Әріптестікке негізделген ауқымды жұмыс атқарылады

239

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Татарстан Республикасына жұмыс сапары кезінде осы елдің басшысы Рустам Миннихановпен кездесті.

Кездесуде ортақ жобаларды жүзеге асыру туралы келіссөз жүргізілді. Татарстан тарапы ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларға қызығушылық танытты.

Рустам Минниханов қалалар экономикалық өсу мен инновацияның қозғаушы күшіне айналатынын, халықаралық ынтымақтастық тәжірибе алмасуға ықпал ететінін атап өтті.

Татарстан – Ресей Федерациясының жетекші, индустриалды және инновациялық аймақтарының бірі.

Алдағы уақытта әріптестікке негізделген ауқымды жұмыстар атқару жоспарлануда.

Айта кетейік, Татарстанға сапары барысында Нұрлыбек Нәлібаев Қазандағы әйгілі «Кул Шариф» мешітінде болды. Одан кейін «Ак Барс» спорт кешенінде балуандар бәсекесін тамашалады.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Иннополис қаласына барды. Қала мэрі Дмитрий Вандюковпен және Иннополис университеті директорының орынбасары Искандер Бариевпен кездесіп, экономикалық аймақтың, заманауи білім ордасының жұмысымен танысты.

Кездесуде ғылым мен IT технологияларды дамыту, жасанды интеллект пен робототехника саласындағы инновациялық аумақтар құру тәжірибесін бөлісу, осы бағытта ынтымақтастық орнату мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, Сыр өңірі ІТ мамандарының, студенттердің тәжірибеден өтуі жайында келіссөз жүргізілді.

Иннополис университетінде 1000-ға жуық ІТ саласының болашақ мамандары білім алуда. Жоғары оқу орны ақпараттық технологиялар және робототехника саласындағы білім беруге, зерттеулерге маманданған. Заманауи ЖОО-да барлық академиялық бағдарлама ағылшын тілінде жүргізіледі, ал мамандықтар ақпараттық технологиялармен тығыз байланысты. Ресейдегі 300-дей жетекші IT компаниямен біріккен 17 зертханасы, 9 даму орталығы бар.

Ресей Федерациясындағы ақпараттық және жоғары инновациялық технологияларды дамыту үшін құрылған қалашықта озық инновациялық шешімдер әзірленеді және коммерцияланады. АЭА-ның негізгі нысаны – технопарк кеңселері мен даму орталықтары бар заманауи, көпфункционалды кешен. Мұнда IT компаниялардың дамуына барлық қолайлы жағдай жасалған, жаңа перспективалы жобалар да, ірі ресейлік және халықаралық IT компаниялар да шоғырланған. АЭА алаңының жалпы аумағы – 311 гектар.

Делегация Башир Рамеев атындағы ІТ паркке арнайы барды. Парк базасында коворкинг, цифрлық кітапхана, балалар технопаркі, стартап хаб, киберпарк аренасы және т.б. бар.

Жалпы жұмыс сапары барысында облыс әкімі серіктестік қатынастарды кеңейту арқылы әлеуметтік-экономикалық дамуға, ауыл шаруашылығын, сауда-саттық пен инвестицияны, кәсіпкерлік саласын ілгерілетуге жол ашылатынын атап өтті. Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаев көрсетілген қонақжайлыққа алғысын білдіріп, ынтымақтастық пен екіжақты байланысты кеңейту бағытындағы жұмыс жалғасатынын айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<