Біріккен жұмыс нәтижеге жеткізеді

668

0

Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатында облыстық білім басқармасы және «Арал балалары» қоғамдық қайырымдылық қорының бірлесуімен «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларға, отбасыларға кешенді арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша ведомствоаралық байланыс орнату» тақырыбында оқыту семинары өткізілді.

Жиының мақсаты – стратегиялық серіктестермен ведомствоаралық байланыс орнату, атап айтқанда, білім беру,  денсаулық сақтау,  әлеуметтік қорғау және полиция органдары тарапынан көрсетілетін қызметтерді біріктіру арқылы білім негіздері мен дағдылар кешенін қалыптастыру.

Семинарға кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшылары, білім басқармасы бойынша тәрбие жұмыстарына жауапты бөлім мамандары, қорғаншылық, қамқоршылық органдарының жұмыстарына жауапты мамандар, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту басқармаларының мамандары мен полиция инспекторлары қатысты.

Семинарды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әзиз Ізімбетов ашып, «Камеда» қоғамдық қорының атқарушы директоры, тренер Махаббат Еспенова өмірлік қиын жағдайдағы балаларға әлеуметтік қызмет көрсету барысындағы бірлескен жұмыс ережелерімен және семинар бағдарламасымен таныстырды.

Бағдарламаға сәйкес мемлекеттік органдар, бизнес және ҮЕҰ арасындағы өзара байланыс, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары, ықпалдасу негіздері, әртүрлі салалардағы (білім,  денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, полиция және т.б.) мамандар арасындағы жауапкершілікті бөлу принциптерін қамтитын нормативтік-құқықтық актілер жүйесі жайлы айтылды. Арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсетудің интеграцияланған моделі – кейс-менеджментке сәйкес «мүмкіндіктер терезесі», «жағдаяттармен жұмыс» тәсілі көрсетілді. Өмірлік қиын жағдайдағы балаға (отбасына) кешенді арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетудің жеке картасын жасау әдісі үйретілді. Сонымен бірге, облыста ведомствоаралық байланыстың  жұмыс жоспарын құру және талқылау  мәселелері қаралды.

Жиынға қатысушылар пікірлерін ортаға салып, көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<