Ұрпақтар сабақтастығы: Жастық пен жаңашылдық

1182

0

Кейінгі жылдары жаһандық жылыну – дүние жүзіндегі жетекші ғалымдардың, саясаткерлердің және журналистердің көкейінде жүрген мәселе.

Әлемге әйгілі саясаттанушы және экономист Бьорн Ломборг осы мәселеге баланысты белгілі сарапшылар, ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары, басқа да ықпалды адамдардан құралған топ жасақтаған. Ол БҰҰ тұрақты даму жөніндегі комиссиясы, басқа да беделді халықаралық ұйымдар келтірген маңызды мәліметтердің барлығын жинақтап, соның негізінде өзі жасақтаған топқа «75 млрд доллар жұмсап, әлемді жақсы жағына қалай өзгертуге болады?» деген сауал тастаған.

Бір қызығы, топтың әрбір мүшесі ұсынған шешімдерді талдай келе, Ломборг жаһандық жылыну мәселесінен де күрделі көптеген проблемалар барын аңғарған. Сондықтан топтың жұмысының қорытындысы бойынша, ең өзекті ғаламдық мәселелердің шешімі ретінде бір ғана нәрсені – дамушы елдердегі балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етуді ұсынған.

Бұл – қазіргі заманның ең ықпалды, озық ойлы деген адамдарының өзі барша адамзатты алаңдатып отырған мәселелердің шешімін нақты білмейді деген сөз. Сондықтан кейінгі буынның дұрыс жетілуіне, ол үшін ең әуелі олардың дұрыс тамақтануына көңіл бөлінуі керек. Сонда ғана жаңаша ойлайтын, дұрыс қалыптасқан ұрпақ бізді тұйыққа тіреген мәселелерді өзінше шеше алады. Басқаша айтсақ, жастар – біздің болашаққа бағыт-бағдар берушілер. Сондықтан кім олармен ымырада болса, келісімге келе алса, сол адам болашақтың иесі болмақ. Ломборг ұсынған шешім «Әлемді жастар ғана өзгерте ала ма?» деген ойға жетелейтіні рас.

Біздің қоғамда ұрпақтар сабақтастығы, ұрпақ алмасу деген түсінік бар. Осы жерде жазушы Редьярд Киплингтің Үндістанның Британ империясының бодандығында болған кезеңі туралы «Кішкентай Тодтың түзетуі» атты әңгімесі еске түседі. Онда кішкентай бала британдық шенеуніктердің заң шығару кеңесінің отырысына кіріп кетеді. Сонда қаршадай бала жергілікті үндістердің жерді жалға алу келісімін он бес жыл сайын емес, бес жыл сайын қайта жасауды көздейтін заңға қарсылықтарын жеткізеді. Себебі он бес жылда адам ер жетіп, азамат атанады. Өмірге ұрпақ әкеледі. Тағы он бес жылда ол ұрпағы әкесінің орнын басады. Осылайша, жерді жалға беру келісімін әр буын алмасқан сайын жасау жеткілікті.

Әңгімеде Тод шенеуніктерге келісім-шарттарды бес жыл сайын жаңартып отырудың рәсімдеуге кететін керексіз шығындар мен толқуларға себеп болатынын түсіндіреді, яғни, өмір сүру ұзақтығы көрсеткіші төмен дәстүрлі қоғамда ұрпақ алмасу процесі өте тез жүреді – небәрі он бес жыл.

Ал, қазіргі таңда бізде орныққан түсінік бойынша ұрпақ алмасу уақыты – жиырма бес жыл. Дегенмен, жағдай өзгеруде. Өмір сүру ұзақтығы артып, сәйкесінше белсенді өмір мен балалық кезеңі ұзарды. Бүгінгі жиырмадан асқан жастар алдыңғы буын секілді тұрақты қызметке орнығып, отбасын құрып үлгерген ересек адамдар емес. Тіпті, көпшілігі әлі өзінің қызмет саласын таңдап үлгермеген.

Сондықтан, бүгінде ұрпақ алмасуы біршама бәсеңдеді деуге негіз бар. Содан да болар, саяси билік негізінен қырық жас шамасындағылармен белсенді жұмыс істейді. Оған қоса кеңес заманының «беби-бумерлерінің» балалары саналатын бұл буынның саны да көп. Олар әлеуметтік салада бұрыннан бар және тағы отыз жыл бойы әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрғыда белсенді болады. Осы тұрғыдан алғанда, қоғам бүгінгі жастарды жайына қалдыруға үнсіз келіскен сияқты көрінеді.

