2019 – ең ыстық жыл

322

0

Метеобақылау жүргізіле басталған уақыттан бері 2019 жыл 2016 жылдан кейін ең ыстық болған жыл ретінде танылды. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) ресми мәлімдемесіне сүйеніп хабарлады.

Өткен жылы ауа температурасы 1850-1900 жылдарға қара­ғанда 1,1°C-қа жоғары бол­ды. Атмосферадағы пар­ник­тік газдардың концен­тра­ция­сының рекордты көр­сет­­кіші жағдайында бұл үрдіс жалғасатыны күтіледі. NASA-ны қоса алғанда, бес дереккөздің мәліметтерін тал­дай келе, ДМҰ сарапшылары соңғы бес жылда және он­жыл­дықта орташа ауа температурасы рекордтық деңгейге жет­кені туралы тұжырымға келді. Онымен қоса, 80-ші жылдардан бастап келесі әрбір онжылдық оның алдыңғыға қарағанда жылы болған. «Индустрияға дейінгі дәуірдің аяғынан бастап жаһандық орташа ауа температурасы 1,1°C-қа көтерілді. Ал мұхиттың жылынуы рекорд­тық деңгейге жетті. СО2 эмиссия­сының қазіргі арту қарқынында ғасыр соңында температура 3-5°C көтерілуі мүмкін» деп хабарлады ДМҰ Бас хатшысы Петтери Таалас.

Еске сала кетейік, Париж климаттық келісімінде мүше мемлекеттер ауа темпера­тура­сының көтерілуін 1,5°C деңгейінде ұстап тұруға міндет­теме алды. Олай болмаған жағ­дайда, ғалымдар адамзат баласы апатты жағдайға ұшырап, планетаның көптеген бөлігі елсіз жерге айналатынын ескертеді. «2020 жыл 2019 жылдан «эстафетаны» қабылдады және ол төтенше ауа райы құбылыстарынан басталды. 2019 жылы Австралияда бұрын-соңды болмаған құрғақ және ыстық ауа райы тіркелді. Бұл, өрттердің жаппай өршуіне, адамдарға, жануарларға, бүкіл экожүйеге және жалпы қор­шаған ортаға апат әкелді» деді Петтери Таалас.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<