Шәкірттердің бақытын аялаған

721

0

Жаңақорған ауданындағы №229 мектеп 1970 жылы «Абызтөбе» бастауыш мектебі болып ашылды. Қазір білім мен тәлім-тәрбиені ұштастырып, шәкірттерін жыл сайын алтын ұядан ұшырып келеді.

Ұстаздардан сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие алған қаншама шәкірттер қанат қағып ұшты. Бүгінде олардың алды зейнет жасына жетсе, кейінгілері Қазақстанның түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет етіп жүр. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару үлкен жауапкершілік екені белгілі.

Күн шуағындай мейірімді, ұлағатты, кемеңгер ұстаздар С.Жұманов, Ә.Жәнібеков, Б.Төленов, Ж.Досжанов, А.Өтеубаева, З.Ботақараева, Р.Құрманғалиева, Ә.Жолтаева, Н.Жұманова, Ш.Тұрсынбаев, Ұ.Спанова, С.Онбаевтан жас ұрпақ сапалы білім, саналы тәрбие алды. Сол шәкірттің бірі Жеңіс Манамбаев мектебімізде директор қызметін атқарады. Ұжым ауызбіршілігі мықты. Мектебімізден бірнеше «Алтын белгі» иегері шығып, ауылымыздың абыройын асқақтата түсті. Алғашқы «Күміс медальды» алған  Гүлсім Онбаеваның ізінен бірнеше іні-сіңілілері ерді. «Алтын белгіні» А.Абаев, Ұ.Тіллә, Қ.Бимахан, А.Төленова, А.Жәңгірбай, А.Шермаханбет, Э.Жолдыбаева, Г.Балтабаева, С.Қожаберген алды.

Білім ошағы өткен оқу жылында ҰБТ қорытындысы бойынша аудандағы мектептердің ондығына ілінді. Оқушыларымыз ҰБТ-да жоғары көрсеткішке ие болып, оқу гранттарының жеңімпазы атанып, жоғары оқу орындарында оқып жүр. Өткен оқу жылында Сәбира Қожаберген «Алтын белгі» алып, Ақтөбе қаласындағы университетке оқуға түсті. Оқушыларымыз білім сайысынан, ғылыми жобадан жүлделі орындарға ие болып жүр.

Ұстаздық кез келгеннің қолынан келе бермейді. Өйткені шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, өз білгенін өзгеге үйрету сүйіспеншілік пен ыждағатты қажет етеді.

Аманкүл СЕЙІТБЕКОВА,

№229 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<