Ағайындылар өткен ауыр жол

579

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың немере туысы Амандық Шәймерденұлымен кездесу өтті. Ол – Байтұрсынның үлкен ағасы Ақтастың немересі.

Кездесуде Ресей империясының Торғай даласындағы отаршылдық саясатына қарсы шыққан Байтұрсын мен Ақтастың абақтыға жабылуы, ұлт ұстазы Ақаңның балалық шағы, мемлекет қайраткері болып қалыптасуы кезеңі туралы естеліктер айтылды.

Ақтас болыстыққа үміткер болған екен. Байтұрсын Торғай уезінің бастығы Яковлевтен сайлаудың ешкімге бұрмай әділ өтуін талап етіпті. Сол үшін Яковлев оны жерден алып, жерге салып, боқтық сөзбен тілдепті. Содан ағасы Байтұрсынға тіл тигізгені үшін Сабалақ жиналып тұрған ағайын арасынан атымен тебініп шығып, Яковлевті қамшымен тартып жіберіпті.

Сол жерде Яковлев ағайынды Ақтас, Байтұрсын, Сабалақты қасындағы атты казактарына ұстатып, түрмеге жауыпты. Сот үкімі шығып, ағайындыларды 15 жылға Сібірге айдап жібереді. Сотталғандармен Ақтастың бәйбішесі Үбіжан еріп барып, Колыманың лагерінде бірге болған. Сабалақ жолда солдаттардың оғынан өліп, Үбіжан бірнеше жылдан кейін Якутияда ауырып, қайтыс болған екен. Колымада он жеті жыл отырып, Ақтас пен Байтұрсын 1902 жылы елге оралыпты.

Сол кезде-ақ, оязды ұрып, сотталған деген аты мәлім болған екеуін Шығыс Қазақстанның шетіндегі қазақ ауылдары құшақ жайып қарсы алып, қонақасы беріп, елдеріне жеткенше құрметтеген екен. Осындай құрметті көріп, туған ауылдарына бір жарым жыл жүріп жеткен. Торғайға келгенде ел жақсы қарсы алып, кейбір болыстықтар жүйрік ат сыйлапты. Сол жүйріктердің бірі Байтұрсынға сыйланған Ақжелең атты тұлпар екен. Ол Торғайда өткен талай ат жарысында бәйге алыпты.

Ахаңның әкесі Байтұрсын 1909 жылы дүниеден өткенде Қарпық жырау жоқтау шығарыпты. Ол жоқтау бертінге дейін ел арасында айтылып, кейін ұмытылса керек. Байтұрсын қайтыс болғанда үмбетейлер үлкен ас беріп, Ақжелең жүйрікті «Байтұрсыннан артық па» деп құрбандыққа шалған екен.

Ахаңның анасы Күңші 1919 жылы өмірден өтіпті. Жерленгенде өзі өсірген түйесі бейіттің басына шөгіп жатып алғанын, көзінен жас аққанын көрген жұрт бірге жылаған екен. Ақтас сексенге келіп, 1920 жылы қайтыс болыпты.

Жиында Ахмет Байтұрсыновтың туыстары Қаршыға, Мәлік ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы оқу-ағартушылық қызмет, Алаш қайраткерлері Ахмет Бірімжанов, Міржақып Дулатов, Нәзипа Құлжанова сынды тұлғалардың өнегелі өмірі туралы ел ішінде сақталған тарихи тың деректерді бөлісті.

Іс-шараға қаладағы А.Байтұрсынов атындағы №211 мектеп-гимназиясының, №271 қазақ орта мектебінің ұстаздары, музей қызметкерлері және Арқалық қаласынан келген қонақтар қатысты.

Биболат СӘТЖАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<