Соған қарамастан, ұрпақ алмасуы тоқтап қалмағанын естен шығармай, оның өзгерістерін зерделеу маңызды. Айталық, жастардың елдің қоғамдық-саяси өміріне араласу, маңызды шешімдерді қабылдауға ықпал ету көрсеткіштері де, мүмкіндіктері де төмен деңгейде қалып отыр.

Өткен айда газетімізде ҚР Ішкі істер министрлігінің Құрметті қызметкері Әмірбек Шаймағамбетовпен сұхбат жарық көрген болатын. Сұхбатта қаңтар трагедиясы кезінде тәртіпсіздіктерге қатысқандардың басым бөлігі жастар болуының себебін Әмірбек Шаймағамбетов қаншама жастар ұйымдары, жастар саясатымен айналысатын мекемелер болғанымен, ешбір институттың олардың алдында беделі жоқтығымен түсіндірген еді. Расында да, мемлекетімізде жастардың жоғары бағаланатыны және болашақ пен жаңашылдық көрінісі саналатыны үнемі айтылып келе жатқанын ескерсек, кез келген үдеріске жастардың қатысуы оның бағасын арттыра түсер еді.

Дегенмен, бүгінгі таңда барлығы жастар саясатына алаңдаушылық білдіргенсіп, жастарды алаңдатқан проблемалармен айналысып жүргендей көрінсе де, бұл бағытта ауыз толтырып айтарлық нәтиже болмай келеді. Сондықтан, жастар саясатын да түбегейлі қайта қарау қажеттілігі байқалып отыр.

Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін де зиялылар тарапынан жағдайдың ушығуына жастарды кінәлаған мағынадағы пікірлер айтылды. Бұл да – еліміздегі жастар саясаты өте ескішіл көзқарасқа құрылғанының бір дәлелі. Осы орайда бір қызықты дерек ойға оралады. Ежелгі Мысыр пирамидаларының бірінің ішінен «қазіргі жастар жұмыс істегісі келмейді, құдайшылығын ұмытқан, үлкендерді сыйламайды, олар тек көңіл көтеруді қалайды» деген мағынадағы көне жазба табылған екен. Бірақ сол жазбаға қарап, үш мың жыл бойы жастар үздіксіз деградацияланып келеді деп қорытынды жасамасымыз белгілі.

Шындығында, аға буынның жастардың моральдық қасиетінің бұрынғыларға қарағанда төмендігін айта беруі – ұрпақтар арасындағы тәжірибе алмасудың дәстүрлі әлеуметтік тетіктерінің бірі ғана. Оған қоса, дәл қазіргі уақытта мұндай түсінік шындықтан мүлде алшақ. Бізге белгілі әлеуметтік зерттеулер, қолда бар деректердің барлығы бүгінгі жас буынның бұған дейінгілердің барлығынан көш ілгері екенін көрсетіп отыр. Сондықтан, озық ойлы жастардың саяси процестерге араласуына қолдау көрсету, ең болмаса кедергі жасамау айрықша маңызды.

Ақиқатында, кез келген демография мен ұрпақ құндылықтары қоғамды саяси үдерістер мен саяси мінез-құлыққа әсері тұрғысынан толғандыруы керек. Себебі, саяси процестерде «азшылық көпшілікке бағынады» деген қағида жүрмейді. Оған қатысушылардың саны аса маңызды емес. Әсер ету тұрғысынан алғанда ұйымдастырушылық, нақты бір құрылым жасай білу маңызды.

Бұл – жалпыға ортақ заңдылық. Саяси кеңістікте ұйымдаса білмегендердің субъективтілігі жоқ. Жастардың еңсесін түсірмей, керісінше, белгілі бір мақсат төңірегіне ұйымдасуына стимул болғаны дұрыс. Өзіңіздің ниеттес адамдарыңызбен ұйымдасып, бір қозғалыс немесе ұйым құра алсаңыз ғана ел болашағын баянды етуге үлес қоса аласыз. Себебі, билік барлық қоғамдық қатынастарда – отбасында, экономикалық алмасуда, өндірісте, шығармашылықта, өмірдің басқа да салаларында кездеседі. Сол үшін, жастардың ұйымдарға біріге алуы, сол арқылы саяси процестерге араласуы айрықша өзекті болып отыр.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<