Өңірлік ықпалдастық нығая береді

7

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады. Бұл сапар Астана мен Ташкенттің стратегиялық серіктестігін ілгерілету тұрғысынан ерекше мәнге ие екені атап өтілді.

– Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ортақ ынты­­мақ­тастықты дамыту үшін өте пайдалы болады деп санаймыз. Біз­дің саяси жүйелерімізде президент әкімшіліктері айрықша рөл атқарады. Мен әкімшіліктер арасындағы жұмыс қатынастарының жанданғанын әр­да­йым қолдаймын. Бір-бірімізбен бай­­ла­ныстарымыз артқан сайын Ор­талық Азиядағы тұрақтылық, өңір­лік ықпалдастық нығая түседі. Өйт­кені Қазақстан да, Өзбекстан да тұ­тас көрсеткіштер бойынша ірі мем­ле­кеттер саналады. Елдеріміз қазір даму­дың бетбұрыс кезеңінде тұр. Біз­ге бейбітшілік пен қауіпсіздік қажет. Сонда ғана реформаларды сәтті іске асыра аламыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы 2026 жыл Қа­зақ­станда Цифрландыру және жа­­санды интеллект жылы деп жарияланғанына тоқталды.

– Мен Бұхараға жасаған жұмыс сапарымды ризашылықпен еске аламын. Біз Өзбекстанның көптеген салада, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу мен цифрландыру бағытында қол жеткізген табыс­тары­мен танысуға мүмкіндік алдық. Әлем жасанды интеллектіні қарқынды түр­де дамытуға бет бұрды. Осы орайда біз де қазіргі заман ағымына ілесе білуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке жылы лебізін жолдады.

Саида Мирзиёева кездесуге мүм­кіндік жасағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Сізге Өзбекстан Президентінің ізгі сәлемін жеткізуді зор мәртебе санаймын. Шавкат Миромонович Қазақстанмен көпжоспарлы ықпал­дастықты тереңдетуге ерекше мән береді. Сонымен қатар жоғары дең­гейдегі уағдаластықтар мен бірлескен жобалардың жүзеге асырылу бары­сын айрықша бақылауда ұстайды. Өзбекстан мен Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылық және орнықты даму жолында бірге жұмыс істеп жатыр. Оның нәтижесі байқалады. Біз бірлесе отырып, аймақ үнін жаһандық аренаға жеткізе аламыз. Өзбекстан бүгінде бауырлас Қазақстанда жүр­гізіліп жатқан өзгерістерді құптайды. Қазақстан – сенімді одақтасымыз. Бұл жайында ұдайы айтып келеміз, – деді Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы.

Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы серік­тестігін одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанда қолға алынған жүйелі саяси және әлеуметтік-эко­номикалық реформалар жөнінде пікір алмасу өтті.