Мемлекеттік басқару жүйесінің үштағаны

215

0

Фото: Ақорда

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өткен «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда сөз сөйледі.

Президент алдымен форумның ашылуымен құттықтап, қадірлі меймандарға арнайы келгендері үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ алқалы жиын тақырыбы бойынша айтылған өзекті ойлар мен құнды пікірлер міндетті түрде Үкімет назарында болатынын жеткізді. 

– Мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту – Қазақстан үшін алдыңғы қатар­дағы міндеттің бірі. Еліміз тұрақты дамуы үшін халық пен билік арасында өзара сенім және келісім болуы керек. Бұл – мызғымас қағида. Бірақ мұндай келісім өздігінен пайда болмайтыны анық. Қоғамдық келісім, бұл – көпқырлы табанды жұмыстың нәтижесі. Сондықтан мен Президент ретінде осы өте өзекті мәселеге баса мән беремін.

Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыра бастадық. Ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, арыз-шағымына дер кезінде жауап беру елдегі түбегейлі өзгерістердің өзегі саналады. Осы маңызды жұмысқа биліктің әр деңгейдегі өкілдері, соның ішінде министрлер, әкімдер, депутаттар белсенді түрде қатысуы керек. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің консти­туциялық міндеті, – деді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, кейінгі жылдары мемлекетіміз аса ауқымды құқықтық және қоғамдық жаңғыру жолына түсті. Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады.

– Біз өркениетті ел ретінде Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмы­сы­мыздың ажырамас бөлігіне айнал­дыруымыз керек. Барша азаматтарға, әсіресе, жастарға заңды құрметтеу, заңға бағыну қажет екенін қарапайым тілмен жан-жақты түсіндірген жөн. Заңды қадірлеу, тәртіпті қолдау, бұл – әр адамның жарқын өміріне жол ашатын маңызды шарт.

Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциямызда осы негізгі қағидат туралы анық жазылды. Қазақстанның Бас құжаты – барша азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғамның мызғымас тұғыры. Адам және оның өмірі – еліміздің Ата Заңына арқау болған басты құндылық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Конституцияда азаматтардың құ­қық­тары мен бостандықтарын сақ­тау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, халық­тың тұрмыс сапасын жақсарту мем­лекеттің басты міндеттері ретінде айқындалды. Бұл ретте Президент түптеп келгенде, жаңа тұрпатты ел болу жолындағы әрбір реформа, ең алды­мен, халықтың қалауымен, жұрт­шылықтың тікелей қолдауымен жаса­латынын, мұның барлығы бір сәтте жүзеге аспайтынын жеткізді.

– Өздеріңізге мәлім, мен 2019 жылы әкімшілік әділеттің жаңа үлгісін қабыл­дау қажеттігі жөнінде айттым. Бұл азаматтарымызды және кәсіпкерлерді билік өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін жасалған аса маңызды қадам болды. Ал 2021 жылы елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді.

Мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа тың серпін берген «е-Өтініш» онлайн платформасы іске қосылды, яғни, азаматтардың өтініш­терін мейлінше ашық әрі тиімді қарап, жедел шешім қабылдау тәсілі қалып­тасты. Бұдан бөлек, бұл жүйе бюро­кратиялық кедергілерді азайтуға және жұртшылықтың ой-пікірін ескеру­ге мол мүмкіндік берді. Осылайша, халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды. Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініштің келіп түсуі – соның айқын көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ еліміздегі сот тәжірибесі үшін де бетбұрыс кезеңі басталғанын атап өтті. Ашығын айту керек, бұған дейін азаматтар үшін мемлекеттік органдардың шешімдеріне және әрекеттеріне шағымдану, яғни, өз құқығын қорғау оңай болмайтын. Әкімшілік әділет жүйесі іске қосылған соң жағдай түбегейлі өзгерді. Ең бас­тысы, күмән тудыратын мәсе­лелердің бәрі әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешілетін болды. Ал соттар дәлелдеме жинау жұмысына ерекше мән бере бастады. Бұл – мемлекеттік органдар өздерінің шешімдерін және әрекеттерін заң жүзінде дәлелдеуге міндетті деген сөз.

– Статистикаға қарайтын болсақ, соңғы жылдары сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай шығарылған. Бұл да әкімшілік әділет жүйесінің нақты нәтижесі екені сөзсіз. Осылайша, қоғамымыз «судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды» деген қасаң пікірден арыла бастады. Әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын айқындайтын сынақ болды. Оның нәтижесі сотқа деген сенімнің арта түскенін көрсетті.

