Көкірегі – көктем-жыр

954

0

Қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Тұңғыш кітап», «Жұлдызым жоғары», «Тіршілік ұясы», тағы басқа жыр жинақтарының, «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» атты он томдық еңбектің авторы, жерлесіміз Байбота Қошым-Ноғайдың 70 жылдығына арналған «Көкірегі – көктем-жыр» атты әдеби-сазды кеш А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өтті.

Әдеби кеш ақынның балалық шағы туралы әсерлі  қойылымнан бастау алып, әрі қарай поэтикалық шығармашылығын насихаттауға ұласты. Кешті жазушы-драматург, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат-Әлмашұлы жүргізіп, мерейтой иесінің адами болмысы, ақындық таланты, шығармашылық шеберлігі туралы әдемі ой өрбітіп отырды.

«Байбота Қошым-Ноғай – қазақ поэзиясына реформация жасаған аз ғана ақындардың бірі. Оның ізденістері өзінің тұстастарына һәм өзінен кейін қазақ жырына келгендерге едәуір кеңістік сыйлады. Өлеңнің тың пішіндерінің өркен жайып, өрісі кеңеюіне ықпал етті» деп баға берген екен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ахмет Өмірзақ. Сондай-ақ  Сырдың әйгілі шайыры Шәһизада Әбдікәрімов ағамыздың:

– Сөзімнің татауы жоқ, татымы көп,

Тұрады айтқанымның атымы кеп.

Басымды Байбота ағам бағалаған,

Алаштың таңғажайып ақыны деп,

– деген өлең жолдары да оның қазақ әдебиетіндегі өзіндік биіктігін байқатса керек.

Кешке арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев қалам иесінің қазақ поэзиясындағы өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті. Сондай-ақ шаһар басшысы Н.Ахатовтың құттықтау хатын табыстап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Қаршыға Есімсейітова ақынға ҚЖО басқарма төрағасы М.Құлкеновтің құттықтауын жеткізіп, иығына шапан жапты. Сонымен қатар, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленова, балалар ақыны, педагогика ғылымдарының докторы Рахат Наурызбаева жүрекжарды лебіздерін білдіріп, сый-сыяпат табыстады.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, сатирик жазушы Нұрмахан Елтай, ақын Елубай Әуезов, Қуат Адис, жас ақын Бексұлтан Санақұл мерейтой иесіне тілегін жыр жолдарымен жеткізді. Сондай-ақ Сыр елінің белгілі азаматтары Айтбай Көшербаев, Өлмесхан Болатбеков туған жеріне келіп, талғамы биік оқырманмен жүздесіп, керемет кешке арқау болып отырған  ақынға ақжарма тілектерін арнады.

Байбота Қошым-Ноғай – балалар әдебиетіне үлкен үлес қосқан ақын. Ол көптомдықтан бөлек, «Әліппе» оқулығының да жаңа үлгісін әзірлеп шығарды. Өлеңдерін бүгінге дейін бірнеше буын жас өрендер жатқа оқып келеді. Соның бір көрінісі, осы кеште қаладағы С.Сейфуллин атындағы №4 IT лицей оқушылары оның балаларға арналған жырларын жатқа оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Ақынның балалық шағы мен жастық кезеңін сомдап, лирикалық сезімге толы өлеңдерін мөлдірете оқып, поэзияның пайым-парасатын  танытқан қалалық Жастар театрының шығармашылық ұжымына кеш қонақтары, қарапайым оқырман қауым зор қошемет білдірді.

Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Байбота Қошым-Ноғай қорытынды сөз алып, туған жер төріндегі жарқын жүздесуге келіп, шығармашылығына шынайы құрметін білдірген қалың оқырманға, кешті ұйымдастырған ел азаматтарына алғысын айтып, тебіреніске толы сезімін жыр шумақтарымен жолдады.

Айта кетуіміз керек, ақынның жары Қалима Мұқажан Байбота Қошым-Ноғай шығармашылығы жайында «Профиль», «Анфас» атты екі кітап шығарған. Кеште сөз алған ол ақынын ардақтаған туған жерінің халқына ізгі ілтипатпен алғысын білдірді.

Кеш соңында ақынның «Үлпет» атты жаңа кітабының тұсауы кесіліп, бірнеше кітабы көрерменге сый ретінде ұсынылды. Әдеби кешті қала өнерпаздары  ән-күймен әрледі. Ал кештің қорытынды сәтінде авторды қалың оқырман қаумалап, кітаптарына қолтаңба жаздырып алып жатты.  Иә, қалам иесіне деген құрметтің ең үлкені осы болса керек.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<