Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы достық пен тату көршілік дәстүріне сүйенген — Владимир Путин

971

0

Фото: РФ Президентінің баспасөз қызметі

Ресей мен Қазақстанның ынтымақтастығы барлық салада белсенді түрде дамып келе жатыр.Бұл туралы Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин «Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақаласында мәлім етті.

Оның айтуынша, екі елдің серіктестігі достық, тату көршілік және өзара көмек дәстүрлеріне сүйенген. Сонымен қатар қарым-қатынас өзара теңдік пен мүддені құрметтеудің берік қағидаттарына негізделген.

«Мемлекетаралық байланыстың жоғары деңгейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен бірлескен жұмыс жылдарында қалыптасқан тығыз және мейірімді жеке қатынастар куәландырады. Біз үнемі қоңырау шалып, әртүрлі форматтарда кездесеміз. Екіжақты өзекті мәселелерді талқылап, күн тәртібінде тұрған өңірлік және жаһандық проблемалар туралы пікір алмасамыз, келешекке жаңа жоспарларды да белгілейміз. Ең бастысы — Қазақстан Президентімен әрқашан нақты нәтижеге бағдар қоямыз. Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының одан әрі сенімді дамуы, елдеріміздің өркендеуі, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін барынша қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету тұрғысында қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз», — деп жазды В. Путин.

РФ Президенті Ресей — Қазақстанның ірі экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

«Біздің мемлекеттеріміз Еуразиялық экономикалық одақ құрудың бастауында тұрды. Оның аясында біз тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, капиталдың ортақ нарығын дамытып отырмыз, реттеушілік және сауда кедергілерін жою бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеміз. Ортақ көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту ісін де қолға алдық. Мұның бәрі экономиканың түрлі салалары бойынша тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді және біздің елдерімізге елеулі пайда әкеледі», — деп аталып өткен В. Путин мақаласында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстан Республикасына кезекті мемлекеттік сапары аясында еліміздің беделді басылымдарының бірі — «Казахстанская правда» газетіне мақала жариялап, екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы ойын жеткізді. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<