Әлеуметтік бейімдеудің әлеуетті қолдауы

291

0

Кейінгі екі жылда облыста қылмыстық жазасын өтеген және пробация қызметі есебінде тұрған азаматтар арасында қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқандар аз емес. Бейсенбіде қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталығында олардың жұмысын насихаттау үшін арнайы іс-шара ұйымдастырылды.

Жиынды ашқан орталық басшысы Бақыт Нұртазаев мемлекет тарапынан мұндай санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлік қызметін жүргізуге жоғары деңгейде қолдау көрсетіп жатқанын жеткізді. Бүгінде еліміздің Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты мемлекеттік мекемелерден жазасын толық өтеп шыққан, пробация қызметі мен облыстық полиция департаментіне қарасты жергілікті полиция қызметінің есебінде тұрған 245 адам бар. Олардың 47-сі қылмыстық жазасын өтеген азаматтар болса, қалғанын пробация қызметінің есебінде тұрғандар құрайды.

– Олардың қоғамға бейімделіп кетуіне жағдай жасау – негізгі міндетіміз. Биыл қайтарымсыз грант алуға 15 азамат ниет білдірді. Қазіргі таңда «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша оқу сертификатын алған 12 адамның 6-ы өзінің бизнес-жоспарын қорғап шықты. Алдағы уақытта олардың өз кәсібін дамытуына қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ аталған санаттағы 54 адам еңбек етуге мүмкіндік алса, оның ішінде 26-ы квота, қалғаны ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылған. Жалпы, олардың қоғамға толық бейімделіп кетуіне қолайлы жағдай жасау үшін тиісті мекемелер тарапынан нақты іс-шаралар жүргізілуі керек. Алда нәтиже істер толыға түседі деген сенімдемін, – деді орталық басшысы.

Іс-шарада Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев, қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ердәулет  Жаукеев және өзге де азаматтар ой-пікірін білдірді.

Мұнда мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз грант алған азаматтардың жасаған бұйымдары мен өнімдері қойылған көрме өткізілді. Олардың бірқатары мал шаруашылығымен айналысып, өнім өндіруде. Енді бірі кондитерлік өнімдер арқылы пайда тауып жатса, көкөніс-бақша дақылдарын өсіріп жатқандары да бар. Сондай-ақ қолдан жасалған тоқыма бұйымдары да көздің жауын алады. Тіпті, тақтай бетіне өрнектеп сурет салған шеберлер де бар.

– Біз секілді азаматтарға мемлекет тарапынан көптеген көмек жасалуда. Ендігі кезекте адал жолмен нәпақа тауып, кіріс көзін молайтуға күш саламын. Бұл мақсатта орталық тарапынан бізге тиісті деңгейде қолдау көрсетілуде, – дейді олардың бірі.

  ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес орталық мамандары учаскелік комиссия мүшелерімен бірге қылмыстық жазасын өтеген 20 адамның тұрмыстық жағдайын зерделеп, оларға бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Әрқайсысы 55380 теңге қаржылай көмек алған.  Сондай-ақ жыл басынан бері жазасын өтеген 14 адам белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдардың уақытша болуына арналған орталығына орналастырылса, 23 адамға атаулы әлеуметтік көмек берілді. Салауатты өмір салтын насихаттау бағытында 3 мәдени-спорттық шара ұйымдастырылған.

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерде 7 мәрте «Қақпа алдындағы кездесу» шарасы болған. Пробация есебінде тұрған 15 адам еңбекке баулу мақсатында қаладағы пластик терезе шығаратын цех жұмысымен танысып үлгеріпті.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<