Аграрлық салада өсім де, өзекті мәселе де бар

380

0

Кеше VIII сайланған облыстық мәслихаттың кезекті екінші сессиясы болып өтті. Сессияға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма, салалық мекемелер басшылары қатысты.

Күн тәртібінде барлығы 15 мәселе қаралды. Депутаттар алдымен облыстың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты дауыс берді. Бұл жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында кеңінен тоқталып өткен болатын.

Аймақтың агроөнеркәсіп саласы тұрақты дамып келеді. Оған мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар өз септігін тигізді. Былтыр аталған саладағы жалпы өнім 178,1 млрд теңгені құрады. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға артық. Тамақ өнімдерін өндіруде де өсім бар. Негізгі капиталға салынған инвестиция 9,9 млрд теңгеге жетті.

Облыстың егіншілік мәдениеті түгелдей суармалы жүйеге бейімделген. Былтыр өңірде 188,5 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Ол 2020 жылмен салыстырғанда 4,2 мың гектарға артық.

Жылма-жыл кездесіп жүрген су тапшылығына байланысты әртараптандыру бағытында нәтижелі жұмыстар қолға алынды. Қазір өнімділікті арттыру жағдайына көңіл бөлініп отыр. Нәтижесінде күріш көлемін сақтай отырып, өнім деңгейі 2,2 центнерге артты. Әртараптандыру бағытында майлы, азықтық, картоп, көкөніс-бақша дақылдарын өндірістік негізде ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Агроөнеркәсіп кешені бойынша 2020-2022 жылдар аралығында 4,5 млрд теңгенің 32 инвестициялық жобасы іске қосылды.

Облыстың агроөнеркәсіп кешенінде әлі де шешімін таппаған проблемалар бар. Картоп, көкөніс-бақша дақылдарын өндірістік негізде өсіру көлемі ойдағыдай емес. Оған қоса көпжылдық жеміс ағашы мен жүзім өсіру кемшін түсіп тұр. Олардың барлығы дерлік қатардағы тұқыммен егіліп келеді. Бұл өнімділіктің төмендеуіне және сапасының нашарлауына әсер етуде. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен аудандарда күріш пен сүттен өзге өнімдерді өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Олардың өнімі халықаралық стандарттарға сәйкес келе бермейді. Кейбірі толық қуатында жұмыс жасауға қауқарсыз. Жылыжай шаруашылығының дамуы өз деңгейінде емес.

Баяндамадан соң облыстық мәслихат депутаттары өз ұсыныс-пікірін жеткізді. Атап айтқанда, Аманжол Оңғарбаев, Жорабек Нұрымбетов,  Мақсұт Нәлібаев сүт және ет өндірісі бағытында алынатын малдың кімге және қандай шартпен берілетінін сұрап,  жайылымдық жерлерді егістік жерлерге ауыстыру жөнінде комиссия құру туралы пікірін білдірді. Сондай-ақ, шағын шаруа қожалықтарын біріктіру, су пайдаланушылар кооперативін құру, скважиналарға инвентаризация жасау жөнінде ұсынысын айтты. Ал Бақдәулет Мақашев шаруашылықтарға, егінге бөлінетін жанар-жағармайдың квотасын көбейту, Әмірбек Шаймағамбетов Жалағаш ауданына қарасты Жаңадария, Қаракеткен және Аққыр елді мекендерінде күріштен өзге дақылдарды егуге назар аудару қажеттігіне тоқталды.

Ал депутат Жангелді Ысқақ Шиелі ауданындағы Жансейіт, Бестам, Жаңақорған ауданының тау беткейдегі ауылдарда жайылымдық жердің тапшылығы мен су мәселесі жайында ойын білдірсе, Орынбасар Төлепов қант қызылшасын егу және оны өңдейтін ірі зауыт қажеттігін айтты. Жұмабек Ембергенов суды көп қажет етпейтін дақылдарды егу, Ібайдулла Тілеп егістікке берілетін жанар-жағармайдың лимиті жөнінде ұсыныс-пікірін жеткізді.

Облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов жергілікті бюджет нақтылау қорытындысымен 592 млрд теңгеге жеткенін айтып, Президент, Үкімет басшылығы мен облыс әкімдігіне алғыс білдірді.

– Қазіргі таңда облыс бюджеті 592 млрд теңгені құрап отыр. Бұл Мемлекет басшысы мен Үкімет көрсеткен қолдаудың, аймақ басшысының жүйелі жұмысының нәтижесі деп білеміз, – деді Н.Байқадамов.

Облыстық мәслихат сессиясын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қорытындылады.

– Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өңірде әлеуметтік-экономикалық жағдай қалыпты. Негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім қалыптасты. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 4,6, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,7, инвестиция тарту 52,2, құрылыс жұмыстарының көлемі 38,7, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,9 және сауда көлемі 2,1 пайызға артты, – деді облыс әкімі.

Бұл қаржы өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталмақ. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандырудың шығындарына және әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалады. Жылу-энергетикалық жүйені жаңғырту, «Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жылу энергетикалық қондырғыларын дамыту жобаларына көңіл бөлінеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биыл облыста облигациялық қарыздар есебінен 12 әлеуметтік тұрғын үй құрылысын салу үшін мемлекеттік бағалы қағаздар  шығаруға, Қызылорда қаласының сол жағалауындағы тұрғын үй құрылысына және инженерлік инфрақұрылым желілерін тартуға қосымша қаржы бағыттамақ.

Сондай-ақ, қаржы денсаулық сақтау нысандарының құрылысына, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға, көлік инфрақұрылымын, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендерді, су және жылу желілерін дамытуға бөлінеді.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<