Мамандығын мақтан еткен

1581

0

Жасыратыны жоқ, бүгінгі жас буын гуманитарлық бағытта білім алуға құмар. Бірақ заман талабы өзгеше. Техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары. Сондықтан да болар автомеханик мамандығын игеруді қалайтындар көбейген. Мұны біз М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінің ұйымдастыруымен өткен  «Мен таңдаған мамандық – автомеханик» атты қалалық байқауға қатысушылардың жоғары дәрежеде атсалысып, сайыстың мәнді өтуіне үлес қосуынан аңғардық.

Іс-шараның ашылу салтанатында колледж директоры Бақыт Кенбаев бақ сынағалы отырған жастарға сәттілік тілеп, байқаудың маңызына тоқталды.

– Заман талабы техникалық мамандықтарға басымдық беруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізге заңгерлер емес, техниканың тілін жақсы түсінетін жастар қажет деуі тегін емес. Байқаудың біздің колледжде өтуінің бірден-бір себебі – автокөлік айдау, кез келген автобөлшектерді шашып, қайта жинау секілді жұмыстардың барлығына мүмкіндік бар. Бүгін міне, қалалық байқауға қатысуға ниет білдірген 5 оқу орнының студенттеріне сәттілік тілеп, болашақта мықты маман болатынына сенім білдіреміз, – деді.

Сайысқа қатысушылар  бірінші кезеңде өзін-өзі таныстырса, «Білім жолы» деп аталатын екінші кезеңде экрандағы ұяшықтарды таңдау арқылы теориялық сұрақтарға жауап берді. Одан кейін «Бұлтты сөздер» кезеңінде мамандыққа байланысты сөздерді тауып, тапқырлықтарын танытты. Жарыстың қызықты сәті стартерді белгілі бір уақытта бұзып, қайта жинау және құрылымымен таныстыру болды. Талапты жастар соңғы кезеңде автомобильді тәжірибелік түрде жүргізіп, оны қалай меңгергендерін көрсетті. Қозғалтқышты оталдырып, орнынан қозғап, алға және артқа жүріп шеберліктерін байқатты.

Бірінен-бірі асып түсетін қатысушылардың білімі мен шеберлігін «НұрТоргСтрой», «Шаттық» автопарк, «Мұраттехсервис» ЖШС басшылары бақылап, бағасын берді.

– Аталған колледждің студенттерін өндірістік шеберліктен өткізіп, дайындап келе жатқанымызға 10 жылдай уақыт болды. Кейінгі буынның мамандыққа деген қызығушылығы, ынтасы жоғары. Бүгінгі сайыста кім мықты болса, сол жеңіске жетеді деп ойлаймын. Барлығына көлік жөндеудің шебері болуына тілектеспін, – деді «НұрТоргСтрой» ЖШС директоры Ләйла Демеуова.

Бірнеше сағатқа созылған қалалық жарыста қатарластарынан оқ бойы озық шыққан  «ORDA» жоғары колледжінің студенті Нұрдәулет Закиров бас жүлде иеленді. Бірінші орынды И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің студенті Наурызбай Тұрсынбай алды. Одан кейінгі орындарды Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінің студенті Айдос Қасымбек, «Болашақ» университеті жоғары колледжінің студенті Әбжан Қалмұхаметғали және М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінің студенті Ілияс Бақытжанов өзара бөлісті.

Жеңімпаздар мен қатысушылардың барлығына диплом мен сыйлық табысталды. Байқау соңы мерекелік концертке ұласты.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<