Әрбір мәселе елмен пікірлестікте екшеледі

814

0

Аймағымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Әлназарова Қазалы ауданында болды. Олар аудан тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік нысандарды аралады.

Сенаторлар алдымен Әйтеке би кентінде салынған емханаға барды.  Қазалылықтарға жаңадан пайдалануға берілген нысанда бір ауысымда 250, күніне 500 науқасты қабылдауға болады. Мұнда заман талабына сай  соңғы үлгідегі фиброгастроэндоскопия, Лор комбайн, электроэнфалография секілді құрылғылар бар. Орталықта 52 дәрігер, 120 орта буын қызметкер жұмыс істейді.

Депутаттар келесі кезекте 140 орындық балабақша мен Сырдария өзенінің «Қарлан» учаскесіндегі темір-бетон көпірінің құрылысымен танысты. Көпір аудан территориясында «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16 шақырымы Қарлан елді мекенінде салынбақ. Нысанның жалпы ұзындығы 2,5 шақырым болады деп жоспарланса, оның ішінде көпірдің ұзындығы 248,29 метр. Қазіргі таңда «СтандартОйлКзо» ЖШС құрылыс жұмыстарына кірісіп кетті.

Сонымен бірге, сенаторлар егін алқабында болып, егіншілермен сөйлесті. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қалыпты нормада ұстап тұру үшін қабылданып жатқан шаралар жайын баяндады. Биыл 17402 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылын орналастыру межеленіп, жоспар 100 процент орындалған. Оның 2365 гектарына бау-бақша өнімдері егілген.

Жұмыс сапарында депутаттар Жанкент ауылына ат басын тіреп, жұртшылықпен кездесті. Олардың әлеуметтік мәселеге қатысты ойларын тыңдады. Кездесуде жанкенттіктер әйелдердің зейнет жасын қысқарту жөніндегі ұсыныстарын айтты. Бұл жөнінде Мұрат Бақтиярұлы заң жобасы қаралып жатқанын, жыл аяғына дейін өз шешімін табатынын жеткізді.

Өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ғалым Әміреев облыстық филиал жанынан құрылған партиялық мониторинг және бақылау тобының мүшелерімен бірге қаладағы бірқатар сауда орындарындағы азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жасады.

Шара барысында тұрғындар көп тұтынатын азық-түлік өнімдері бағаларын шекті бағадан қымбаттатпау қажеттігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, баға негізсіз көтерілген жағдайда жергілікті атқарушы ограндар тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілетіндігі ескертілді.

Мониторинг барысында Ғалым Әміреев әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыру бағытында ұсыныстарын айтты.

– Соңғы төрт айдың ішінде азық-түлік бағасына байланысты көптеген әңгіме болды. Соның ішінде қант бағасының күрт қымбаттауы халықты алаңдатты. Бүгін біз «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік» корпорациясымен жыл аяғына дейін бағаны тұрақты ұстау мәселесіне келістік. Әрине, жыл бойы бағаны тұрақты ұстауға тұрақтандыру қорындағы қаржы жетпейді. Сондықтан алдағы уақытта мұндай жағдайлар қайталанбас үшін баға өспей тұрып, қай азық-түлік бағасы көтерілуі мүмкін алдын ала мониторинг жасап отыру жөнінде ұсыныс айттық, – деді ол.

Мониторингтік топ сондай-ақ оқушылардың мектеп формалары, оқу құралдары мен кеңсе заттарының бағасын да бағамдап, кәсіпкерлерге көпшілікке қолжетімді етуді айтты. Сонымен қатар кәсіпкерлер тарапынан бағаны тұрақтандыру бағытындағы ұсыныс-пікірлері тыңдалып, назарға алынды.

Атап өту керек, қазіргі таңда әлеуметтік дүкен сөрелерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне тапшылық жоқ. Қант бағасы 444 теңге көлемінде сатылуда.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<