Әкімшілік әділет рөлі нығайып келеді. Кейбір азаматтар соттардың шешіміне наразылықтарын білдіріп, өз үміттері ақталмағандарын алға тартады. Бұл бұған дейін де болған, қазір де кездеседі. Мұндай шағымдардың көбі өкпе-ренішке немесе біржақты пікірге құрылады. Бірақ қандай жағдай болса да мұндай пікірлерді тексеріп, әділ шешім қабылдау керек. Сондықтан жаңа Конституцияда әкімшілік сот төрелігін сот ісін жүргізудің дербес нысаны ретінде бекітудің маңызы зор. Күн тәртібінде сотқа шағымданудың қасаң моделін сот ісін жүргізу тәуекелдерін стратегиялық басқаруға ауыстыру қарастырылып отыр. Үкімет қазірдің өзінде тиісті ережелерді әзірледі, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысының пайымынша, енді орталық және жергілікті деңгейде әкімшілік актілер мен рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз ету қажет. Бұрын келіп түскен шағымдар мен өтініштерде қаралған мәселелер қайтадан соттағы дау-дамай нысанасы болмауы керек. Әкімшілік тәжірибенің жүйелілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Жария құқықтық сипаттағы дау-дамайды әкімшілік сот төрелігі деңгейіне беру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Былтыр бұл қосымша құқықтық-нормативтік актілердің заңдылығын қарайтын істерді қамтыды. Бұған дейін мұндай дау-дамайға қатысты шешім азаматтық іс жүргізу нормаларына сәйкес қабылданып келген. Осының бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты іс жүзіндегі көрінісі екені күмәнсіз. Еліміз сот жүйесі және құқық қорғау саласындағы түбегейлі реформалармен қатар ауқымды экономикалық өзгерістерді жүзеге асыруда. Мұның мемлекетіміз үшін маңызы айрықша.

Іскерлік белсенділікті арттыру мақсатында, соның ішінде инвестициялық дауларды шешу үшін қолайлы құқықтық институционалдық орта қалыптасуда. Соның арқасында сот шешімдерінің 80 пайызына жуығы инвесторлардың пайдасына шығарылып жатыр.

– Мен отандық және шетелдік инвесторлармен кездесулер кезінде үнемі мына мәселеге айрықша назар аударамын: билік және бизнес өкілдері өзара сындарлы байланыс орнатуы керек, олар өзекті түйткілдерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірлесе отырып іздеуі қажет.

Билікте отырған лауазымды тұлғаларға тапсырмам: әр даулы жағдайда мәмілеге келетін жолды іздеу керек, бірақ бұл жол заңнама жүйесіне нұқсан келтірмеуі қажет. Басқа сөзбен айтқанда, әр келісімнің заңдық шектеуі болуға тиіс. Атап айту керек, кассациялық соттарды құру бастамасы дәл осындай жиынның бірінде көтерілген болатын.

Инвестиция тартудың тағы бір маңызды факторы бар. Астана халықаралық қаржы орталығында Сот пен Арбитраж орталығы ағылшын құқығы қағи­даттарына сай жұмыс істейді. Елімізде Үкімет жа­нынан Инвестициялық штаб құрылған. Аталған штаб соңғы уақытта инвестициялық жобаларға қа­тысты түйткілді мәселелерді жедел шешу арқылы өзі­нің тиімділігін көрсетті. Сонымен қатар Президент Жарлығымен Бас Прокуратурада Инвесторлар­дың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Біз іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға барынша мүдделі мемлекет ретінде осы саладағы жұмысты айрықша назарда ұстаймыз. Қазір Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша біздің аймақта көш бастап тұр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл орайда босаңсуға болмайтынын еске салды. Табанды жұмыс істеп, бұдан да биік белестерге ұмтылу керек. Бұған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Атап айтқанда, жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нақты нормалар қосылды. Соның ішінде қаржы саласына және «қарқынды дамитын қалаларға» арнаулы құқықтық режим енгізу туралы шешім қабылданды.

– Баршаңызға мәлім, мен жақында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға қол қойдым. Бұл маңызды құжатта «ақылды қалаға» тән дербес экожүйе қалыптастырудың құқықтық негізі бекітілді.

Арнайы құқықтық режим мемлекеттік басқару мүмкіндіктерін кеңейтуді, соның ішінде сот жүйе­сінің ерекше жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Ал­дыңғы қатарлы реттеу құралдары үздік әлемдік тә­жірибені енгізуге, озық инновациялық шешімдерді сынақтан өткізуге және осы бірегей жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға мүм­кіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – Алатау қа­ласын болашақтың цифрлық агломерациясына, жаңа технологияларды тарту орталығына айнал­дыру. Мемлекет бизнес өкілдерімен ашық, өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын.

Біз Заң мен тәртіпке бағынатын, баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз. Сондықтан сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беріп отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бірінші шілдеде еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енетінін, осылайша, Қазақстан өз дамуының шешуші кезеңіне қадам басатынын атап өтті.

– Мен бүгін бес конституциялық заңға қол қойдым. Бұл – жаңа Конституцияға сәйкес мемлекеттік басқару жүйесі «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде түбегейлі жаңғырады деген сөз. Осы құқықтық реформалар елімізде жасалып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге де тың серпін бермек.

Сөз соңында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті әзірлеуге және оның нормаларын жүзеге асыруға атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі басқосуда әкімшілік әділет институтын нығайтуға қатысты маңызды ойлар мен ұтымды ұсыныстар айтылады деп сенемін. Сондай-ақ мен бүгін Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына және еліміздің заңнамасын жетілдіруге елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа мемлекеттік награда беру туралы шешім қабылдадым. Баршаңызға құтты болсын деймін, – деді Президент сөз түйінінде.

Қ.ӘБІШ