Қызылордадағы ірі өндіріс ұжымында еңбек адамының әл-ауқаты, ауыл шаруашылығының келешегі және өңірдің экономикалық дамуы ашық талқыланды.
«Әділет» партиясының Қызылорда облыстық сайлауалды штабының мүшелері мен Құрылтайға үміткерлер өндіріс орнында еңбеккерлермен жүздесіп, сайлауалды бағдарламадағы нақты бастамаларды таныстырып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесу «Абзал и К» толық серіктестігі ұжымында өтті. Басқосуға облыстық сайлауалды штаб мүшелерімен бірге Құрылтайға үміткерлер Мұрат Әбенов, Нұркен Бақытбекұлы және Мағжан Ералиев қатысты.

Жиныда еңбек адамын әлеуметтік қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру, өңірлік өндірісті дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бастамалар кеңінен таныстырылды.
Мұрат Әбенов өз сөзінде ел экономикасының тұрақты дамуы ең алдымен еңбек адамының жағдайына байланысты екенін атап өтті.
«Еңбек еткен адамның еңбегі әділ бағаланып, әлеуметтік қорғалуы қамтамасыз етілгенде ғана экономика тұрақты дамиды. Сондықтан еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру және адал еңбекті ынталандыру – басты міндеттердің бірі», – деді ол.
Өз кезегінде Нұркен Бақытбекұлы ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы стратегиялық маңызына тоқталды.
«Аграрлық секторды дамыту – тек ауылдың ғана емес, тұтас өңірдің әл-ауқатын арттырудың негізі. Мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, өнім өндірушілерге қолжетімді қаржыландыруды кеңейту, су ресурстарын тиімді пайдалану және ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту – басты бағыттардың қатарында», – деді үміткер.
Ал Мағжан Ералиев өндіріс орындарындағы еңбек ұжымдарымен ашық диалогтың маңызын атап өтті.
«Кез келген бағдарлама халықтың нақты сұранысына негізделуі тиіс. Сондықтан еңбек ұжымдарының ұсыныстары мен пікірлері алдағы жұмыстарды жетілдіруге негіз болады. Әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмайды», – деді ол.

Кездесу барысында ұжым қызметкерлері еңбек қатынастары, әлеуметтік қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, жұмыспен қамту және өндірісті өркендетуге қатысты партияның әрбір бастамасы өз пікірлерімен үдесіп жатқанын тілге тиек етіп, «Әділет» партиясын қолдайтындықтарын жеткізді. Штаб өкілдер ұжым мүшелерімен пікір алмасып, өзге де ұсыныстарын назарға алды.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі. «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров





