жазып бердім. Елорда төріндегі жарыстан бірінші орын иеленді. Сол сайыста бас төреші болған сыншы Әшірбек Сығай «Анасы мен ботасының керемет үйлесімі болды» деп баға берді. Көркем Қазанғап атындағы музыкалық колледжге оқуға түсіп, жақсы бітіріп, қазір Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының екінші курс студенті. Жыр өнерін жалғастырып, белгілі жырау Ұлжан Мәлікайдарқызынан дәріс алуда.  Одан кейінгі қызым Шапағат та өнерге құштар. Қазанғап атындағы музыка колледжінің биыл бітіруші түлегі. Қобызшы Айнуза Бегімсалова мен Тоқтар Ермекбайұлынан дәріс алып, маманданып келеді.  Ақындығы да бар. Абайдың 45 қара сөзін жатқа біледі. Түрік тілінде еркін сөйлейді. Біздерге түрік тіліндегі кітаптарды оқып, аудармасын жасап береді. Одан кейінгі қызым Бұлбұл – «Мұрагер» мектебінде 9-сынып оқушысы. Есіміне сай өте керемет ән салады. Мектепке бармай тұрғанда-ақ мәнерлеп оқудан Көкшетау қаласында өткен сайыста жүлдегер атанған. Бұлбұл бәріміз өнердің жолына түсеміз бе деп, басқа саланы таңдап отыр. Ағылшын тілін жақсы меңгерген. Тіл маманы болуды қалайды. Анасы екеуміз қарсылық танытпадық. Төртінші қызымның есімі  Кәусар, 8-сынып оқушысы. Менің марқұм анам ісмер кісі еді. Бұл қызым әжесіне ұқсап қолөнерге жақын болды. Құдайдан сұрап алған кенже ұлымыз Нөсер – дара баламыз қазір 6 жаста. Кішкентайынан естігенін қағып алып, жатқа айтады. Өлең шығарсам, ұйқасыма ұйқас тауып беретін қасиеті бар. Домбыраны анасынан үйреніп алды.  «Ботақан» телефестивалінде өнер көрсетті. Алмас Алматов атасына терме орындап беріп, кеше ғана батасын алды. Үмітім зор. Менің жолымды жалғап, жыраулық өнердің туын жықпай жүретініне сенім артамын. Бабадан қанмен келген қасиетті көктеп-көгертіп жүрсек одан артық бізге қандай бақыт керек. Аллаға сансыз шүкірлік етемін.

– Анаңыз сізді аян арқылы дүниеге әкелген екен. Елге белгілі адам болатыныңызды сол кезде-ақ аналық жүрегімен сезген-ау сірә?

– Біз ата-анадан жеті қыз, үш ұлмыз. Мен секілді әкем де ұлды сағынып көрген. Әрең жеткен ұлы 9 айлығында шетінеп кетеді. Бауырларының балаларын бауырына басса да, маңдайымызға берсін деп,   оларды өз балаларындай көріп, бірақ атына жаздырмаған. Құдайға тәуекел еткен. Содан анам түс көріпті. Түсінде біреу «маңдайыңда үш жазу бар» деген екен. Ояна сала маңдайымдағы  үш жазуы несі деп ойланыпты. Көп ұзамай анам ағамды дүниеге әкелген. Есімі – Жолдас. Мысал өлеңдерді өте жақсы жазады. Одан кейін мен. Сосын інім Олжас Сәндібек Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын, кітаптары бар. Анам марқұм : «Маңдайымдағы жазуым осы үш ұлым екен ғой деп отыратын. Бір қызығы, ақындық қасиет үшеумізде де бар.

– Әсерлі әңгімеңіз үшін көп рақмет!

Сұхбаттасқан

Айсәуле ҚАРАПАЕВА

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<