Дариядағы су жағдайы күрделі

879

0

Өткен жылғыдай биыл да дариядағы судың деңгейі жергілікті диқандарды алаңдатып отыр. Күріш егісінің басталуына бір айдан астам уақыт қалды. Әзірге ауыл шаруашылығы дақылдары қанша көлемде егіледі деген сауалға нақты жауап табыла қойған жоқ.

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Әбуовтің айтуынша, әзірге биылғы жылға су лимиті әзірге белгіленген жоқ. Ол наурыз айының аяқ шеніне таман толықтай анықталады.

– Белгілі болғанындай, биылғы жылы да судың көлемі төмен. Қырғыз жеріндегі «Тоқтағұл» су қоймасында қазір 7,9 млрд текше метр су жиналған. Ол былтырғыдан 1,1 млрд текше метрге аз болып тұр. Жоғары бөліктен «Шардара» су қоймасына секундына 656 текше метр су түсіп жатыр. Төменгі бөлікке секундына 200 текше метр су босатылуда. Қызылорда облысының шекарасына 179 текше метр су өтіп жатыр. Ал Қызылорда су торабынан төменгі бөлікке 105 текше метр су жіберілуде, – деді Сейітхан Әбуов.

Мамандардың айтуынша, Нарын-Сырдария алабында орналасқан су қоймаларындағы нақты жиналған су көлеміне байланысты су тапшылығы өткен жылғыдан күрделі болады деп болжанып отыр. Осыған орай дария арқылы келетін суды барынша үнемді пайдалану мақсатында дақылдардың нақты су тұтыну нормасына сәйкес орналастыру күн тәртібінде тұр.

– Биыл жоспар бойынша теңгерімдегі 81 шақырым магистралды және шаруашылықаралық каналға және 10,5 шақырым қашыртқыға механикалық тазарту, 44 гидротехникалық құрылысқа ағымдағы және күрделі жөндеу жоспарланды. Оған қоса 5 су өлшеу бекетін қалпына келтіру ойластырылған. Қашыртқы суын қайта пайдалану мақсатында республикалық бюджет есебінен 67 насос қондырғысын алуға сұраныс жасалды, – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<