Аға басылым өкілдері Арал мен Қазалыда

589

0

Аға басылым өкілдері Арал мен Қазалыда Киелі шаңырақта өз қолтаңбаларын қалдырып, журналистиканың абыз ақсақалына айналған Шәкірат Дәрмағамбетов, Жұмабай Жақып, Жаңабай Кемал және Жолдасбек Ақса­қалов бастаған аға буын өкілдері қызмет еткен жылдарындағы қызығы мен қиындығы қатар өрбіген кезеңдері жайлы естеліктерін ортаға салды.

– «Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік» деген сөз бар. Мен 1965 жылдан  1991 жылға дейін бұрынғы «Ленин жолы», бүгінде тарихи атауын қайтарған «Сыр бойы» газетінде жұмыс істедім. 25 жыл Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілші қыз­метін атқардық. Осы киелі шаңырақта 1979 жылы «Қазақ ССР мәдениет қайраткері» деген марапатын да алдық. Сын да жаздық, қоғам мәселесін қозғап, талай кемшілікті ашып көрсеттік. Сол арқылы біреуге жақпасақ та, халық батасынан артық бізге ештеңе керек болмады. Талай жастардың қанатын қағып, үлкен азаматқа айналдырған қасиетті ұстаханада қызмет жасағанымды мақтаныш етемін, – деді Шәкірат Дәрмағамбетов.

Сонымен қатар, «Сыр бойы» басылымының жас тілшілері Ержан Қожасов пен Айдана Жұмадинова және Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Абай Елеш сөз алып, газеттің бүгінгі тынысы мен ақпарат айдынының ауқымы жайын сөз етті.

Кездесуде КСРО және ҚР оқу ағарту ісінің үздігі Аманжол Жолмағанбетов пен №220 орта мектептің 11 сынып оқушысы, болашақ тілші Әсел Асылбек қонақтарға журналистикаға қатысты сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын айтты. Басқосуға жиналған қос басылымның тұрақты оқырмандары өз пікірлерімен бөлісіп, ізгі тілектерін жеткізді.

***

«Сыр бойы» және «Кызыл­ординские вести» газеттерінің 90 жылдығына арналған кездесу жиыны «Сыр­дың сырлы шежіресі» деген атаумен Қазалы ауданында жалғасты. Биыл аудандық «Қазалы» газетінің де жарыққа шыққанына 10 жыл толып отыр. Аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында өткен шараға Қазақстан Журналистер Ода­ғының мүшесі, ҚР білім беру ісінің үздігі Шарафадин ­Алтынбай, қаржы саласының зейнеткері Кемал Көпжасар, ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаздар ­Айжаһан Ысқақова, Қадірбек Бекетов және басылымның Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі Жұмабек Табынбаев,  оқырмандар қатысты.

Сыр елінің 90 жылдық тарихының куәгері қос басылым ақпарат таратуда ғана емес, елдің руханияты үшін де елеулі үлес қосқаны белгілі. Жиында «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов қос басылымның мерейтойы баршаға ортақ екенін атап өтті.

– «Сыр бойының» жылнамасында сан жылдар бойы ақпарат айдынында қалам тербеген аға-апаларымыздың еселі еңбегі бар. Қарт Қаратау мен айдынды Аралға дейінгі аумақта қалың елге танымал ақпарат өкілдері шығып, халыққа қызмет етті. Сол газеттің ұлы көші бүгінге дейін жалғасып, дәстүрлі жолымен, өз бағытымен елге қызмет етіп келеді, – деді басылымның бас редакторы. 

Бүгінде ғасырға жуық тарихы бар газетте бұрынғы мен бүгінгіні жалғайтын алтын көпір сынды аға буын өкілдері де қызмет етеді. Отыз алты жыл бойы «Сыр бойы» газетінде еңбек еткен Жолдасбек Ақсақалов ақпарат саласы өкілдерінің ел біле бермейтін қызу жұмысы, салмақты сын, маңыз­ды мақала жазу үшін журналистердің қандай тәуе­келге баратыны туралы сөз қозғады.

Журналист – қоғамның барометрі екені белгілі. Шерхан Мұртаза айтқандай, кейде қаламгерлер адамдардың жүрегіне – жігер, көзіне – нұр, көкірегіне – сәуле қосу арқылы әсер етеді. Жиында Шарафадин Алтынбай мемлекеттің мәңгілігі, тұрақтылығы мен бірлігі жолында еңбек ететін азаматтардың бір тобы – тілшілер қосыны екенін, бүгінде «Сыр бойы» газеті ел өмірінің айнасына айналғанын атап айтты.

Сондай-ақ, газеттің әр данасын сақтап, тіпті өзіне ұнаған мақаланы қиып алып, жинақтап жүретін оқырмандар бар. Айталық,  ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Айжаһан Ысқақова газет «Ленин жолы» деп аталатын кезден бастап бір санын қалдырмай оқитынын, тіпті Шәкірат Дәрмағамбетов, Қази Данабаев сынды қаламгерлердің мақалаларын жеке папкаларға жинақтағанын, басылым тәрбие сағаттарында басты көмекші құралы болғанын айтып берді. Тіпті, бір жолы газеттің басты бетінде қан майданда аяғынан айрылған соғыс ардагерінің суреті жарияланады. Бұл газеттің ардагер фототілшісі Болат Омарәлиевтің түсірген фотосы.

– Осы фото арқылы мен оқушыларға соғыстың елге қаншалықты қиындық әкелгенін, шайқастың шерлі шындығын түсіндіремін, тіпті мұны айтқанда көзіме жас келеді. Қанша жыл өтсе де газеттің сол бетін жоғалтпай, жылда Жеңіс күнінде балаларға көрсетемін, – дейді газет оқырманы.

Жылы, қызықты жүздесуде оқырмандардың газет материалдарынан шағын кітапша да құрастырғанын, әсіресе руханият бетінде жарық көрген мақалаларды іздеп жүріп оқитынын бағамдадық.

Сондай-ақ, жиында №90 Абай атындағы мектептің оқушысы Әлихан Махашов арнау өлеңін оқып, дәстүрлі әндер орындалды. Ғасырға жуық тарихы бар газет тілшілерінің оқырмандармен кездесу жиыны басқа аудандарда да жалғасын табатын болады.

Ержан ҚОЖАСОВ,

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

Қызылорда-Арал-Қазалы-Қызылорда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<